• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    Ұлттық Олимпиада комитеті

    Ауыр атлетикадан ӘЧ: Қазақстан жалғыз жүлдені қанағат тұтты

    Қазақстан құрамасы Қытайдың Нинбо қаласында ауыр атлетикадан өткен әлем чемпионатында бір медаль ғана алды.

    Әлемдік додада ел намысын жеті спортшы қорғады. Жарыс қорытындысы бойынша отандастарымыз бір күміс жүлдеге ие болды.

    Құрама қоржынына жалғыз жүлдені 95 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Нұрғиса Әділетұлы салды. Ол жұлқа көтеруде 182 келіні, ал серпе көтеруде 217 келіні басынан асырды. Қоссайыс нәтижесінде 399 келіні көтерген зілтемірші әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды.

    Сонымен қатар Нұрғиса Әділетұлы жұлқа және серпе көтеру жаттығуларының екеуінде де екінші орын алып, тағы екі кіші күміс медаль иеленді.

    Бұдан бөлек, Қазақстан құрамасының сапында Алексей Чуркин 85 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде төртінші орын алып, жүлдеге бір қадам жетпей қалды.

    Любовь Ковальчук 86 келіден аса салмақта алтыншы орынға тұрақтаса, Артем Антропов 110 келіге дейінгі салмақта сегізінші орын алды.

    Петр Хребтов (75 келіге дейін) 14-орынға жайғасса, Едіге Емберді (85 келіге дейін) 16-орынға табан тіреді. Ал Аянат Жұмағали (77 келіге дейін) жарысты 19-орынмен аяқтады.

    Нұрғиса Әділетұлы бұған дейін 2024 жылы әлем чемпионы атанып, 2022 жылы күміс медаль жеңіп алған. Сондай-ақ биыл қыркүйек айында Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында өткен жазғы Азия ойындарында жеңіс тұғырының екінші сатысына көтерілген.

     

    Дастан КЕНЖАЛИН,

    АСТАНА

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *