• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Мұрат ТЕМІРӘЛИЕВ : Ел таеквондосының ертеңіне сенімдімін

    Тоқсаныншы жылдардың басында Алаш топырағына корейлер ойлап тапқан өнердің ұрығын сепкен қара белбеу, алтыншы дан иегері Мұстафа Өзтүрік екенін көпшілік жақсы біледі. Сонау Германиядан Атажұртын аңсап келген асыл азамат Қазақстан халқын таеквондомен табыстырды. Ол танымал жекпе-жек шебері Бексейіт Түлиевпен бірігіп, елімізде осы спорт түрінің кеңінен құлаш жаюына көп күш салды. Ел-елде, жер-жерді үйірмелер ашылды. Жастар спорт залдарға беттеді. Таеквондоның тұнығына бойлаған сондай жалынды жастардың бірі — таеквондодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, қара белбеу 5 дан иегері Мұрат Темірәлиев еді. Бұл күндері ол Алматы қалалық федерациясының вице-президенті қызметін атқарып отыр. Айтулы азаматпен жуырда кездесіп, осы саладағы кейбір келелі мәселелер жөнінде сөз қозғадық.

    –  1990 жылы мен Қарағандыдағы Әлия Молдағұлова атындағы спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатты тәмамдап, Алматыдағы технологиялық университетке оқуға түстім, – деп бастады өз әңгімесін Мұрат. – Сол кезден бастап, таеквондомен айналыстым. Исатай Кабеков, Дихан Ақаев және Мақсұт Нарбаев сынды білікті бапкерлерден де тәлім-тәрбие алдым. Біз жаттығатын залға Мұстафа Өзтүрік пен Бексейіт Түлкеев жиі келетін. Жаттығу былай тұрсын, сол ғұлама ұстаз, асыл ағалардың әңгімесін естудің өзі бір ғанибет еді ғой. Екеуі де тұнып тұрған шежіре, парасат-пайымы мол тұлғалар. Мұстафа мен Бексейіттің қарапайымдылығы мен қазақылығы жайында әңгіме бір бөлек. Олар өз ұлтын шексіз сүйетін. Сондай сегіз қырлы, бір сырлы азаматтармен жолыққаннан кейін таеквондоға мықтап ден қойдым.

    – Кезінде жоғарыда есімдері аталған арыстай азаматтардан дәріс алып, солармен қатар жүрген екенсіз. Ал ондай мектептен өткен спортшының қалың топтың арасында қалып қоюға қақы жоқ. Сол себепті сізге де осы саладағы биік белестерді бағындыру айтарлықтай қиындық туғызбаған болар?

    Біз де шама-шарқымызға қарай көсілдік. Жеті жылға жуық уақыт бойы Қазақстан ұлттық құрамасы сапында болдым. Үш мәрте ел чемпионы атандым. 1993 жылы біздің таеквондошылар тұңғыш рет әлем чемпионатында күш сынасу құрметіне ие болды. Нью-Йоркте өткен сол байрақты бәсекеде мен де өнер көрсеттім. Орталық Азия біріншілігінде бас жүлдені олжаладым. Бірқатар аса ірі халықаралық турнирлерде жеңіс тұғырына көтерілдім.

    Үлкен спортпен қош айтысқаннан соң да осы саладан алыстамаған секілдісіз?  Білуімізше, бапкерлік кәсіпте бағыңыз жанды ғой?

    Иә, алыстап ешқайда кеткен жоқпын. Осы күнге дейін бапкерлік қызмет атқарып, бірнеше жақсы шәкірттер тәрбиеледім. Солардың арасынан Нариман Шәкіров, Мерей Расилов, Рамиль Ашмахунов, Асхат Әбілдаев, Абзал Анарқұлов сынды сайыпқырандар суырылып шығып, түрлі дүрмектерде атой салды. 2005-2013 жылдар аралығында республикалық таеквондо федерациясында бас хатшысы және команда басшысы қызметтерін қатар атқардым. 2012 жылы ұлттық команда мүшелерін Лондон Олимпиадасына бастап апарған мамандардың бірі болдым. Сонымен қатар, төрешілік кәсіпте де бақ сынадым. Бұл ретте де несібесіз емеспін. Әлем мен құрлық чемпионаттарында, Азия ойындары мен әлем кубогында және басқа да көптеген дүбірлі додаларда қазылық еттім. Ұйымдастырушылар тарапынан еңбегім лайықты бағаланып, түрлі байрақты бәсекелерде ең үздік төрешіге тиесілі арнайы сыйлықты иелендім. «Азияның ең әділ қазысы» деген атақ та бұйырды. Сонымен қатар қазірден шәкірттер тәрбиелеп жүрмін. Қол астымда жаттығып жүрген қандастарымыздың арасында болашағынан мол үміт күттіретін жастар аз емес.

    Сөз орайы келгенде, қазылар мәселесіне кеңірек тоқтала кетсеңіз. Таеквондода өтетін аса жауапты жарыстарда төрешілерді іріктеу процесі қалай жүзеге асырылады?  Осындай сауал қоюуымның себебі, қазақстандықтардың аса ірі халықаралық жарыстарда сирек қазылық етіп жүргені қынжылтады… 

    Төрешілерге қойылатын талап өте қатаң. Ең бірінші кезекте біліктілік пен шеберлік деңгейі басшылыққа алынады. Одан да басқа талаптары көп. Олардың ешбірі комиссия мүшелерінің назарынан тыс қалмайды. Мәселен, мен 2021 жылы Токиода алауы тұтанатын Паралимпиадада қазылық етуге үмітті төрешілердің тізіміндемін. Бастапқыда үміткерлер санатында әлемнің әр қиырынан жиналған 500-ге тарта маман болды. Соларды түрлі жарыстарға қатыстырып, іріктеуден өткізді. Қалыс және шалыс басқандары, өрескел қателікке бой алдырғандардың аты-жөндері тізімнен сызылып тасталады. Осылайша, бірте-бірте үміткерлер қатары сирейді. Қазір тізімде 50 адамдай ғана қалды. Солардың отызы ғана дүбірлі додада қазылық етеді. Бұйыртса, мен де Токиоға сапар шегемін деп ниеттеніп отырмын.

     – Мұрат, сіз елде білім алумен ғана шектеліп қалмай, «Болашақ» бағдарламасы бойынша Швейцарияда да оқыған екенсіз. Ол елде қандай мамандықты иегердіңіз?  

     – Лозанна қаласында орналасқан AISTS MAS мектебінде «Спорттық менеджемент» мамандығы бойынша білім алдым. Бұл – күллі әлемдегі спорт саласы бойынша білім беретін ең ірі орталық. Осы салада жүрген мамандардың дені Лозаннадағы ұстаздардан тәлім алуды армандайды. Бағыма орай, «Болашақ» бағдарламасы арқылы маған да AISTS MAS мектебінде түлегі болу бақыты бұйырды. Одан бөлек, қолымда Оңтүстік Кореяның Сувон қаласында орналасқан Кенг Хи университетінің сертификаты, Алматыдағы технологиялық университеті мен Қазақтың Спорт және туризм академиясының дипломы бар.

    – Сіз жайында ақпарат жинаған кезде «Әйгілі «Куккивон» академиясының халықаралық инспекторы» деген жазуды да көзім шалды. Осы академия жайында қысқаша ақпарат берсеңіз?

    Таеквондо өнерін түрін серік еткен саңлақтарға спорттық дан және түрлі белбеулерді тағайындайтын әлемдегі жалғыз ұйым дәл осы «Куккивон». Оңтүстік Кореяның бас шаһары – Сеулде орналасқан айтулы академиядаға халықаралық инспектор ретінде тіркелу үшін мен көптеген сынақтан өттім. Осы спорт түрінің майталмандары алдында осы жұмысты атқаруға лайық екенімді дәлелдедім. Қазіргі кезде әлемдегі кез-келген таеквондошыдан емтихан қабылдап, оларға дан және белбеу беруге менің де құқығым бар.

     – Халықаралық таеквондо федерациясының (WTF) филиалдарының бірі Швейцарияның Лозанна қаласында орналасқаны белгілі. Альпі тауы етегіне жиі ат басын бұрып тұрғаныңызға қарағанда, сол ұйыммен тығыз байланыстасыз ғой? 

    Негізінен мен Швейцарияға тәжрибе жию және білімімді жетілдіру үшін барамын. Ара-тұра халықаралық федерацияның жұмысына да араласып тұрамын. Федерацияда мен босқындар мәселесімен айналысамын. Қазір жер жүзінде соғыс оты өршіп тұрған және жаппай кедейшілік белең алған мемлекеттер аз емес. Соның салдарынан Сирия, Ливия, Ауғанстан және Африканың бірқатар елдерінің халықы өз отанынан безіп, жан-жақтан пана іздеуде. Солардың қатарында спортшылар қауымы да бар. Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) мен Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) осы проблеманы назарда ұстап, үнемі шешу жолдарын қарастыруда. Бүгінгі таңда сол босқындар түрлі дүбірлі додаларда өз елдерінің емес, Халықаралық федерацияның туы астында өнер көрсетіп жүргенін де жақсы білесіздер. Міне, біз осы жағдайды жан-жақты зерттеп, зерделеп, талдап, реттеп, заңдастыру мәселесімен айналысып жүрмін.

    – 2008 жылы Бейжіңдегі додада Арман Шылмановтың атой салып, қола медальді олжалағаны белгілі. Бұл отандық таеквондошылармыздың Олимпия ойындарында олжалаған алғашқы және әзірге жалғыз жүлдесі. Қалай ойлайсыз, биыл Токиода алауы тұтанатын байрақты бәсекеде жеңіс тұғырына көтерілуге күш-жігері жететін қазақтың ұл-қызы табыла ма?

    Біздің қазіргі командамыз да өте күшті. Әсіресе, Руслан Жапаров пен Қайрат Сарымсақовтың өнері көпшіліктің көңілінен шығуда. Олардың бойында Олимпия ойындарының алтын тұғырына көтерілуге қажетті қасиеттердің барлығы бар. Жансел Дениз, Нұрлан Мырзабаев, Феруза Алданғорова және Смайл Дүйсебай сынды даян шеберлеріне де зор сенім артылып отыр. Солардың арасынан бір-екеуі Жапонияда жасындай жарқырап, жеңіс тұғырына көтерілсе, күллі Қазақ елі үшін үлкен абырой болатыны даусыз. Қазақстан таэквондосының тұғыры бүгінгіден де биік болатынына мен кәміл сенемін

    – Әңгімеңізге рахмет!

    Сұхбаттасқан

    Дастан КЕНЖАЛИН

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *