• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Есет Қуанов — самбодан әлем чемпионы! (видео)

    Ресейдің Сочи қаласында самбо күресі мен әскери самбодан ерлер мен әйелдер арасында әлем чемпионаты аяқталды.

    Әлемнің 86 елінен келген самбошылардың қатарында Қазақ елінің палуандары да қатысып, бақтарын сынаған болатын. Бұл жолы ел қоржынына көптен күткен алтын жүлде түсті. 62 килода белдескен Есет Қуанов Сочи аспанында Қазақ елінің əнұранын асқақтатты. Сөйтіп, батыр ұлымыз самбодан әлем чемпионы атанды.

    Есеттің алтын жүлдесінен басқа біздің палуандар 8 қола жүлдеге қол жеткізді. Атап айтар болсақ, Бейімбет Қанжанов (52 кг), Әлібек Зекенов (92 кг) және Гүлнұр Ерболова (52 кг) әлем чемпионатында үшінші орынға ие болса, әскери самбодан Райхан Мәди (100 кг), Амандық Асауұлы (62 кг), Темірлан Ихсанғалиев (82 кг), Болатбек Райымқұлов (52 кг) және Нұргелді Қиялбеков (68 кг) қола жүлдегер атанды.

    Самбошылар әлем чемпионатының алдында Ақтөбе қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізіп, Сочиге осы жақтан жол тартқан болатын.

    Айта кетейік, самбо күресінен Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы, Құрметті спорт қызметкері Болат Қожахметов дүбірлі додаға шығарып салып тұрып: «Аға, бұл жолы самбошылар міндетті түрде алтын жүлдемен оралады!» деген ақ тілегімізді айтқан едік. Алла Тағала тілегімізді қабыл етіп, Қазақ елінің самбошылары ел мерейін асырды. Жүлде құтты болсын, Қазақ елі!

    Мұсағали ТАСҚАЛИЕВ,

    АҚТӨБЕ

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *