• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Ұшпа допты ұршықша иірген ұландар 

    Волейболдан Қазақстанның ерлер және әйелдер чемпионаттары қызу қарқында аяқталып, жеңімпаздар мен жүлдегердің есімдері белгілі болғанын білеміз. Осы бір сәтте  Алматы облысының ұшпа доп шеберлерінің жетістіктерін көріп желпініп жүрген жасөспірімдердің ойындарын көріп жақсы бір ойда қаласың.

    Бүгінгі таңда Жетісу өңірінде волейбол өрлеп келеді. Оған дәлел Жетісудың ерлер мен әйелдер командаларының ел чемпионатында топ жарып республика чемпиондары атануы.  Иә, арбаның алдыңғы дөңгелегі қайда жүрсе артқы дөңгелегі де солай жүретіні белгілі.

    Алдыңғы лектегі ағаларының тартысты ойындарын көріп өсіп келе жатқан жас буын соларға ұқсап теңелуге құштар келеді. Осы орайда Алматы облысы Іле ауданы Өтеген кентінде орналасқан Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы Қапар Раунов басшылық ететін Балалар мен жасөсіпірмдер спорт мектебінің жалынды жас волейбол шеберлерінің жеңісті жолдарын әңгіме еткенді жөн көріп отырмыз.

    Ауыл қазақтың күре тамыры, алтын бесігі. Ауылдан түлеп ұшқан таланттардың әлем чемпионаттары мен Олимпиада ойындарында алтын жүлделерді жеңіп алып, ел намысын абыроймен қорғап жүрген спорт жұлдыздарының аттарын айтып тауыса алмаспыз. Міне, жуырда сол ауыл таланттарын танытуда волейболдан «Ауыл спорты» республикалық ойындары өз мәресіне жетіп, жеңімпаздар мен жүлдегерлердің есімдері белгілі болды. Сол волейболдан «Ауыл спорты» республикалық жарысында қарсыластарына еш мүмкіндік бермей, тартысты тамаша ойындарымен озып шығып бас жүлдені Алматы облысы Іле ауданы Өтеген кентіндегі Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің «Іле» командасы жеңіп алды.

    Иә, қарап тұрсақ иә, жеңген екен деп құтты болсын айтып қоя салуға болар еді. Бірақ, түп негізіне саралай отырып, команданың жайдан жай ел чемпионы бола салмағанына көз жеткізімез. «Ұлы істе ұйытқы болған ұлы адамдар өзінен өзі ұлы бола қалмайды», — деген екен Платон. Команданы ұйытып, қанша уақыт спорт залда балалармен бірге шүмектеп тер төккен, жаста болса бас болып ұжымды ұйыта білген бапкері  Ғалым Нұрғалымұлы Ғайнолдың толассыз еңбегінің жемісін көреміз. Айтпақшы, осындай талантты жастарды жасақтап үлкен биікке шығара білген команда тамыршысы, бапкері Ғалым Ғайнол республикалық «Ауыл спорты» жарысында Алматы облысының «Үздік бапкер» атағымен марапатталған екен.  «Іле» командасында жаттығатын  9-10 сыныптардың оқушылары  талмай жасаған табандылығының арқасында алдымен ауданды, сосын облыста қарсыластарын қапы қалдырып үздік шығып барып республикалық бәсекеге аттанады. Еліміздің әр өңірінен, яғни 17 облыстан келіп қатысқан су тимес су жорғалардай жүйрік шыққан командалар арасында «Іле» командасы  бірде бір рет жеңілмей бас жүлдені иеленеді. Осы турнирді команданың тірегі әлі жүрегі болған Мұрат Айбар төрешілердің  пікірімен «Үздік ойыншы» атанады. Осылайша, республикада топ жарған ат тоқымындай Өтеген кентінен шыққан «Іле» жасөпірімдер командасы еліміздің намысын қорғау үшін Түркияның Анталия қаласында өтетін халықаралық  «Достық ойындары»  жарысына жолдама алып аттанып кетеді.

    Бағы мен бабы сай келген қазақтың қарадомалақ ұландары ол жақта намысты қолдан бермей, қарсыластарын қалдырмай жеңіп шығып, бірінші орынды жеңіп алады. Бұл жарыста өзінің үздік ойын өрнегімен көрермендердің көзайымы болған Адмир Махамеджанов «Үздік ойыншы» атанып командасының ғана емес, қазақ елінің абыройын асқақтатады. Елімізге жеңіспен желпініп жеткен жасұландарымыз араға бір күн салып, айылын жимастан облыстық жарысқа қатысып, онда да топ жарып бірінші орынға ие болады. Осындай аламан жарыстарда ұлтарақтай ауылдан шығып отырған осындай дарынды жастарымыздың жеңісті жолдары кімді болса қызықтырмай қоймаса анық. Сонымен қатар дарынды ауылдың қарадомалақ жасөспірімдеріне қолдау көрсетіп, сонау Түркияға дейін жол пұл, ас-дәмін көтеріп апарып қайтқан елдегі мецанат Тимур Құлыбаевтың істеген бұл шарапаты  үлкен құрметке лайықты деген дұрыс шығар. Дегеніменде спорттық инвентарлар айталық қолдобының тапшылығы дарынды балалардың емін-еркін дайындалуына қол байлайтын жағы да бар көрінеді. «Сый қылсаң сыпыра қыл», —  демекші, мецанат мырзаның енді осындай ауылдан шығып жатқан таланттрға барынша қолдау жасап, жаттығуы үшін қол доптарымен қамтамасыз етіп берсе, нұр үстіне нұр болар еді.  «Маңдайы терлемегеннің қазаны қайнамайды», — деген екен бабаларымыз.

    Ел намысын арқалаған жасұландарымыздың әлемдік деңгейде алар асуы, жетер жеңістері әлі алда деп сенім білдіреміз. Ең бастысы  алға меже етіп қойған арман мақсаттарынан танбай табанды еңбек етуі керек.

     

    Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,

    Алматы облысы,

    Іле ауданы

    Өтеген кенті

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *