• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Ерім дейтін ел болмаса, елім деген ер қайдан болсын?

    Дана халқымыздың осындай тамаша сөзі бар. Алайда, көп жағдайда бұл сөздің мағынасына мән бере бермейтініміз рас. Жақында қазақ күресін әлемдік деңгейге көтеріп жүрген қос азамат Ислам Әбішев пен Серік Түкеевтердің басына іс түскен кезде барып, мен бұл сөздің не үшін айтылғанына көзім жетіп отыр. Елім деп жүрген азаматтарға қолдау көрсетіп, оларды Ерім дейтін кез келгендіктен қолыма қалам алдым.

    Серік Адамұлының қазақ күресіне сіңірген орасан зор еңбегін бір мақала аясында айтып шығу мүмкін емес. 2004 жылы Берлинде өткен қазақтардың Бүкіләлемдік құрылтайында қазақ күресінен дүниежүзілік федерация құрылып, Серік ағамыз басшы болып тағайындалды. Сөйтіп, қазақ күресін әлемге танытудың алғашқы қадамы жасалды.

    2005 жылы Көкшетауда өткен «Ақ бидай» ауыл спортшыларының спартакиадасына келген Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сол кездегі ұлттық штаттар дирекциясының басшысы, Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының президенті Серік Түкеевке: «Қазақ күресін әлемдік деңгейге жеткізіндер! Біздің ұлттық спортымызды бүкіл әлем білгені үлкен мақтаныш. Мен өзіңе сенемін», деп дүйім елдің көзінше тапсырма берді.

    Содан бері өткен 14 жылда Серік Адамұлы Елбасының сенімін толық ақтап шықты десек артық айтпаған болар едік. Кейін Серік ағамыз Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының тізгінін ұлтжанды азамат Ислам Әбішевке беріп, екеуі тізе қосып ұлттық спортты ұлықтауға кірісті. Ел үшін туған екі азаматтың табандылығы мен қажырлығы арқасында бүгінге дейін қазақ күресінен 7 рет әлем, 11 рет Азия, 5 рет Еуропа, 2 рет Пан-Америка және Африка чемпионаты өтіп, 3 рет әлем кубогы оздырылды.

    Бұдан басқа Ислам Әлмақанұлы мен Серік Адамұлы бастаған Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясы күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлы мен Ырғызбай Досжанұлы атындағы халықаралық гран-при турнирі, Бақытжан Жаңбырбаевтың жарыстарын өткізіп тұрады. Ардақты ағаларымыздың маңдай терінің нәтижесінде әлемнің 40-тан астам елінде қазақ күресі федерациясы ашылып, белсенді жұмыс істеуде.

    Сонымен қатар қазақ күресі  Біріккен күрес қауымдастығына мүше болып, ұлттық спортымыз әлемдік деңгейге көтерілді. Ашғабадта өткен жабық Азия ойындарында қазақ күресі еніп, бөркімізді аспанға аттық. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында төл күресіміз ойып тұрып орын алды. Мұның бәрі айтуға оңай болғанмен, өте үлкен еңбекті қажет ететін іс-шаралар. Елім деген екі азаматтың асыл арманы – әлемге тарыдай шашыраған қазақ ұлтының бірлігін ұлттық өнер арқылы насихаттау, ұлттық күресімізді Азия ойындары мен Олимпиада деңгейіне көтеру болды. Бірте-бірте ол арманға да жетуге жақындап келе жатқаны да рас.

    Әсіресе, ұлттық спортымыздың әлемге тарауымен қоса, қазақ тілінің де әлемдік деңгейге көтерілгенің баса айта кеткен жөн. Сондай-ақ ұлттық күрес палуандарының киетін күрес киімінің өзінен қазақи болмыс бірден көзге ұрып тұрады десек болады.

    Біз сөз етіп отырған игілікті іс-шараның барлығы төл күресімізді әлемдік деңгейге шығарған қос азаматтың, яғни Ислам Әбішұлы мен Серік Адамұлының еңбектері екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Кейіннен, Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясына балама ретінде тағы бір Халықаралық қазақ күресі федерациясы ашылып, ұлттық федерация осынау көштің басында тұрған заңды ұйымнан іргелерін алшақтатқан кезде де бұл қос азамат мойыған жоқ. Қолдан жасалған кедергілерге қарамастан алға қадам баса берді. Ең бастысы олар Елбасының тапсырмасын бұлжытпай орындап, ұлттық күресімізді әлемдік деңгейге шығарды. Біз сол үшін де бұл азаматтарды құрмет тұтуымыз керек деп ойлаймын.

    Сөз басында айтқанымыздай Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ерлер қайдан шығады ағайын? Елім деп жүрген азаматтарды қорғап, олардың есімдеріне дақ түсірмеу барша ұлтжанды азаматтардың міндеті деп білеміз. Біз олардың қазақ спорты үшін, оның ішінде ұлттық спорттың төресі болып табылатын қазақ күресін дамыту жолында әлі талай сүбелі істер атқарады деп сенеміз.

     

    Мұсағали ТАСҚАЛИЕВ,

    «Спорт жұлдыздары» республикалық

    журналының бас редакторы,

    Қазақ журналистикасының қайраткері,

    Қазақ Спорт және Туризм академиясының

    құрметті профессоры,

    «Қазақ күресін дамытуға қосқан үлесі үшін»

    төсбелгісінің иегері.

     

    Ақтөбе қаласы

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *