• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    «Ролан Гаррос» турнирінің жеребесі тартылды

    Қазақстанның алғашқы раундта ойнайтын қарсыластары анықталды

    28 мамырда теннистен Францияның ашық чемпионаты – «Ролан Гаррос 2023» турнирі басталады. Осыған байланысты әйелдер мен ерлер арасындағы жекелей сындағы жеребе тарту рәсімінің нәтижелері белгілі болды.

    Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина іріктеу кезеңдерінен сәтті өткен (квалифайер) немесе іріктеу кезеңінің соңғы кездесуінде жеңілген теннисшімен (лаки-лузер) кездеседі.

    Юлия Путинцева бірінші айналымда бельгиялық Марина Заневскаямен (88-ракетка) ойнайды.

    Ал ерлер арасында Александр Бублик те алғашқы раундта квалифайермен немесе лаки-лузермен кортқа шығады.

    Бүгін Қазақстанның екінші, әлемнің 147-ракеткасы Тимофей Скатов «Ролан Гарростың» іріктеу сайысының финалында негізгі турнирге жолдаманы сарапқа салады.  Ол бразилиялық Мелигени Родригес Алвес Фелипемен (165-ракетка) кездеседі. Бұған дейін қазақстандық теннисші іріктеу сайысының алғашқы екі матчында жеңіске жетті.

    Қазақстандық теннисші іріктеу сайыстарының жартылай финалында әлемнің 119-ракеткасы, финляндиялық Отто Виртаненді ұтты.

    Осы матч туралы айтсақ, бірінші партияда фин теннисшісі 6:4 есебімен басым түсті. Есесіне екінші сетте қазақстандық спортшы 6:2 есебімен есе қайырды. Ол үшінші, шешуші партияда да 3:0 есебімен шықты. Бұдан кейін О.Виртанен таразы басын теңестірді. Дегенмен Скатов матчты тағы бір брейкпен түйіндеді. Есеп  – 7:5.

    Екі сағат 45 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында Тимофей 12 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды.

    Енді бүгін жоғарыда айтқанымыздай, Скатов іріктеу сайыстарының финалында әлемнің 165-ракеткасы Мелигени Родригес Алвес Фелипемен ойнайды. Егер Тимофей бразилиялық теннисшіні ұтса, алғаш рет Ролан Гарростың негізгі додасына жолдама алады.

     

    Дастан КЕНЖАЛИН,

    АСТАНА

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *