Қазақконцерт танымал композитор, дирижер, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әли Демегенұлы Алпысбаевтың 70 жас мерейтойына арналған музыкалық кеш өткізеді, деп хабарлады «Жетісу облысының Дәнеш Рақышев атындағы филармониясы» МКҚК.
Концерттік бағдарламада композитордың «Алаш елі», «Төсбұлақ» күй-поэмалары, «Әке», «Аққуым болып оралдың ба?», «Жұлдыз — ғұмыр», «Аман болшы, жан ана», «Бақыт вальсі», «Махаббат вальсі», «Қазақ елі» әндері мен басқа да туындылары орындалады.
Іс-шараға «Күреңбел» триосы, халықаралық байқаулардың лауреаты Медет Есбергенов, сондай-ақ, Жомарт Такебаев, Мақсат Нұрланов, Талғат Оразаев, Толқын Скакова, Салтанат Мұратқызы, Шахзод Сана, Гүлбану Лахаева, Ақбота Сабыржанова, Сәуле Алимбетова, Аружан Жалғасова мен Дәнеш Рақышев атындағы Жетісу облыстық филармониясының эстрадалық-симфониялық оркестрі қатысады, — делінген хабарламада.
Әли Алпысбаев 50-ден астам ән және жеке музыкалық аспаптарға арналған туындылар жазды. Оның шығармашылығы ұлттық дәстүр тереңдігімен және заманауи музыкалық әуенімен ерекшеленеді. Ол Мұқан Төлебаев атындағы халықаралық «Алтын таяқша» дирижерлер байқауы мен «Кестелі орамал» вокалшылар байқауының ұйымдастырушысы. «Елге арнау» поэмасы бойынша Мәдениет және ақпарат министрлігінің мемлекеттік грантының лауреаты және «Елім менің» республикалық байқауының бірнеше дүркін жеңімпазы атанды.
2015 жылы «Тәуелсіздік толғауы» атты VI республикалық жаңа өнер туындылары байқауына қатысып, «Орбұлақ таңы» симфониялық күй поэмасымен Гран-при иеленді. Композитордың шығармашылық қызметі халықаралық деңгейде де жетістіктерге жетті. Ол Ресей, Қытай және Түркия сияқты елдерде гастрольдік сапармен болып, халықаралық аренада өз өнерін паш етті. Сонымен қатар, Польшада өткен 8-ші Дүниежүзілік өнер фестивалінде жоғары кәсіби деңгейін көрсетіп, елдер арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға үлес қосты.
Өтетін орны: Астана қ., Мәңгілік ел, 10/1, QAZAQCONCERT
Күні: 17 наурыз, 2026
Уақыты: 19:30
Байланыс телефоны: +7 701 342 19 88

SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары