• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    100 мың доллар: Бокс федерациясы сыйақы тапсырды (ВИДЕО)

    Бүгін Алматы қаласында Қазақстан бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышев Өзбекстанның Ташкент қаласында өткен әлем чемпионатында құрмет тұғырынан көрінген ұлттық құраманың былғары қолғап шеберлері мен жаттықтырушыларды марапаттап, сыйақы тапсырды, деп хабарлады Бокс федерациясы.

    Кездесуде Бокс федерациясының басшысы ұлттық құрама команданың бес спортшысы мен жаттықтырушыларына жеке қаржысынан ақшалай сертификатты табыс етті.

    Ташкентте әлем чемпионы атанған Санжар Тәшкенбай, Махмұд Сабырхан, Асланбек Шымбергенов пен Нұрбек Оралбай 100 мың АҚШ долларымен марапатталса, күміс жүлдегер Дулат Бекбауовқа 50 мың АҚШ доллары берілді. Сонымен қатар, Рақышев Дулат Бекбауовқа қымбат швейцар сағатын да сыйлады.

    Бұл күні боксшы қыздар да марапатталды. Үндістанның Дели қаласында өткен әлем чемпионатының финалистері Карина Ибрагимова мен Ләззат Күнгейбаева Бокс федерациясы басшысынан 30 мың АҚШ долларын алды. Қола жүлдегерлер Алуа Балқыбекова, Валентина Хальзова мен Фариза Шолтай 10 мың АҚШ доллары көлеміндегі сыйақыға ие болды.

    Құрамамыздың жеңіске жетуіне зор үлесін қосып жүрген команда өкілдері – жаттықтырушылар құрамы, кеңесшілер, кешенді ғылыми топ мүшелері де назардан тыс қалмады.

    Штаттағы жаттықтырушылар мен жеке бапкерлер, дәрігерлер, массаж жасаушылар және басқа да мамандар 1 мыңнан 15 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы алды.

    Еліміздің бірнеше қаласынан арнайы келген чемпиондардың аналарына Кеңес Рақышев 2 миллион теңгенің сертификатын тапсырды.

    Өзбекстан астанасындағы тамаша нәтиже үшін ерлер құрамасының бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжановқа 25 мың АҚШ долларына қоса, көлік міңгізді.

    Жекелей сыйлықтарды есептемегенде, марапаттаудың жалпы жүлде қоры 600 мың АҚШ доллары болды.

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *