Қазақстан күрес федерациясының төрағасы Еркін Оқасов Біріккен күрес әлемі ұйымы (United World Wrestling) бюросының мүшесі болып сайланды, деп хабарлады Қазақстан күрес федерациясының баспасөз қызметі.
Федерация баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, сайлау бүгін Астанада Біріккен күрес әлемі ұйымының кезекті конгресінде болды.
Оған UWW басшылығы мен әлемнің әр елінен келген ұлттық федерациялардың делегаттары қатысты. Жиынның күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі ұйымның президенті мен Бюро мүшелерін сайлауға арналды.

«Осы басқосуда Қазақстан күрес федерациясының төрағасы Еркін Оқасов 117 делегаттың дауысын жинап, UWW бюросының құрамына енді. Бұл шешім Қазақстанның халықаралық күрес қауымдастығымен байланысын одан әрі нығайтып, әлемдік күрестің дамуына қатысты маңызды мәселелерді талқылауға және шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
Еркін Қадырғалиұлының жетекшілігімен Қазақстан күрес федерациясы халықаралық ынтымақтастықты кеңейту, ірі халықаралық жарыстарды елімізде өткізу және отандық күресті дамыту бағытында жұмыс жүргізіп келеді», делінген хабарламада.

Астанада өткен UWW Конгресі әлемдік күрестің алдағы даму бағыттарын айқындайтын маңызды жиындардың бірі. Конгресс аясында ұйымның 2026-2032 жылдарға арналған стратегиясы, төрешілік жүйесі, қаржылық және ұйымдастырушылық мәселелер, сондай-ақ 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасына дайындық мәселесі қаралды.
Біріккен күрес әлемі ұйымының бюросы – ұйымының негізгі басқару органдарының бірі. Бюро халықаралық күрестің дамуы, жарыстарды ұйымдастыру, спорттық және стратегиялық мәселелер бойынша маңызды шешімдер қабылдаумен айналысады.
Ертең Астанадағы «Барыс Арена» спорт кешенінде грек-рим, еркін және әйелдер күресінен ересектер арасындағы әлем чемпионаты басталады. Дүрмекті дода 1 қарашаға дейін болады. Жылдың басты додаларының біріне 135 елден 900-ден астам спортшы қатысады.
SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары