Бүгін Алматы облыстық мәслихатының депутаты Нұрсұлтан Жұмабайұлы Орынбасаров пен Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкері, лейтенант Сара Бақтыбайқызы Рахмонова жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі республикалық референдумда дауыс беруге қатысты.
Облыстық мәслихат депутаты Іле ауданы, Мұхаметжан Түймебаев ауылындағы «Келешек» мектебінің ғимаратында орналасқан №1058 дауыс беру учаскесінде таңдау жасады. Спорт пен мемлекеттік қызметті қатар алып жүрген танымал жұп сайлау учаскесіне бір жасар қыздары Томиристі ерте келді.
Нұрсұлтан Орынбасаров — «Sagadat Batyr» спорт клубының негізін қалаушы және 5000-нан астам шәкірт тәрбиелеген білікті маман. Бүгінде ол Қорғаныс министрлігінің қолдауымен жүзеге асып жатқан «Sarbaz+» жобасы аясында әскери қызметшілер мен арнайы жасақ өкілдерінің кәсіби дайындығын шыңдауға, отандық әскер саласына джиу-джитсу спортын енгізуге жетекшілік етеді.
Ал оның жары Сара Рахмонова — қоян-қолтық ұрыстан қазақ қыздары арасындағы тұңғыш үш дүркін әлем чемпионы. Қазіргі таңда ТЖМ құтқарушылары қатарында абыройлы қызмет атқарып жүрген офицер.
— Көңіл-күйіміз жақсы. Бүгін — еліміздің болашағы үшін айрықша күн. Біз бүгін тек азаматтық құқығымызды пайдаланып қана қойған жоқпыз, біз қызымыздың, шәкірттеріміздің және еліміздің ертеңі үшін жауапкершілік таныттық. Барша қазақстандықтарды, әсіресе жастарды сайлау учаскелеріне барып, өз таңдауларын жасауға шақырамын. Әрбір дауыс — елдің ертеңіне қосылған үлес, — деді журналистерге берген сұхбатында Нұрсұлтан Орынбасаров.
Спорттық қайсарлықты мемлекеттік қызметтегі жауапкершілікпен ұштастырып жүрген танымал жұптың бұл қадамы жас буын мен ауыл тұрғындары арасында үлкен қолдауға ие болды.
Наима НҰРАЛИ
SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары