• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Қазақстан боксшылары алтын жүлде туралы ойларын айтты (ВИДЕО)

    Бүгін – Өзбекстанның Ташкент қаласында бокстан ересектер арасында өтіп жатқан әлем чемпионатында демалыс күні. Боксшылар тынығады. Ал ертең күні бойы жартылай финалдық жекпе-жектер болады.

    Кеше ширек финалда жеңіске жеткен Қазақстанның ұлттық құрамасының боксшылары алдағы жекпе-жектері туралы ойларын айтты.

    Команда капитаны 71 кг салмақта өнер көрсететін Асыланбек Шымбергенов жаттықтырушылардың тактикасын дұрыс орындағанын, енді әрі қарай жеңіс тұғырынан көрінуге бар күш-жігерін салатынын атап өтті.

    Асыланбек ¼ финалда франциялық Макано Траорені жеңген болатын. Бұл кездесу аса тартысты және қызықты болды. Енді Шымбергенов ертең шаршы алаңда Үндістанның өкілі Нишант Девпен қолғап түйстіреді. Үнді боксшысы кубалық Хорхе Куэльярды ұтып, жартылай финалға шықты.

    Биылғы додада үнді елінен үш былғары қолғап шебері ½ финалға жолдама алды. Олар –  Дипак Бхория (51 кг), Мұхаммед Хуссамуддин (57 кг) мен осы Нишант Дев (71 кг). Үшеуі де осал боксшы емес. Дипак Бхория Сәкен Бибосыновты жеңіп, одан кейін де қарсыластарын аса қиналмай ұтқан спортшы. Мұхаммед Хуссамуддин де жарысқа жақсы дайындалып келіпті. Ал Асыланбектің қарсыласы Нишант жартылай финалда отандасымызды жеңіп, әрі қарай финалда алтын жүлде алып қайтамын деп ашық айтып отыр.

    Ол кешегі жекпе-жектен кейін берген бір сұхбатында:

    Барлық төрешілер бірауыздан маған ұпай санап берді. Кубалық боксшыны осылай айқын басымдықпен ұттым. Біздің стратегия – бірінші раундтан бастап қарсыласқа қысым көрсетіп, психолигиялық жағынан жеңу. Мен осы тактиканы жартылай финалда, одан кейін финалда да қайталаймын. Үндістанға алтын жүлдемен қайтамын, –  деді ол.

    Оның сөзіне қарағанда, Шымбергеновты аса қиналмай ұтатын сияқты. Не десек те ертең шаршы алаң бәрін көрсетеді. Ал біз боксшымызға тек сәттілік тілейміз. Өзі айтқандай, жеңіс тұғырынан көрінуге бар күш-жігерін салуы тиіс.

    Осы жекпе-жекте команда капитанының жолы болса, ол финалда Сайджамшид Джафаровпен (Өзбекстан) немесе Уондерсон де Оливейрамен (Бразилия) қолғап түйістіреді.

    Кеше Қазақстан құрамасынан 67 кг салмақтағы Дулат Бекбауов та келесі кезеңге шықты.

    Әлем чемпионатын залдан қарап отырған қазақстандық жанкүйерлердің айтуынша, жергілікті халық оның жекпе-жектеріне дүрбі салып отырған көрінеді. Өйткені, Бекбауовты көпшілік біле бермейді. Оны жұмбақ боксшы деуге болады. Оның қарсыласы – грузиялық Лаша Гурули. Бұл жігіт осымен екінші рет қатарынан әлем чемпионатының жартылай финалына шығып отыр. Ол 2021 жылы Сербияның Белград қаласында өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері. Былтыр Ереванда болған Еуропа чемпионатының финалына жетіп, күміс медаль алған. Сондықтан Дулатқа грузин боксшымен жекпе-жек оңай болады деп айта алмаймыз.

    Ал Бекбауовтың өзі алтын медальдан үмітті екенін жасырмайды. Ол кешегі ширек финалдан кейін мексикалық Мигель Анхель Мартинесті айқын басымдылықпен ұтқанын, осымен тоқтап қалмайтынын, міндетті түрде жеңіске жететінін айтты.

    Ассалаумағалейкүм, қазақ елі! Міне, бүгін тағы да екінші кездесуімде жеңіске жеттім. Өте тартысты жекпе-жек болды. Бірінші раундта 3:2 есебімен ұтылып жатсам да жаттықтырушылардың қойған тактикасын ескеріп, жеңдім. Оларға рахмет! Қазақ еліне алғысым шексіз. Өте жақсы қолдау көрсетіп жатыр. Біздің Қазақстан бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышев ағамызға да рахмет айтқым келеді. Ол тікелей бізге хабарласып, мотивация беоіп жатыр. Құдай қаласа, осымен тоқтап қалмаймыз. Бұл әлем чемпионатына біз әлтын медаль алу үшін келдік. Иншалла, алтын жүлдемен қайтамыз, –  деді ол.

    Егер Дулат Бекбауов қарсыласын ұтса, ол Асадхужа Муйдинхуджаев (Өзбекстан) пен Баттомориин Мишилт (Моңғолия) арасындағы айқастың жеңімпазымен шаршы алаңға шығады.

    Ұлттық құрамада сенім артылып отырған боксшының бірі — Махмұд Сабырхан да жартылай финалға шықты.  Ол 54 кг дейінгі салмақта ганалық Мұхаммед Амадудың алдын орап кетті. Осы айқастан кейін Сабырхан ганалық спортшыны уақытынан бұрын жеңуге болатынын айтты.

    Жекпе-жекті уақытынан бұрын жеңуге болатын еді. Өз стилімде бокстастым. 1/8 финалда қарсыласым мықты болды. Оны жасырмаймын. Сол айқаста қабағым жарылып қалды. Сол себепті қабағыма соққы тигізбей, тек ұпайды түгендеп жүрдім. Үш раундты өте жақсы өткіздім деп ойлаймын. Әлі шаршаған жоқпын. Бейсенбі – демалыс. Оған дейін қабағымды емдеп, келесі жекпе-жекке дайындаламын, – деді Махмұд.

    Махмұд Сабырханның қарсыласы – кубалық Йосвани Вейтиа. Бұл боксшы жеңіл салмақтағы спортшылардың «ардагері». Қайсыбір жылдары ол 52 кг салмақта Олжас Сәттібаймен де жұдырықтасқан. Сол кезде оны Олжас ұтқан. Сол Вейтия қолғабын шегеге әлі ілмепті. Салмағын да 54 кг ауыстырып алыпты. Біздің боксшылар бір салмақпен он, он бес жыл жүре берсе, Кубада ондай жоқ. Жасына, тәжірибесіне қарай салмағын да өсіріп отырады. Егер Құдай қалап, Махмұд кубалықтан айласын асырса, Дмитрий Двали (Ресей) пен Ойбек Джураевтың (Өзбекстан) жекпе-жегінің жеңімпазымен кездеседі. Ал бұл екеуі де осал емес. Біріншісінің артында Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығының перзиденті ресейлік Умар Кремлев бастаған топ тұрса, екіншісі өз жерінде қолғап түйістіріп жатыр.

    Биылғы додада Ресейден де Өзбекстаннан да жартылай финалға біраз боксшы шықты. Ресейден алты спортшы шықса, Өзбекстаннан тоғыз былғары қолғап иесі ½ финалға жолдама алды. Сонда да «алтын көрсе періште жолдан таяды» демекші, бұл елдердің алтын медаль алуға үміттері өте зор.

    Жартылай финалға ел үмітін арқалап шығатын боксшымыздың бірі 80 кг салмақтағы Нұрбек Оралбайдың қарсыласы – ресейлік Имам Хатаев.

    Нұрбек ширек финалда иорданиялық Хуссейн Эйшаишты ұтып, Аммандағы Азия чемпионатында кеткен есесін қайтарды. Енді ол жартылай финалда 2020 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегерімен рингке шығады. Имамның ұлты– шешен. Жалпы, Ресей құрамасында кавказдықтар басым. Имам 2014 жылы студенттер арасында өткен әлем чемпионатын жеңіп алған. Содан бері әуесқой бокста Ресейдің нөмірі боксшыларының бірі.

    Нұрбекке Ресей боксшысымен жекпе-жек оңай болмайын деп тұр. Дегенмен Оралбай да қайтпайды екен. Ол «Алла қаласа, елге алтын жүлде алып келеміз», –  деп айтты.

    Сонымен бірге 1/4 финалда ұлттық құраманың 48 келі салмақтағы өкілі Санжар Тәшкенбай жапониялық Казумо Аратакені жеңіп, бірінші орын алуым керек деп алдына мақсат қойып отыр екен.

    Ассалаумағалейкум! Ойдағыдай жартылай финалға шықтық, жеңіске жеттік. Бұл қарсыласпен екінші рет кездесіп тұрмын. Бапкерімізбен тактика құрып, Аллаға шүкір, ол орындалды. Қолдауларыңызға рахмет, оны сезініп жатырмын! Бұйырса, мұнымен тоқтамаймыз. Бірінші орын алып келу керек! –  деді Санжар.

    Ертең Санжар Тәшкенбай ресейлік Эдмонд Худоянмен шаршы алаңға шығады. Ертең демекші, судьялардың бүйрегі Худоянға бұрып кетпесе Санжар финалға шығуы тиіс. Біз 48 кг салмақта жарқырап көрініп келе жатқан Санжардың әдіс-тәсіліне сеніп отырмыз. Егер ресейлікті жеңіп, финалға шықса ол Сахил Алахвердови (Грузия) немесе Алехандро Клароның (Куба) біреуімен қолғап түйістіреді.

    Әзірше айтатынымыз осы. Бокс деген болжам жасауға болмайтын спорт түрі ғой. Тіл-көзіміз тасқа, жігіттердің дайындығы жақсы болса, Ташкент төрінде қазақ елінің әнұраны әлі бірнеше рет шырқалады.

    Барлық жартылай финалдар 12 мамырда өтеді. Финал 13 мамырда болады.

    48 кг:
    Сахил Алахвердови (Грузия) — Алехандро Кларо (Куба)
    Санжар Тәшкенбай (Қазақстан) — Эдмонд Худоян (Ресей)

    54 кг:
    Махмұд Сабырхан (Қазақстан) — Йосвани Вейтиа (Куба)
    Дмитрий Двали (Ресей) — Ойбек Джураев (Өзбекстан)

    67 кг:

    Лаша Гурули (Грузия) — Дулат Бекбауов (Қазақстан)
    Асадхужа Муйдинхуджаев (Өзбекстан) — Баттомориин Мишилт (Моңғолия)

    71 кг:
    Нишант Дев (Үндістан) — Асыланбек Шымбергенов (Қазақстан)
    Сайджамшид Джафаров (Өзбекстан) — Уондерсон де Оливейра (Бразилия)

    80 кг:
    Тоқтарбек Таңатқан (Қытай) — Газимагомед Жалидов (Испания)
    Имам Хатаев (Ресей) — Нұрбек Оралбай (Қазақстан).

     

    Дастан КЕНЖАЛИН,

    АСТАНА

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *