• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Таэквондодан ӘЧ: Қазақстан құрамасының жолы болмай жатыр (ФОТО)

    Бүгін Әзербайжанның астанасы — Бакуде өтіп жатқан таэквондодан XXVI әлем чемпионының үшінші жарыс күні мәресіне жетті.

    Жарыс жолына ұлттық құрама сапынан Нұрлан Мырзабаев (80 кг), Смайыл Дүйсебай (87 кг) мен Ботакөз Қапанова (49 кг) шықты, деп хабарлады Мәдениет және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

    Алғаш болып даянгқа шыққан Нұрлан Мырзабаев (80 кг) ирландиялық Райан Дойлды айқын басымдықпен ұтқан еді. Алайда екінші айналымда аса тартысты айқаста Матей Николичке 1:2 есебімен есе жіберді. Матей осымен екінші рет қазақстандық таэквондошыдан басым түсіп отыр. Хорватиялық спортшы 2019 жылы Бекжан Нұснәліммен кездесіп, айласын асырған.

    Бүгін ұлттық құрама қоржынына жүлде салатын жақсы мүмкіндік Ботакөз Қапановада болды. Отандасымыз (49 кг) алғашқы жекпе-жегінде румыниялық Николета Клаудия Баджанды, сосын канадалық Вивиан Транквиль мен жарыс қожайыны Фатима Абакарованы айқын басымдықпен ұтты. Өкінішке қарай, ширек финалда қазіргі Еуропа чемпионы түркиялық Мерве Динчелге жол беріп, жүлдеге сынық сүйем қалғанда сүрінді.

    Ал Смайыл Дүйсебай грекиялық Василиус Толоитистың алдын орағанымен, келесі кезеңде Беларусьтің өкілі Артем Плонистен жеңіліп қалды.

    Мен үшін чемпионат үшінші айналымда аяқталды. Басында Беларусь спортшысын жеңіп жатқанмын. Соңғы секундтарда ол есепті теңестіріп, басымдыққа ие болды. Жалпы дайындығым жақсы болды. Тек жаттықтырушыларыдң айтқанын соңына дейін орындай алмадым, — деді Смайыл жекпе-жектен кейінгі сұхбатында.

    Ертең, жаздың алғашқы күні әлем чемпионатында Нұрбек Ғазез (63 кг) бен Ракони Бимырза (+73 кг) бақ сынайды. Жалпы биылғы додаға 145 елден мыңға тарта таэквондошы жиналды.

    Бакуде өтіп жатқан XXVI әлем чемпионаты Халықаралық таэквондо федерациясының 50 жылдығымен тұспа-тұс келіп тұр. Алдағы аптада мұнда Париж Олимпиадасына қажет ұпайлар сарапқа салынады.

     

    Шамкен БАЙЫРБЕК,

    Фото: Мәдениет және спорт министрлігінің Спортты дамыту дирекциясы

    АСТАНА

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *