• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Рыбакина бастаған теннисшілер Ролан Гаррос турниріне қатысады

    22 мамырда Парижде биылғы екінші «Үлкен дулыға» жарысы – Ролан Гаррос турнирінің іріктеу сайыстары басталады.

    Іріктеу кезеңінде Қазақстаннан Тимофей Скатов бақ сынайды.

    Негізгі турнирге Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева, ерлерден Александр Бублик бірден жолдама алды. Әлемнің 6-ракеткасы Еленаның рейтингісі жоғары, сондықтан жеребе қолайлы болмақ.

    Жұптық сында Андрей Голубев, Анна Данилина, Александр Недовесов, сондай-ақ Бублик, Путинцева және Рыбакина өнер көрсетуі тиіс.

    Қазақстандықтардан ерлер арасында Андрей Голубев пен Александр Бублик жоғары нәтижеге қол жеткізді. Олар 2021 жылы жұптық сында финалда ғана франциялықтар Николя Маю – Пьер-Юг Эрберге есе жіберді – 6:4, 6:7 (1:7), 4:6.

    Александр жекелей сында үш рет (2019, 2020, 2021 жылдары) екінші айналымға дейін жетті.

    Елена Рыбакина 2021 жылы тамаша ойнап, ширек финалда ресейлік Анастасия Павлюченковаға жол берді – 7:6 (7:2), 2:6, 7:9. Ресейлік спортшы сол жарыста финалға дейін жетті.

    Юлия Путинцева үшін Франция ашық чемпионаты сәтті болып саналады, мұнда ол екі мәрте ширек финалға дейін барды.

    А.Данилина өткен жылы бразилиялық Беатрис Хаддад Майямен бірге екінші айналымнан қайтты. Қазақстан құрамасының қазіргі капитаны Ярослава Шведова жекелей сында екі рет ширек финалда ойнады. Жұптық сында бір рет финалға дейін жетті.

    Ролан Гаррос турнирінің жалпы жүлде қоры 49,6 млн еуроға бағаланып отыр, бұл өткен жылғыдан 12,3 пайызға көп. Алғашқы айналымда жеңіліп қалғандардың өзі 69 мың еуро алады. Ал жеңімпаздар 2,3 млн еуродан табады.

    Негізгі жарыс 28 мамырда басталады.

     

    Дастан КЕНЖАЛИН,

    АСТАНА

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *