Қазақстан спортын бір алтын шаңыраққа теңесек, сол алтын шаңыраққа уығын қадаған қаншама ардагер абыз ағалардың есімдерін кездестіреміз. Есімдері елге аян, апайтөс дарабоз жандардың арасынан Амантай Қарақұлын да көруге болады. Амантай ағамыз ел спортының қарқындап дамыған сонау 1968 – 1975 жылдары ұлы дүбірден шет қалмай барынша үлес қосқан адамдардың бірі. Самбо күресінен де жеткен жетістіктері бір түйеге жүк артқандай, Дегенмен ағамыз спорт саласындағы ғылымды насихаттауға орасан еңбек етті. Көптеген ғылыми пайдалы оқулық кітаптарын жазып шығарып, спортқа айырықша көзқараспен қарауға жұрттың назарын аудара білді. Сонымен қатар, республика бойынша спорт саласындағы мамандардың біліктілігін арттыру шарасын алғаш ұйымдастырған жанның бірі. Балуан ретінде де жеткен жетістіктері жетерлік.
Жуырда қазақ спортына еңбегі сіңген қайраткер, Қаз КСР-не еңбегі сіңген жаттықтырушы, КСРО спорт шебері, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, дзюдо тарланы, елімізде самбо, дзюдо күресінен көптеген елге танымал балуандарды тәрбиелеген білікті күрес маманы, ұлағатты ұстаз, зерделі ғалым Амантай Қарақұлының 80 жасқа толу торқалы тойына орай аламан жарыс болып өтті.
Дзюдо күресінен жасөспірімдер арасында өткен дүбірлі турнир Алматыдағы Жасқанат мөлтек ауданындағы «Талас» спорт кешенінің шаңырағында жалауын көтерген еді. Жарысты Амантай Қарақұлының төл шәкірттері ұйымдастырған екен.Төл шәкірттері ұстазына деген жарыс өткізумен ғана шектелмей, Амантай Қарақұлының атында дзюдо күресінен күрес залын ашып клубтың есімін беріп отыр. Ұстаздарына деген асау көңіл, мейірім шапағаттың осындай шаралармен аталып өтуі өзгеге үлкен өнеге екенінде дау жоқ.
Қош, сонымен жарыстың салтанатты ашылуына қазақ спортының ардагерлері Жарылқасын Оңалбек, Ерғали Мұхитдинов, Сейділда Қалиев, Қапар Рауанов, Ермек Имамбеков, Дәурен Шангерев, Абай Сырғабаев және екі дүркін әлем жарысының жеңімпазы Қанат Мәмбетов сынды көптеген ел спортына еңбегі сіңген қайраткерлер келіп қуанышпен бөлісті. Алдымен Амантай Қарақұлы атындағы дзюдо клубының тақтасының шымылдығы түріліп, дәстүр бойынша шашу шашылып, күй тартылып ән шырқалды. Сосын 8 салмақ бойынша жекпе-жектер басталып кетті. Айта кетер бір жәй, Амантай Қарақұлының өнегелі өмірі туралы жаңа ғана жазылып бітіп сиясы әлі кеппеген «Алаштың ақберені» атты қазыналы кітаптың жарыс барысыда салтанатты түрде тұсаукесері болып өтті.
Сонымен сексеннің сеңгіріне шыққан ардақты ұстаз, апайтөс балуан, аяулы әке Амантай Қарақұлының 80 жасқа келу торқалы тойы осылайшы аталап өтті. Күн ұзақ жарыс кілемінде жеңіс үшін жанкешті өнерлерін көрсеткен балуандар күн еңкейе бері мәресіне жетіп, жеңімпаздар мен жүлдгерлер дипломдар мен қатар қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Жекелей салмақтар бойынша 50 кг Бекен Абылқайыр, 55 кг Закен Дидар, 60 кг Әлібек Салауат, 66 кг Аймұқан Диас, 73 кг Аманжол Нұржан, 81 кг Баймағанбет Нұрасыл, 90 кг Абдрахман Дәуренұлы және +90 жоғары салмақтарда Әбілмансұр Атажанов жарыс жеңімпаздары атанды. Осындай аламан турнирді ұйымдастыруға зор үлесін қосып, айлар бойы дайындықтарын шыңдап қолдау жасаған төл шәкірттерінің тынымсыз, табанды еңбегіне сүйсініп Амантай Қарақұлы шексіз алғысын айтты. Сонымен қатар әсіресе, жарғақта құлағы жастыққа тимей ағайларының абыройы үшін бір тыным көрмей қызмет еткен Жүсіп Жамбаев, Нұрлан Жақсылық, Әнуар Сайдулин сынды арқалы ақжарқын азаматтарға Амантай ағайлары жарыс соңында қолын жайып аталық ақ батасын беріп, зор ризашылығын білдірді. Амантай ағамыздың өміріндегі бақытты күннің бірі осы,күн болған шығар сірә. «Не ексең соны орасың», — демекші айлар бойы үй көрмей, спорт залдарында шүмектеп тер төккен абзал ағаның үміті ақталды. Еккені жемісін берді. Елімізде адамның көзі тірісінде көшенің, кешеннің аты беріліп жатпайтынын жақсы білеміз. Ал бүгінгі іс-шараның ұйытқысы болған шәкірттерінің батылдығы, белсенділгі қуантарлық жәй. Өйткені, ұстаздарының көзі тірісінде осындай келелі іс-шараға мұрындық болып жоғары деңгейде ұйымдастыру әркімнің қолынан келе бермейтін іс. Ал бүгінгі қазақ спортының дамуына өлшеусіз үлесін қосқан ардагер жанның атына деп күрес залын ашылуы лайықты құрмет деп білеміз. Бұл әрине, көпке, қазақ қоғамына түзден түрен салған игі іс деп айтар едік. Ал Амантай ағамыз болса өзіне осындай құрмет жасаған шәріттеріне айтар алғысы бұл күні ернеуінен асып тұр. Есет би әрі батырдың:
— Мен мен мен едім,
Қатарға салсаң қайыспас,
Қас қара нар мен едім.
Шабуыл салса шаршамас,
Шын тұлпары мен едім.
Су шашырап, жел тимес Аударылмас қара кеме едім.
Қап түбіне сыймаған қара болат мен едім.
Қиядан ұшқан қу ілген,
Анық сұңқар мен едім.
Тегеуірім теріс біткен,
Тепсем жілік сындырған Қыран бүркіт мен едім, — деп жырлағын жыр, Амантай Қарақұлы сында бір қалыпқа сыймаған, елім деп ерінбей еңбек еткен тұлғаға бағышталған секілді.
Кезінде алысқанды алып ұрып, бозкілемді қарсыластарын қоғадай жапырған балуан болғанын бүгінде сол бір алпамсадай алып денелі бейнесіне қарай тұрып сүйсіне де қызыға қараймыз. Амантай Қарақұлы балуан ретінде де талай биіктерді бағындырып қана қоймай өзі тәрбиелеген шәкірттерінің жемісін жеңісін көре білген кеудесі көмбе, байтағы кең ардақты тұлға. Айталық төл шәкірттерінің арасында алғаш болып КСРО чемпионатында топ жарған Қайрат Мысықбаев пен бірге ұлттық құраманың бас жаттықтырушылары болған Ербол Қырғызбаев пен Ермек Имамбековтардың есімдерін бөле жара айта кеткен кеткен орынды.Сонымен қатар жуырда ғана самбодан әлем чемпионы болып келген Нұрғалым Теміров те ардақты ағамыздың дарынды шәкірттерінің бірі. Амантай Қарақұлының өмір жолы түрлі тарау-тарау мен сүрлеу-соқпақтардан тұрады.
Амантай ағамыз Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Жамбыл колхозының Доңызтау деген жерінде 1946 ж дүниеге келген. “Балалық-шағымыз жоқшылықта, қиыншылықта өтті ғой. Ол уақытта күріш, бидайды қаптап алып әкем арбаға тиеп ауданға тасиды. Содан әйтеуір бала-шағаға аздаған ас-суын тауып келеді. Әкем өте қарулы кісі болған. Сонда 100 кг салмағы бар бір қанар бидайды әкем тісімен тістеп көтеріп алып 10 метр жердегі арбаға апарып салады екен. Осындай әкемнің алып күші тағысын тағы ауылдағы оқиғаларды жиып теріп, “Атай әңгімелері” деген тақырыппен әңгіме жазып, жазушы болмақ оймен “Балдырған” журналына жазып жіберген болатынмын. Кейінірек “Әңгімелеріңіз жақсы бірақ әлі де жаза түсіңіз”, – деген демеу-жебеу жауабы келді. Негізі сол бір албырт жастық шақта болашақта кім болам деген арманмен ананы бір, мынаны бір көріп, іздеу үстінде жүретіндігі барлық балалардың басынан өтетін жағдай екені заңды. Менің сол кезде өзім секілді көптеген ауыл жастарындай арманымды іздеп жүрген шағым еді. Мектеп қабырғасында жүргенде үш жыл қатарынан комсомол комитетінің төрағасы болып, тіпті аудандық жиналыстарда мінбеден баяндама жасаған кезім де болды. Қысқасы, сол жоғары сыныпта жүрген кездерде-ақ менің осы спортқа, күреске деген құмарлығым оянып, айналыса бастадым”, – деп ардагер ағамыз балалық шағын еске алады.
Соғыстан кейінгі жоқшылық, қиыншылық ауыр өмірді басынан өткерген ағамыз Арман қуып Алматыға келіп жоғары оқуға түседі. Институтта бітіргеннен кейін көп жылдар бойы Халық шаруашылығы институтында спорт маманы болып қызмет етіп, көптеген елге танымал балуандарды тәрбиелеп шығарады. Амантай Қарақұлы елімізде спорт саласын ғылыми тілмен сөйлеткен жандардың бірі. Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері 120 астам ғылыми еңбекті жазған, сонымен қатар 10 аса оқулық кітап пен 15 оқу-әдістемелік құралдың авторы. Бұқаралық спорт түрлері бойынша республикалық жоғары спорт мектебінің директоры болып жүргенде алғаш болып елімізде бапкерлердің шеберлігін арттыру мәселесін көтеріп, семинар кеңестер дәстүрлі түрде жүргізіп отырған. Ол семнарларына сонау Кубадан аты әлемге әйгілі Сагарра сынды бокс мамандары шақырылып, біздің бапкерлермен бірге жұмыс жасағанын біреу білсе біреу білмес.
Бүгінде Амантай Қарақұлы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде жас студенттерге сабақ беріп келеді. Жастар ардақты ұстаздарының дәрісінен зор ғибрат алып, әрбір кездесуді асыға күтеді екен. Өмірде көргені мен түйгені мол, ардақты ұстаз, апайтөс балуан, зерделі ғалым Амантай Қарақұлының рухы күшті, елінің патриоты болатын жас ұрпақты тәрбиелуде аянбай еңбек етіп келеді. Айтары кемел, байтағы зор арда ағамыз қанатын қамдап ұшуға дайын сұңқардай иығын көтеріп бойын түзеп қоятын қимыл қозғалысына сүйсіне қарап, бозкілемге әлі де атып шығатындай әсер қалдырады. Жылдар бойы жиған мол тәжірбиесі жастарға аудай қажет-ақ қой шіркін деп қаламыз. Өйткені, технология дамып, еліміз Жасанды интеллектіге бағыт түзеп жатқанда көненің көзі, асылдың сынығы Амантай Қарақұлындай қазыналы қарияларымыздың киелі ауызынан шыққан әрбір сөздері қазақ қоғамы үшін маңызы зор деп білеміз.
Амантай Қарақұлының сегіз қырлы бір сырлы жан екендігін де тоқтала кетсе артық болмас. Балуандығы, бапкерлігі, ұстаздығы былай тұрсын домбырасын қолға алып Балуан Шолақ, Ақан сері, Біржан салдардың әндерін құйқылжыта, мақамына келтіріп салғанда тыңдаушысын елітіп, ерітіп алып кетеді. Күміс көмей әнші ме деп те қаласың. Сонымен қатар бұл кісінің емшілік, шипагерлік қасиеттері де бар екен. Талай рет жарыстарда балуандар жарақат алып қалса, ағамыздың қасиетті қолынан алған шипадан сауығып кетіп жатады екен. Бұл да бір адамға біткен ерекше қасиеттерінің бір болар. Сөз соңында мына бір екі шумақ өлеңмен түйіндесек. Сегіз қырлы жансыз ғой ғылым қуған, Балуан Шолақтай әрі балуан әрі ақын дара туған.Тазалық тақуалық пен мәдениетті, Әдет қылып ерекше бойға жиған.
Өскен орта ыстық қой тарап аты,
Қазақтың туған жері ғаламаты.
Ұстаздардың ұстазы ерен жансыз,
Өзіңіздей болса дейміз қазақтың азаматы.
Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,
АЛМАТЫ





SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары