• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ

    Қазақ күресінің қара нары

    Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы,  Қазақстан Республикасының құрметті спорт қызметкері төс белгісінің иегері, Алматы облысы  Іле және Райымбек аудандарының  құрметті  азаматы,  Дене шынықтыру саласының үздік қызметкері, Жетісу өңірінде  ұлттық күресіміздің дамуына орасан үлесін қосқан айшықты тұлға Қапар Рауановтың зейнетке шығу мерейтойына орай, жасөспірімдер арасында ел чемпионаты болып өтті.

    Бүркіт баласын құзар шыңнан төмен қарай лақтырып жіберіп қасында ұшып жүреді екен. Егер балапаны қанатын тіктеп жайып алып ұшып кетсе, қыран бүркіттің көңілі тоқ болады. Ал егер қанатын жая алмай, қаға алмай  сасқалақтап  төмен кетсе,  қыран оны қағып алып қайта шыңға алып апарып қанаты қатайғанша бағады екен. Міне, құс екеш құстың төресі бүркітпен адам арасындағы айырмашылық онша алыс емес сияқты. Адамда жан баласын жақсы жолда тәрбиелеп өсіріп өмір атты асау арнаға жібереді емеспе. «Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілесің», демекші, бала отбасында әке-шешеден қандай тәлім-тәрбие алса өскенде қиналмай өмірдің ауыр кезеңдеріне қарсы тұра білетін шыңдалған, шымыр болып шығады. Ауыл өтінде қыран құстай шыңдалып өсіп, төл күресімізден бір шоғыр таланттырды тәрбиелеп шығарған, қазақ күресінің қара нары, көптеген елге танымал мұзбалақ балуандарды тәрбиелеген күрес маманы Қапар Тоқтарбайұлы Рауанов өміржолы көпке үлге десек болады. Енді бар ғұмырын ел спортының өркендеуіне арнаған ардақты азаматтың өрнектелген өмір жолына назар аударсақ.

    Капар Тоқтарбайұлы Рауанов – 1963 жылы 28 қазан күні Алматы облысы, Нарынқол ауданы, Сарыбастау ауылында дүниеге келеді. 1971-1981 жылдары Сарыбастау ауылында В.И.Ленин атындағы орта мектепті оқып бітіргеннен кейін, 1981-1985 жылы Алматы қаласындағы Дене шынықтыру институтына оқуға барып түседі. Қатарластарымен қатар, Отан алдындағы әскери борышын 1985-1987 жылдар аралығында өтеп қайтады. Туған жерге оралған соң, 1987 жылдан бастап Сарыбастау ауылындағы Ленин атындағы орта мектепте дене шынықтыру пәнінен мұғалім және балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде қазақ күресінен жаттықтырушы болып жұмыс жасап көптген ауыл балаларының талантын ашып жаттықтырады. Негізі таланты бойына сыймай, қалыпқа келмейтін жандар болады. Сондай бір дарын иесі Қапар Тоқтарбайұлы ауылдан қалаға аттанып алдына биік мақсат қойып қаладағы жастарды қазақ күресіне үйретуді арман етіп Алматыға аттанып кетеді.  Қарабалас  құйтырқысы қиын қала өміріне үйрене жүріп, Өтеген кентінде орналасқан №13 М.Мақатаев атындағы қазақ орта мектебіне дене шынықтыру пәнінің  мұғалімі болып орналасады.

    Өтеген кентінде жасөспірімдерге арналған спорт мектебі бар екені мәлім. 1998 жылдан бастап Іле ауданына қарасты айтулы спорт мектебінде оқытушы жаттықтырушы болып жұмыс жасап көптеген жастарды қазақ күресіне тәрбиелейді. Жаттықтырушылыққа қабілеті жоғары азамат спорт мектебіне қызмет ете жүріп 1-еңбегі сіңген спорт шебері, 1-халықаралық спорт шебері, 17 — спорт шебері және 150-ге жуық спорт шеберіне үміткер дайындап шығарады.

    Қапар Тоқтарбайұлының үздік шәкірттері  бүгінде Қазақстан  құрама команда мүшелері болып, Азия, Дүниежүзілік  чемпионаттарға қатысып, жүлделі орындардан көрінуде. Қазақтың сахара кең даласы қаншама тарихты қойнына құшып жатыр десеңші. Осынау байтақ жерімізді сыртқа жаудан қорғап қалу үшін қаншама жаужүрек батырларымыз қан майданда жандарын құрбан етті. Сонау тарихымыздын ақтаңдақ беттерін ақтарғанда елімізді найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғап аман сақтап қалған ержүрек батырлардың ішінде Райымбек Ханкелдіұлы бабамызды ерекеше айтатынымыз белгілі. Райымбек батырдың рухына арналып елімізде қазақ күресінен дәстүрлі жарыс өткізіліп тұратынын да жақсы білеміз. Ал осы байрақты бәсекені негізі ұйымдастыршысы Қапар Тоқтарбайұлы екендігін баса айтқанымыз жөн болар.

    Қазақ күресі десе ішкен асын жерге қоятын майталман бапкердің ұлттық спортты дамытудағы ең биік жемісі ол қазақтың әйгілі батыр қолбасшысы Райымбек Ханкелдіұлы атындағы дәстүрлі жарысты ашуға ұйтқы болды. Бұл жарысты алғаш 2000-2002 жылдары облыс деңгейінді өткізеді. Кейін келе жарыстың беделі артып, қатысушылардың саны өсе бастанына қарай отырып, 2002 жылдан бастап жасөпірімдер арасында республикалық деңгейге шығарады. Міне, содан бері күні бүгінге дейін Райымбек бабамыздың атындағы қазақ күресінен өтетін байрақты жарыс тоқтаусыз жоғары нәтижеде ұйымдастырылып келеді. Осыншама жылдардан бері жарыстың басты ұйымдастырушысы Қапар Рауановтың мұрындық болуымен, батыр рухына арналған жекпе-жектің абыройы жыл санап арта түсіп, таланттар қатары көбейе түсуде.  Қапардың шәкірттері екі дүркін әлем чемпионы — Тәліп Бауыржан, екі дүркін Азия чемпионы және әлем кубогінің иегері  Нұржан Жұмажан, әлем чемпионатының күміс жүлдегері  Қайнар Қажымұқан, Азия чемпионы Шыңғыс Зәкен, Қазақстан және спартакиада жүлдегерлері мен чемпиондары Жанат Есенбердиев, Дәурен Жұмаханов, Мақсат Терлікбаев, Қуаныш Ғани, Медет Шәріпханов, Алмат Тоқтарбай, Теміржан Дәулет, Нұрсұлтан Тұрсынжан, Бейбіт Сұлтанов, Текей Зейналиев, Құдайназар Зейналиев, Татьяна Цой, Ерлан Қожабеков, Ақбала Совет, Мөлдір Әшірбекова, Айгерім Дүйсенбаева. Сарыбастаулықтар Ерлік Жалбағаев, Саян Әлімжанов, Аман Мекебаев сынды жалаңтөс батыр балуандардың барлығы дерлік осы Райымбек батырдың турнирінде күресіп өсіп шыңдалып, жетілген десе болады. Райымбек батырдың атындағы бұл жарысты, қазақ күресінің бүгінгі таңда дамуына зор үлесін қосып келе жатқан еліміздегі жасөпірімдер арасындағы бірегей дабыралы жекпе-жек деп толық сеніммен айта аламыз.

    Қапар Тоқтарбайұлы 2008 – 2023 жылдары Іле ауданының балалармен жасөспірімдер спорт мектебінде директордың оқу-ісі жөніндегі орынбасары қызметінде жұмыс атқарып келсе, 2023 жылдың 29 наурыз айынан бастап Іле ауданының балалар мен жасөспірімдер спор мектебіне директор лауазымына тағайындалды.  Елдегі ұлттық күресімізді дамытуда 34 жыл бойы айтарлықтай еңбек сңірген жан көптеген жоғары марапатқа ие болған.  Олар 2011 жылы қазақ күресінен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, 2013 жылы Қазақстан Республикасының құрметті спорт қызметкері төс белгісімен, 2018 жылы Дене шынықтыру саласының үздік қызметкері атағымен 2017 жылы Іле ауданының құрметті азаматы атанса, зейнетке шығуына орай өзі көп еңбегі сіңген Райымбек ауданының азаматы атағымен марапатталды. Сондай-ақ, Туризм және спорт министірлігі Спорт комитетінің Алғыс хаты да бар.

    «Жігіттің халыққа жаққаны-шырақ жаққаны», деген екен бабаларымыз.  Еңбегінің жемісін көрген ел ағасы Қапар Тоқтарбайұлының зейнетке шығуына орай өткен жексенбі күні Алматыда жасөпірімдер арасында республикалық жарыс болып, талантты жас балуандардың есімдері анықталды. Еліміздің әр өңірінен келген 250-ге тарта жасөпірім балуан екі күн бойы Қазақстан чемпионы атағы үшін бозкілемде жан аямай күш сынасты. Сонымен 10 салмақ бойынша жеңіс жолында шеберлік көрсеткен балуандардың арасынан топжарып, жеңіске жеткендердің есімдерін атап өтейік. Жеңіл салмақтардан басталған бәсекеде 32 келіде Түркістан облысының балуаны Абай Аманбай, 35 келіде Жамбыл облысынан Нұртас Көкірекбай, астаналық Нұрбек Рахманберді (38 кг), Түркістан облысынан Заңғар Жаңабай (42кг), Қостанайдан Әмір Сұлтанов (46кг), Ақмола облысынан Бақдәулет Сабыр (50кг), Ақмола облысынан  Бекзат Жанұзақ (55кг), 60 және 65 келі салмақтарда  қызылордалық Бағдат Баймұрза мен Рамазан Жұмағали мен 65 келіден аса салмақта Астана қаласының балуаны Шаухат Шамшиден ел чемпионы атанды. Жеңіс биігіне көтеріген жасөспірім балуандар дипломдармен бірге қаржылай сыйлықтарын қазақ күресіне еңбегі сіңген ардагерлердің қолынан марапатталды.

    Еңбегінің өнбегін көріп зейтке шыққан Қапар Тоқтарбайұлының мерейтойына елімздің әр өңірін өзімен бірге спорт саласында жылдар бойы бірге қызмет жасаған достары мен туған жері Нарынқол өңірі Сарыбастау ауылынан бір қауым ел келіп құттықтады.

    Құрметті қонақтар қазақы салт-дәстүрмен мерейтой иесінің астына темір тұлпар мен бәйге аттарын мінгізіп, үстіне оқалы шапан жапса, Райымбек ауданының әкімшілігі айтулы  ауданның құрметті азаматы атағын салтанатты түрде табыс етті. Рауановтар әулетінің жүзі кетпес қайрағы, қазақ спортының қайраткері Қапар Тоқтарбайұлы Алматы облысы ғана емес елдегі спорт саласын дамытуда зор үлесін қосып келе жатқан қайраткер. Қапардың өмірлік жары Қанағат екеуінен Санат, Алмат, Әліби атты алтын асықтай үш бала дүниеге келген.

    «Әкеге қарап ұл өсер», демекші, үш ұлының ішінде Әлиби мен Алматы әке жолын қуып, күрес саласында бірталай жетістікте жеткен. Айталық, Әліби самбо күресінен әлем чемпионатынаның қола жүлдесін жеңіп алса, Алмат жасөпірім балуандарды тәрбиелеп спорт залда шүмектеп тер төгіп жаттықтырушы болып жүр. Сонымен қатар Алмат Қазақстан спартакиадасында жүлделі үшінші орынды жеңіп алған балуан. Ал үлкен ұлы Санат Алматы облыстық ауыруханасында балаларды емдейтін белгілі дәрігер болып қызмет істейді. Келіні Аружан үйдің шаруасын реттеп берекесін кіргізген құтты келін болса, немерелері Хақназар мен Саурықта атасы салған сара жолға түсетін сыңайлы.

    «Болар бала бесігінде бұлқынар демекші», теледидардан күрес көрсе, қол-аяқтарын қимылдатып балуан болғысы келетін  әсер қалдырады. Кім білсін атасы мен әке жолының жалғаушысы болып ертең үлкен аламанда топжарып жатса еш таңғалмаған болар едік. Міне осындай тәрбиелі отбасындағы ынтымақты тіршлік өзгелерге де үлгі- өнеге болары сөзсіз.

    Қазақ күресінің дамуымен қатар, Райымбек Хангелдіұлы, Өтеген батыр, Әлмерек баба секілді дәстүрлі жарысты ұйымдастыру арқылы көптеген саңлақтардың тұсауын кесіп ұлы дүбірге шығаруға үлес қосқан ардақты жан Қапар Тоқтарбайұлы Рауановты жылдар бойы жемісін үзбей беріп келген мәуелі ағашқа теңер едік.  Сәбит Дөнентаевтың: «Қызмет қылсаң халқыңа,  Игі ат қалар артыңда», деген екен. Артында тек жақсы сөз қалдыра білген қазақ күресінің қайраткері Қапар Тоқтарбайұлының қаншама жастарды тәрбиелеп ел үшін еткен еселі еңбегі ешқашан ескерусіз қалмайды. Хадисте: «Адамның жақсысы айналасына пайдаласы», деген. Туған жеріне ту тіккен ардагер тұлға әлі де Алматы облысының спортының дамуы үшін аянбай еңбек етіп келеді.  Ел- жұртына қадірлі азаматтың мерейтойына құтты болсын айта отырып, әлі де аттан түспей ел спортына дамуына қосар үлесіңіз  молынан болсын дейміз.

     

    Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,

    Алматы облысы

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *