• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Махмұд Сабырхан бокстан әлем чемпионы атанды (ВИДЕО)

    Ташкентте бүгін мәреге жетіп жатқан бокстан әлем чемпионатында қазақстандық Махмуд Сабырхан 54 келіге дейінгі салмақта әлем чемпионы атанды. Бұл туралы rast.kz хабарлады.

    Махмуд финалда өзбек Ойбек Жураевпен алтын медаль үшін таласты. Шайқас басталғаннан біздің оғлан оның тізгінін өзінің қолына алып алды. Үнемі шабуыл үстінде болған ол тіпті үшінші раундта қарсыласын екі рет нокдаунға жіберді. Есеп – 5:0!

    Сөйтіп, әлемнің 2021 жылғы күміс медалін алтын медальға алмастырды.

    Бір айта кетерлігі, Ташкент рингіне 8 мамырда бірінші рет шыққан Махмуд қатарынан үш күн шаршы алаңнан кетпеді. Ол алғашқы күні 1/16 финалдық іріктеу турнирінде венгр Иштван Закамен күш сынасты. Үш раундтың қорытынысы бойынша біздің оғлан айқын басымдықпен жеңіске жетті.

    Махмуд 9 мамырда 1/8 финалдық жекпе-жекті үндістандық Сачин Сачинпен өткізіп, оны да 5:0 есебімен тізе бүктірді. Ал 10 мамырда өткен ширек финалда ганалық Мохаммед Амадумен сондай есеппен ұтып шықты.

    Мамырдың 12-сінде ойналған жартылай финалда кубалық Йосвани Вейтиа Сотомен қолғап түйістірген Махмуд Сабырхан бұрынғы жолынан жаңылмай, оны да айқын басымдықпен жеңді.

    Махмуд Сабырхан 2001 жылы 9 қыркүйекте туған. Шымкент қаласының өкілі. Әлемнің 2021 жылғы чемпионатының күміс жүлдегері. Қазақстанның 2022 жылғы чемпионы. Азияның жастар арасындағы үш дүркін (2016, 2018, 2019) чемпионы.

    Осыдан кейін Өзбекстан құрамасы сапында өнер көрсетіп жатқан қазақ жігіті Руслан Абдуллаев финалда моңғол Чингзориг Батарсухты 5:0 етіп жеңіп, 63,5 келіге дейінгі салмақта әлем чемпионы атанды.

    Алда бізден Асланбек Шымбергенов пен Нұрбек Оралбай алтын медаль үшін шайқасады.

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *