• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Қазақ волейболының атасы

    Қазақстан волейболының атасы Октябрь Жарлығапов туралы бір үзік сыр

    «Тартыспен түскен бейнетпен келген жақсылық қана шын мәнінде қымбат табыс»

    М.Әуезов

    Қазақстандағы волейболдың қалыптасу ошағы неден басталғаны туралы сөз еткенде  осы бір теңдесіз текті спорт өнерін елімізде негізін қалаған, аты әйгілі волейбол шебері, сонау  Алматынының «Буревестник» командасын адам айтса нанғысыз деңгейге көтерген дарынды жаттықтырушы, волейболдан еліміздегі тұңғыш КСРО спорт шебері, 1960 жылы КСРО-ның ең үздік 24 спортшысының қатарына енген дара тұлға Октябрь Жарлығаповты міндетті түрде еске аламыз. Еске ала отырып, дарынды жанның салып кеткен сара жолы мен тактикалық ойын моделін бүгінгі күні кәсіби деңгейде өнер көрсетіп жүрген жастарымызға сабақ ретінде үйретіп жатса артық болмас  па еді деген ойдың қамауында қаламыз.

    Қазақ спорт тарихында әрбір спортты жекелей алып қарасақ, саңлақ ағаларымыздың салып кеткен сара жолдарын көреміз. Мысалы, жеңіл атлетикада – Ғұсман Қосанов пен Әмин Тұяқов, күресте – Қабден Байдосов, Әбілсейіт Айқанов, Амангелді Гапсаттаров, Аманжол Бұғыбаев, Асқантай Иманқұлов, бокста – Шоқыр Бөлтекұлы, Әбдісалан Нұрмаханов пен Серік Қонақбаевтар, гөгалдағы хоккейде – Қазбек Байболов, футболда – Тимур Сегізбаев, Құралбек Ордабаев пен Сейілдә Байшақов, суға жүзуде – Бақи Елғондиев, баскетболда – Әлжан Жармұхамедов, волейболда – Октябрь Жарлығапов, Заңғар Жәркешев пен Жәнібек Сауранбаевтардың есімдеріне айырықша тоқталып, мақтанышпен айтамыз. Әрбір спортты жан тәнімен жақсы көріп, барыңды бере білсең, қайтарыма да игілікті болары сөзсіз. Аттары аталған ардагерлеріміз өздері өмірінің мәні деп таңдап алған спорттарына бар ғұмырларын арнап, жемісін көре білген айшықты тұлғалар. Сондықтанда жас буынға алдыңғы толқын ағаларының айбынды жолдарынан үлгі алса деп тілейміз..

    Бүгінгі әңгіме өзегін волейболдан Қазақстан спорт тарихында аты алтын әріппен жазылып қалған, Алматынының «Буревестник» командасын жаттықтыра отырып, адам айтқысыз жетістікке жеткізе білген, ұлы жаттықтырушы Октябрь Жарлығапов туралы болмақ.

    Октябрь Қыдырбайұлы жасақтаған Алматының  «Буревестник»  командасы өзі дүниеден озған 1969 жылы КСРО біріншілігінің алтын жүлдесін жеңіп алса, содан кейін екі дүркін Еуропа чемпиондар кубогының иегері атанды. Дарынды спортшы, білікті бапкер Октябрь Жарлығапов волейболдан елімізде тұңғыш рет КСРО спорт шебері атанған спортшы. Сонымен қатар, 1960 жылы КСРО-ның ең үздік 24 спортшысының қатарына енген дара тұлға болды. Сол бір 1960 – 1970 жылдары Қазақстан спорты үшін алтын ғасырдың  өрлеген кезеңі еді. Айталық, қазақстандық былғары қолғап шеберлері әлем, Олимпиада тұғырына көтеріліп жатса, футболдан Алматының «Қайраты», допты хоккей мен көгалдағы хоккейден «Динамо» командалары Кеңес Одағына аттары дүркіріп тұрған шақ болатын. Ал, ойын түрлері бойынша халықаралық ареналарда ең үлкен табысқа жеткен «Буревестник» командасын бөле-жара айтар едік.

    Еліміздің атын әлемге танытқан аса дарын иесін айтпас бұрын жалпы волейбол спортының тарихын парақтай кеткен орынды деп ойлаймын.

    Бұл ойынды ағылшындар Қол добы деп ойлап шығарғанда осыншалықты әлемге таралып кететін спорт түрі болатынын ойлаған жоқ шығар.

    Бүгінгі таңда волейболдан Олимпиада, Еуропа, Азия  чемпионаттары, халықаралық жарыстармен қатар әр елде ішкі чемпионаттар дәстүрлі түрді өткізіліп келеді. Бұл спорт түрін жас та кәрі де ойнайтын болғандықтан әлемге кең таралған спорт түрі екеніне дау тумас.

    Қазақстанда волейбол сонау ХХ ғасырдың 60-70 жылдары асқан қарқынмен дамып, қол добы ойынының алтын кезеңнің бірі болғанын тарихтан білеміз.

    Сонау 1929 жылы Қазақстанда тұңғыш рет Алматы мен Фрунзе (Қырғыз КСР) қалаларының  командалары арасында волейболдан кездесу өтті.

    Сол жылы Алматы зооветеринарлық институты құрылады. Оған дәл сол жылы аты әйгілі волейбол тарланы, Қазақстандағы кәсіби волейболдың негізін қалаушы Октябрь Жарлығапов оқуға түседі.

    Октябрь Жарлығаповты сөз еткенде  Қазақстан волейболының қалыптасу кезеңі  мен  «Буревестник» командасының тарихи жеңістерін еріксіз еске аламыз. Октябрь Жарлығаповтың талантты ойыншы ғана емес, бапкерлік білікті қырларын да көре білген ресейлік мамандар, Одақтың жастар құрамасының бас бапкері болыңыз, деп шақырғанда;

    –Рахмет көңілдеріңізге, мен өз елімде, өз бауырларымның қасында боламын. Бар қабілетім мен күш-жігерімді қазақтың намысы үшін жұмсауым керек, – деп жауап беріп, Алматыда қалады.

    Міне, әйгілі спортшының туған еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін түйіндеп айтқан екі ауыз сөзінен көреміз. Октябрь Жарлығаповтың тәрбиелеген төл шәкірті, қазақтың тағы бір  арда туған асыл ұлдарының бірі Жәнібек Сауранбаев 1965 жылы КСРО құрамасының сапында Әлем кубогының иегері атанса, 1966 жылы Әлем чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алады. Сонымен қатар, талантты жан 1967 жылы Еуропа чемпионы болып танылады. Жәнібек Сауранбаев әлемнің ақиық волейболшыларымен иық тірестіріп, Кеңес Одағы құрамасының ең үздік ойыншыларының қатарынан орын алған қазақ жігіті. Дегенменде  сол кездегі Кеңес өкіметінің солақай саясатының салдары дарабоз спорт саңлағын айналып өтпей кетпеді. Жәнібек Сауранбаев Кеңес Одағы  құрамасының сапында сурылып алды тұрса да, қазақ болғаны үшін Олимпиада ойындарынан шовинист басшылардың әділетсіз шешімдерімен  шеттетіліп отырады. Ал, Октябрьдей тұлғалы адамның тағы бір шәкірттері Заңғар Жәркешев пен Марат Мәденов «Буревестник» командасын КСРО халықтары спартакидасының қола жүлдесіне жеткізіп, 1968 жылы Одақ чемпионатының күміс медаліне ие болады. Осылайша, Октябрь негізін қалаған қазақ командасы 1969 жылы КСРО чемпионатында топжарып, тұңғыш рет алтын тұғырға көтеріледі. Команда құрамының басым бөлігін қазақтандырып қана қоймай, осындай ауыз толтырып айтарлықтай тарихи биікке жеткізе білген Октябрь Қадырбайұлының басты арманы да осы еді. Октябрь 1969 жылы бар –жоғы 37 жасында қайтыс болады. Атақты жанды жерлеуге келген халықтың арасында төл шәкірттері де қайғырып тұрған еді.  Сонда шәкірттерінің арасында Жәнібек Сауранбаев қазалы жиында тұрып, «Октябрь Қыдырбайұлының арманы «Буревестник» командасын КСРО чемпоны атағына жеткізу болатын. Біз енді ұстазымыздың сол арманын орындауға тиіспіз», – деп уәде береді. Дегендей-ақ, сол 1969 жылы «Буревестник»  командасы КСРО чемпионы атанады. Сонымен қоймай, Еуропа чемпиондарының кубогын екі мәрте жеңіп алады. Міне, осылай дарынды спортшылардың әйгілі бапкерінің әруағын риза етіп қана қоймай,  Қазақстан волейболының деңгейін жер-жүзіне атойлатып паш етеді.

    Еліміздің волейболдағы жарқын жетістігін сөз еткенде Октярбьдей тұлғалы жанның жаттықтырушылық мектебінен  шыққандардың бірі Вячеслав Шапранға тоқтала кетуге болады. Кезінде аты аңызға айналған жұлдызды «Буревестник» командасының белді ойыншысы атанған Вячеслав Шапран, КСРО бойынша халықаралық спорт шебері, Қазақстанға еңбегі сіңген спорт қайраткері, ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы, КСРО  чемпионы, екі дүркін Еуропал кубогының иегері атанып, бірталай талантты тәрбиелеген білікті бапкер.

    Октябьрдің тағы бір талантты шәкірті Нелли Щербакова АДК командасын КСРО чемпионы атағына жеткізсе, Махмұтов пен Щербакованың шәкірттері АДК ойыншылары Елена Чебукина мен Ольга Кривошеевалар 1988 жылы КСРО құрамында Сеул Олимпиадасының чемпионы атанған.

    Бірнеше жылдар бойы КСРО бойынша жоғары деңгейде өнер көрсеткен, Қазақстанда волейбол спортының негізін қалаған Октябрь Жарылғапов  пен Жәнібек Сауранбаев сол бір жылдары ең үздік жаттықтырушылар болып ел спортының тарихында алтын әріптермен  есімдері жазылып қалды.

    Сонымен қатар, Қазақстандағы  волейбол тарихын парақтай отырып, 1965 – 1966 жылдары Октябрь Жарылғаповтың төл шәкірттері Валерий Кравченко мен Олег Антроповтар КСРО құрамында әлем чемпионатында күміс медальдің иегері атанса, 1967 жылы Еуропа чемпионы атағына ие болғанын көреміз. Сонымен бірге, Жәнібек Сауранбаев, Николай Рогозин, Геннадий Гончаров, Александр Портной секілді талантты шәкірттерінің де жеткен жетістіктері өз алдына бір төбе. Айталық, 1970 – 1971 жылдары Алматының «Буревестнигі» екі рет қатарынан Еуропа чемпионатының  кубогын жеңіп алады. Біз Октябрь Жарлығаповтың жемісті жолы мен жұлдызды шәкірттерінің есімдерін айта отырып, сол жылдары қазақ волейболының КСРО аймағында көшбасшы болғынына көз жеткіземіз. Алла тағаланың бұйрығымен Октябрь Қадырбайұлы бар жоғы 17 – 18 жылдың айналасында қазақ волейболын адам айтса сенгісіз шырқау биікке шығарған. Ұшпа доптың ұшқыры Октябрьдей қазақтың бағына туған жанның қазақ волейболының дамуына қосқан үлесі шексіз болды. Ол кісі бапкер болып жүргенде тіпті ел аралап, сұңғақ бойлы талантты жастарды командасына тартқан екен. Сонымен қатар, жаттығу тактикасына көп жаңалық енгізген жанның бірі болған. Шәкірттеріне деген көзқарасы да ерекше болыпты. Жағдайы төмен шәкірттерінің отбасылық жағдайына барынша қарайласып, қолынан келгенше көмек жасап тұрған екен. «Топырағына түспеген дән өнбейді», дейді бабамыз. Ал, Октябрь Қадырбайұлы болса, волейбол спортында қазақтың болашағы үшін сепкен дәнін топырағына жеткізе білген дара тұлға десек болғандай.  Дана Абай: «Өткірдің жүзі кестенің бізі, өрнеген сендей сала алмас», деген болса, Октьябрь атамыздың ойын алаңындағы көрсеткен талантты өнері мен бапкерлік қабілетін ұлы Абай теңеген теңеулерге түгелдей сай келетінін айтса артық болмас. Тума таланттың бойында тұнып тұрған дарын, сын сағаттарында арнасынан асып аққан тау суындай тасып ағатындай еді. Дарабоз спортшының кезінде ойын алаңына арыстандай атылып шығып, жолбарыстай әбжіл қимылға салып, түлкі бұлаңмен көрсеткен аламан өнеріне таңдай қағып тамсанбаған жан болмапты. Сол бір дүбірлі кездесулерді көзімен көрген көнекөз қариялар күні бүгінге дейін сағынышпен сол кездерді  еске алады. Ол кісінің ықпалымен іргесін қалап кеткен волейбол мектебінен қаншама шәкірттердің қанаттары қатайып, олардан өз алдына таланттар тобын тәрбиелеп шығарып отырды. Ұрпақтар жалғасы деген осы болар.

    Қазақ жерінде 1955 – 1972 жылдардағыдай волейбол ойыны секілді бірде-бір спорт түрі бұқаралық сипат алып, биік деңгейге көтерілмеген екен.

    Тіпті, елге танымал қоғам, өнер, мәдениет, әдебиет салаларының марқасқалары да осы спорт түрімен айналысып, осы күнге дейін волейболды салауатты өмір салтына айналдырып келеді.

    Олардың арасында әйгілі ақын, жазушы Олжас Сүлейменов, Нұртай Әбіқаев пен Амангелді Шабдарбаев секілді ел ағаларының қатары қалың. Аттары аталған ағаларымыздың  бозбала шақтарында Октябрь Жарлығаповтың ықпалымен волейбол ойнағанын біреу білсе, біреу білмес. Сол елімізге белгілі үш азамат әйгілі волейбол маманы  Жарылғаповтың төл шәкірттері  болып саналады. Әлемнің азаматы деңгейіне көтеріліп, арғымақ шабысты жырларымен миллиондаған оқырмандардың жүрегін жаулап, қайраткерлігімен ерекшеленген заманымыздың заңғар тұлғасы Олжас Омарұлы Сүлейменов спорттан да құр алақан емес. Әсіресе, волейбол десе ішкен асын жерге қояды. Қазірдің өзінде уақыт тауып спорт залға бас сұғып қана қоймай, халықаралық ардагерлер арасында өтетін тартысты жарыстарда әжептеуір ойын көрсетіп жүргенін көзіміз көрді.

    Ұлы Отан соғысына дейінгі, кейінгі жылдары волейбол аулалық спорт түрі болып келгені рас. Содан кейін әр жыл сайын бұл спорт түрі қарқын алып кеңінен дами бастады. Алматы сол кездері волейболға құмар халықтың орталығы болды. Стадиондарға мыңдаған адамның қарасы толып, спорт залдарда нағыз шеберлердің ойындарын тамашалауға көз тіккен халықта есеп болмаған. Тартысқа тола ойындарды көре отырып, волейболға деген  халықтың сүйіспеншілігі одан әрмен арта түсті. Бүгінде еліміз егемендік алғалы бері волейбол сол баяғы қырлы да қызықты ойын түрі болып дамып келеді. Денсаулық пен салауатты өмір салтының жаршысының бірі ретінде волейболға деген қызғушылық өз қызығын жоғалтқан емес. Волейбол – спорттың текті бір түрі деуге келетін сияқты. Бүгінде  елімізде ерлер мен әйелдер арасындағы ел чемпионаттарымен бірге ардагерлер волейболы құрылып, жасы 60-70-ті алқымдағын ағаларымыз ала допты әуеде ұршықша иіріп, денсаулықтарын жақсартуда. Дегенменде, елімізде волейболдың әуесқой түрінен бөлек  кәсіби деңгейдегі қал-ахуалы онша көңіл қуантарлық жағдайда болмай тұр. Мысалы, ұлттық құрама команданың жасара түскенінің себебінен бе әлде білікті волейбол мамандарының  жетіспеушілігінен бе әйтеуір еліміздің бас командасы соңғы кездері сүреңсіз ойындар көрсетіп жүр. Еліміздегі волейбол клубтары  жайлы әңгіме өз алдына бір мәселе.

    Осындай сәттерді Октябрь, Әлжан, Жәнібек, Заңғар сынды асқар таудай алып ағаларымыздың даңғыл жолдарын еріксіз еске алуға тура келеді. Біздің волейболда қазір көш бастайтын аттары аталған ағаларымыз секілді намысы биік, шебер, серке ойыншылар жоқтың қасы. Тұлғалар арқылы тәрбие жұмысы да жемісін бермей тұрған секілді. Ендеше, ұлттық құраманың тізгінін ұстаған жандардың осы олқылықтардың орнын толтыру үшін  белсене іске көшпесе осы бір текті спорт түрі тығырыққа тірелуі әбден мүмкін.

    Назым Хикметтің «Егерде сен жанбасаң лапылдап, ол жанбаса лапылдап» деген қанатты сөздерді еске ала отырып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жұмыла жұмыс істеу керек. Ойын алаңында  от болып лапылдаған патриот, шебер ойыншылардың ойынын көруге ынтық жанкүйер әзірге тартысты кездесулердің тамашасын көре алмай келеді. Сондықтан болар додалы ойындарды тамашалауға баратын халықтың қарасы сиреп бара жатқан сияқты. Көпшілікті волейбол алаңдарына тарту үшін алда тұрған  қадау-қадау мәселелерді қалай шешеудің жолын  қарастыратын кез жетті.

    Ол үшін мамандардың Октярбь ағамыз салып кеткен  сара жолдан сабақ алып, бүгінгі күні ескінің көзі, жібектің бөзі болып арамызда жүрген алдыңғы толқын ағаларымыздың тәжірбиесіне жүгінсе нұр үстіне нұр болмақ еді.

     

    Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,

    АЛМАТЫ

    Бір пікір

    1. Гүлжамал Кенжалиева

      Ұшпа топтың ұшқышы болған Октябр ағамыз туралы жазып таныстырғаныңыз үшін Ақын Ордабайұлы сізге мың алғыс айтамын. Өте орынды және қажетті жазба.

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *