• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Стойлов: Жыл бойы біз ешқандай сыйлықақы алмадық

    «Астана» футбол командасының бас бапкері Станимир Стойлов Оралдың «Ақжайығына» қарсы ойын жайлы әрі төртінші мәрте қатарынан ел чемпионы атанғаны туралы пікір білдірді.

    – Ішкі біріншілікте кезекті рет жеңіске жеткенімізге қуаныштымын. Жыл бойы тынбай еңбек еттік, міне осының арқасында жемісін көріп отырмыз. Кез келген командаға төрт дүркін ел чемпионы атану бақыты бұйыра бермейді. Бұл жеңіске клубымыздағы барша қызметкердің еңбегі сіңді. Ал бүгінгі ойында қарсыласымыздан басым болғанымыз анық. Тек гол соғу уақытымызды аздап ұзартып алдық.

    – «Астананың» Еуропа лигасының топтық кезеңінен шығу мүмкіндігі жайлы не ойлайсыз? Ішкі біріншілік аяқталды, енді команда жиі ойнап өз деңгейін бұрынғыдай ұстап тұруы қиындау болады.

    – Ең бірінші демаламыз. Содан кейін «Вильярреалға» дайындалатын боламыз. Әрине, ойын практикасы болмағандықтан қиындау болары белгілі. Өзімізді бар қырымыздан көрсетіп, қалған екі ойында жеңіске жетуге тырысатын боламыз.

    – Команданың көңіл-күйі қандай?

    – Бәрі көңілді. Кезекті рет чемпион атанғанымызға қуаныштымыз.

    – Ішкі біріншіліктегі жеңіске арнайы сыйлықақы қарастырылды ма?

    – Бұл сұрақты қозғағаныңыз дұрыс болды. Жыл бойы біз ешқандай да сыйлықақы алмадық. Клубтың осыған байланысты тіпті, өткен жылғы да қарызы бар. Команда бүкіл міндетті орындай тұра сыйлықақы алмауы дұрыс емес. Бәлкім демеушілеріміз бұл жағынан хабарсыз шығар. Өз кезегінде команда ойыншылары да сыйлықақы туралы сөз қозғамағаны мені іштей қуантты. Бұл мәселені ұзаққа созбай шешу керек деп ойлаймын. Сондықтан сыйлықақы туралы әзірге ешнәрсе айта алмаймын. Соңғы үш жыл ішінде «Астана» Қазақстанға үлкен қаржы әкелді. Ал бұл мәселе әлі шешімін тапқан жоқ.

    – Иван Маевскийдің жарақаты қаншалықты қауіпті?

    – Әзірге ешнәрсе айта алмаймын. Егер жағдайы оңалмаса емін Германияда жалғастыратын болады. «Вильярреалға» қарсы ойынға дайын болады деп үміттенемін. Сондай-ақ, бүгін жарақатынан толық айықпаған Абзал Бейсебеков пен Юрий Логвиненконы алаңғы шығарып үлкен тәуекелге бел будым.

    – «Астанамен» келісімшартыңызды ұзарту ойыңызда бар ма?

    – Осыған дейін айтқанымдай, клуб басшылығы әлі жаңа келісімшарт ұсынған жоқ. Еуропада білікті бапкерлер жетерлік. Мен болмасам да «Астана» өзін биікке жетелейтін маман таба алады деп ойлаймын. Ал маған қазіргі уақытта бірнеше клубтан ұсыныс келгенін жасырмаймын.   Айта кетейік, «Астана» бүгін Премьер-лиганың соңғы турында Оралдың «Ақжайығын» өз алаңында 2:0 есебімен ұтып, төртінші жыл қатарынан ел чемпионы атағына қол жеткізді.

    Тұрар ЕРМҰРАТ

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *