• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Тағылымы зор тартымды кездесу

    Еліміздің әр өңірінде 1 маусым халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Балалардың игілігі үшін» атты республикалық акция өтіп жатқаны белгілі. Осы акция аясында Каркен Ахметов атындағы Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде бокстан Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері, кәсіпқой боксшы, WBO орта салмақтағы құрлықаралық чемпионы, «Құрмет» орденінің иегері Қанат Исламмен кездесу болып өтті.

    «Бүкіл адамзаттың келешегі — жас жеткіншектердің қандай идеал негізінде тәрбиеленіп, қалай өсуіне, келмелденуіне байланысты», -деген екен Ғабит Мүсірепов. Ендеше, жас ұрпақты  тұлғалар арқылы тәрбиелудің маңыз зор. Бала балғын шақ кезінде бәріне құмартады. Бәрін бірден білгісі келіп талпынады. Ол әрине, заңдылық. Қазақ «болар баланың бетін қақпа белін бу», — деген қанатты сөз қалдырған.

    Дарынды балалар көптен ерек өмірге құштар, айналасына мейрімді, ісіне жауапкерлшілікпен қарауды әдет етеді. Иә, оның барлығы тәрбиеге байланысты. Жастық шақ адамға бір-ақ рет беріледі. Сондықтанда жас жетікіншектің бойына білім нәрін еге отырып бойындағы бар талантын аша білу ата-анаға ғана емес, өскен орта мен білім ордаларына тікелей қатысты емес пе?!

    Осы бағытта дарынды балаларды електен елеп алғандай бөліп алып оқытып жатқан мамандандырылған мектеп-интернаттардың тәрбиесі ерекше деп айтамыз. Мысалы, Алматы қаласындағы Каркен Ахметов атындағы Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде дәріс алып жатқан жасөспірім талантты балалар біліммен сусындап спортпен шығылданып, толағай табыстармен қуантып келеді. Айталық, осы мектепте оқитын жас буын көптеген ірі халықаралық, әлемдік, еуропалық тіпті, олимпиадалық жарыстарда жүлделі орындардан көрініп, ел намысын абыроймен қорғап жүр. Ал, мектеп қабырғасында ұстаздық ұжымның тыңғылықты жұмыстарының арқасында бұл мектепке көптеген әлем сындарында топжарған қазақтың спорт жұлдыздары бас сұғып, жастармен жиі сұхбат жасап, үлкен өнеге болып жүр.

    Тұлғалар арқылы тәрбиеге айтулы мектеп үлкен ден қойған. Соның жемісін де көріп жатыр. Айтқан сөзіміздің дәлелі, кеше ғана Каркен Ахметов атындағы Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжіне аты әйгілі былғары қолғап шебері Қанат Ислам арнайы шақырлып, жас жеткіншектер тұлғалы спортшымен кездесуден тамаша әсер алды. Тартымды өткен кездесу соңында Каркен Ахметов атындағы Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжіндің директоры Ернар Таласбекұлы құрметті қонақтың алтын уақытын бөліп келгені үшін  ұжымның атынан зор алғысын білдірді.

    Негізі бұл өткен кездесу жоғарыда айтып өткеніміздей, 1 маусым халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Балалардың игілігі үшін» атты республикалық акцияға орай ұйымдастырылған еді. Айтулы мектеп-интернат басшылығының осындай игілікті шараны өткізудегі басты мақсаты — салауатты өмір салтын насихаттау, балалардың денсаулығын нығайту.

    Кездесу кешіне спорт мектеп-интернат-колледждің ұжымы мен спортшылары қатысты. Жастармен сұхбат барысында Қанат Ислам өзінің өмірі жайлы, спортта жеткен жетістіктерімен бөлісіп, спортпен қатар білімді де алып жүру керек екенін, спортпен тыңғылықты шұғылданып, чемпион болу үшін темірдей тәртіпке бағыну керек, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету керек екенін де атап өтті. Әуесқой және кәсіпқой бокстың айырмашылықтары мен жаттығуларын да айтты. Әңгімелесу еркін форматта болғандықтан, жас спортшылар атақты спортшымызға өздерін толғандырған түрлі сауалдарын қойып, оларға тұшымды жауаптар алды. Осындай кездесулер ұйымдастыру арқылы спортшыларымызды патриоттық сезімге, ұлтжандылыққа, Отанын сүюге, еліміздің атақты тұлғалары мен спортшылардың өмірлерімен танысып, өздеріне қажетті мағлұмат алып отырады. Қадірменді қонаққа жас спортшыларымыз да өз өнерлерін көрсетіп, ән мен биден шашу шашты. Дінмұхаммед Қонаев қорынан келген арнайы өкіл Бек Срайлов мырза қор атынан Қанат Исламға төс белгісін тағып, Дінмұхаммед Қонаев атамыздың кітабын сыйға тартты.

    Кеш соңында жас спортшыларымыз қонақтармен суретке түсті. Осындай тағылымы зор тартымды кездесулер алдағы уақытта да ұйымдастыру жоспарда бар екен. Иә, өзіміздің аттары айшықты спорт ардагерлерімен жиі өткізген кездесулер арқылы жастардың спортқа деген құлшынысы арта түсері анық. Сондықтан да «Жас күнің –өнер іздеу, нақ дер шағың» демекші, жалынды жас шағында алған білім, спорт өмірінде тасқа жазылған жазудай бойда  қалыптасып қалатын болғандықтан, алтын уақыттта бос өткізбей пайдалы іспен айналысудың маңызы зор.

     

    Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,

    Ержігіт ИБРАГИМОВ

    АЛМАТЫ

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *