Ел үшін еткен еңбек ешқашан елеусіз қалмайды. Әрбір салада өз ісіне адал, еңбекқор жандар әрқашанда көпшіліктің алғысына бөленіп, өз ортасына қадірлі болады. Ал спорт саласына келсек, өз ісінің маманы болып бар ғұмырын спортқа арнап жемісін, жетістігін көрген адамдарды көріп тәнті боларымыз анық. Сондай жанның бірі және бірегейі марқұм Амангелді Исмағұлов еді.
Амангелді Смағұлұлы 1941 жылы Орал облысы, Қаратөбе ауданы Сұлукөл ауылында дүниеге келді. Ауылда өткен балдәурен балалық шағында-ақ, ағамыз сауба қамшы таяқты ат қылып мініп, ойынға тоймай шапқылып жүрген құрбы-құрдастарынан ерекше оқшауланып тұратын, айбары мықты, батыр жүректі, ойы алғыр істеген ісіне жауапты дара бала болып өседі.
Онжылдық мектепті аяқтағаннан кейін Амангелді ағамыз арман қуып Алматыға келіп, Қазақ мемелекеттік ауылшаруашылық инистутына оқуға түседі. Иниститут қабырғасында жүріп күрес десе ішкен асын ысырып қоятын талантты белгілі жас бапкер П.Г.Терещенконың қол астында самбо күресімен айналыса бастайды. Спортқа да сүйіспешілікпен, құмарлықпен және жауапкерлікпен қараса ғана нәтиже келетіні белгілі. Амангелді Исмағұлов спорт залдағы шүмектеп төккен тері мен алған бетінен қайтпайтын қайсар мінезінің арқасында алғашқы жеңістеріне де жете бастайды.

1966 жылы самбо күресінен Бүкілодақтық біріншілікте ауыр салмақ дәрежесі бойынша бағын сынаған дарынды балуан жеңіс биігінен көтеріліп алтын жүлдегер атанады. Сол жеңісі үшін КСРО спорт шебері деген атаққа ие болады. Осы жеңістен кейін Қазақстанда өткен Студенттік ойындар мен Спартакиадалардың бірнеше дүркін жеңімпазы болып, жасы қырықтың қырқасына келгенше бозкілемде шаршамай күреседі. Дара балуаннан дана бапкерге ауысатын кезі келгенде, «Ой көбеймей, қой көбеймейді», демекші, 1968 жылы әлі білім жолын жалғастырып Алматыдағы Дене шынықтыру иниситутына оқуға түсіп, жаттықтырушылыққа түгелдей бет бұрады. Өмірде өзі еңбек еткен саласында із қалдыру бапкер үшін өте маңызды. Өмірлік мол тәжірбиесін жасөспірім қазақ балуандарына арнауды жөн көрген Амангелді Смағұлы сол кезден бастап жаңа буын талапкер жастарды тәрбиелеуді қолға алады.
Бапкерлік жолдағы еңбегі де баянды болып қазақ күресі, самбо және дзюдо күресінен 30-дан астам спорт шеберлерін дайындап шығарады. Осы еңбегі үшін оған 1991 жылы Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген жаттықтырушысы атағы беріледі. Өзінің еңбек жолын Қазақ Педагогикалық иниститутының қабырғасынан бастаған ардагер балуан, ардақты бапкер Алматы сәулет-құрылыс инистуты, Т.Рысқұлов атындағы мемлекеттік басқару және экономика университетінде түрлі қызметтерді атқарған екен.
«Тең теңімен тезек қабымен», дегендей, құдіреті күшті құдай екі бірдей елге танымал адамның өмір жолын түйістіріп қосып қойғанынына таң қалмай қоймаспыз. Амангелді ағамыздың жан жары Люция Қажығалиқызы Төлешованы да елімізде білмейтін жан жоқ шығар. Люция апайымыз да музыка саласында дара дауысымен халықтың жүрегінен орын алған атақты жан, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, күміс көмей атақты әнші, өнер саласында көптеген шәкірттерін тәбиелеп шығарған білікті ұстаз. Ал ұлы Тайман анасына тартып, музыка саласында «Т-Mag» деген рок-джаз мектебінің елімізде негізін қалаған өнер тарланы.

«Ат жақсысын мақта, адам жақсысын жақта», демекші, осындай өмір жолы ізгілікпен өрілген ардагер жан Амангелді Смағұлұлы қазақ спортында үлкен із қалдыра білген тұлға. Амангелді Смағұлұлын әрі ұстаз аға әрі бозкілемдегі қарсыласы, сырлас досы тұтатыны, күрестің үш түрінен – дзюдо, самбо және қазақ күресінен спорт шебері, Қазақ КСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Амантай Қарақов ағамыз ақжағалы ағасы туралы ерекше толқыныспен сағына отырып ойын былай деп білдірді:
«Амангелді ағамыз ерекше туған жан еді. Өз ісіне адал, өз ойын қорықпай, бүкпей айтатын батыр десе болады. Қызылорда облысында өткен 1982 жылы 40 жасында 100 келі салмақта республика чемпионы болғаны есімнен кетпейді. Ерекше сымбатты, досқа адал, ақжарқын ақкөңіл жігіт еді. 1980-жылдары бригадалық әдіспен бірнеше бапкерлер Әбілқайыр Байбосынов, Сейдолла Қалиев, Нағызбек Ордабаев, Ойрат Бектаев, Амангелді Ысмағұлы және мен секілді Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушылары бәріміз бірігіп студенттерді Нархоздың жертөлесіндегі спорт залында жаттықтырдық. Сол қайталанып келмейтін қызықты күндер есімнен кетпейді. Аттары айшықты бапкерлердің барлығы әр қоғамның өкілдері еді.
«Илегеніміз бір түйенің пұшпағы», демекші, бәріміз бірігіп жасаған жұмысымыздың берекесін көріп бірге қуанып, бірге жүрген едік», деп Дене тәрбиесі мен спорт туралы жарыққа шыққан 8 кітаптың авторы, профессор, ғалым, ардагер балуан Амантай Қарақов ағамыз ағасы әрі досы Амангелді Смағұлұлы туралы ерекше толқып,тебіріне еске алады.

«Жақсының аты өлмейді», демекші, жақсының есімін ұлықтап жиі еске алу арқылы жасұрпаққа өткеннің өткелінен сүрінбей өткен атпал азаматтарды дәріптеу жасұрпақтың парызы. Сонау Кеңес өкіметі кезінде «Тіккеннен гүл, заhардан бал» шығарып, тер төгіп табанды еңбек еткен тұлғалардың есімдерін ұлықтай отырып, біз жастардың бойына патриоттық сезімдерін оятып, спорт жолында ерінбей еңбек етуге бағыт көрсетіп тәрбиелейміз.
Міне, осы орайда республика күніне орай, Алматы облысы, Еңбекші қазақ ауданы, Есік елді мекеніндегі Балалар мен жасөпірімдер спорт мектебінің шаңырағында дзюдо күресінен 2008-2009 жылдары туған жасөпірім ұлдар арасында Қазақстан Респубюликасының еңбегі сіңген жаттықтырушы, КСРО спорт шебері Амангелді Смағұлұлы Исмағұловты еске алуға арналған 2009-2010 жылдары туған жасөпірімдер арасында дзюдо күресінен республикалық дәстүрлі жарыс болып өтті.
Айтулы аламан додаға еліміздің әр өңірінен 15 команда яғни, 200-ге жуық жасөспірім балуандар келіп қатысты. Бұл жарыс үш жыл қатарынан өткендіктен дәстүрлік сипат алып, аз уақыт ішінде көптеген талантты балалардың тұсауын кескен жарыс болып ел ішінде айтылып келеді. Сол себептен Алматы облысы спорт басқармасының жылтізбегінен орын алып, дәстүрлік сипатқа ие болған турнир қатарына қосылған. Сонымен жарыстың салтанатты ашылуына келген құрметті қонақтардың арасында Педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының еңбегі сіңірген жаттықтырушы, Қазақ КСР спорт шебері, дзюдо тарланы Амантай Қарақов, дзюдо күресінен Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, самбо күресінен КСРО спорт шебері Сейділда Қалиев, самбо, дзюдо және қазақ күресінен спорт шебері тарих ғылымдарының кандидаты Нұрлан Жақсылық, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушы Нұрғалым Теміров, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Әнуар Сайдулин секілді аттарынан ат үркетін Амантай Қарақұлы мен Амангелді Смағұловтың Ермек Қазыбек пен Серік Сатаев сынды бел шәкірттері келіп қатысып, жас балуандарға жеңісті жекпе-жектер тіледі.

Осындай республикалық деңгейде өткен жекпе-жектің жақсы өтуіне зор ықпал көмегін жасап, спорт шаңырағын әзірлеп берген Балалар мен жасөпірімдер спорт мектебінің директоры, жоғары санаттағы жаттықтырушы Абай Сырғабаевтың жарыс иесі, қадірлі жанға деген жан-жақты жүгіріп жүріп көрсеткен қолдау, құрметін көріп тәнті болдық. Жарыстың салтанатты ашылуы аяқталғаннан кейін балуандар белдесулері жалғасын тапты.
Сонымен жарысқа келіп күн ұзақ бозкілемде жеңіс үшін бар шеберліктерін салған балуандардың арасынан топжарғандардың да есімдері белгілі болды. 50 келіде Дамир Жұман (Талғар ауданы), Бекарыс Сұлтанғазы (55 кг, Еңбекшіқазақ ауданы), Аслан Ерғалиев (60 кг, «Хамза» спорт клубы), Жалғас Ғабдулашим (66 кг, «Жігер» спорт клубы), Аян Бақытұлы (73 кг, ОРРММИК спорт мектебі), Абдрахман Дәуренұлы (81 кг, Райымбек ауданы), Иван Петровский (90 кг, СДБАММИК спорт мектебі) және 90 келіден аса салмақта
Бекжан Әлижанұлы («Хамза» спорт клубы) жарыс жеңімпаздары атанды.
Елімзде дзюдо күресінің дамуына үлесін қосар бір турнир осылайша кезекті жарысын аяқтады. Кім білсін ертеңгі күні Елдос Сметов секілді Олимпиада чемпиондары осындай аламан жарысқа түсіп жатқандардың арасынан шығып жатса, төгілген тер, толассыз еңбектің ақталғаны емес пе!
Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,
АЛМАТЫ

SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары