• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    Айтуған ЖОЛДЫБАЙ

    Таразда күрестен Қазақстан чемпионаты басталды

    Тараз қаласының «Тараз-Арена» спорт кешенінде грек-рим, еркін және әйелдер күресінен U15 және U23 жас санаттары арасындағы Қазақстан чемпионатының салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлады Қазақстан күрес федерациясының баспасөз қызметі.

    Биылғы Қазақстан чемпионатына еліміздің түкпір-түкпірінен келген мыңнан астам жас балуан қатысуда. Бұл дода жасөспірімдер мен жастар үшін үлкен спортқа бастар маңызды белес саналады. Себебі, дәл осы жарыста топ жарған балуандар алдағы уақытта Азия және Әлем чемпионаттарында ел намысын қорғайтын негізгі үміткерлер қатарына қосылады.

    Жарыстың ресми бөлімінде Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев қатысушыларды ел чемпионатының басталуымен құттықтап, Тараз өңірінің спорт тарихындағы орны ерекше екенін атап өтті.

    – Даңқты спортшы, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров ағамыз бастаған бұл Жамбыл өңірі күрес шеберлеріне әрдайым бай екенін дәлелдеп келеді. Жамбыл жерінен шыққан талай саңлақ спортшылар ел спортының тарихына өз есімдерін алтын әріптермен жазып қалдырды. Олардың жеңісті жолы бүгінгі жас буын үшін үлкен өнеге әрі мақтаныш. Аталған жетістіктер өңірде спортты жүйелі дамытуға бағытталған еңбектің, жаттықтырушылар мен спортшылардың табанды ізденісінің нәтижесі. Сіздерге осы жарыста жоғары нәтижелер мен әділ бәсеке тілеймін, – деді өңір басшысы.

    Бұдан кейін сөз алған Қазақстан күрес федерациясының президенті Еркін Оқасов жас балуандарға сәттілік тілеп, чемпионаттың еліміздегі күрес спортын дамытудағы маңызына тоқталды.

    – Ел чемпионатының киелі Тараз төрінде өтіп жатқанына шынайы қуаныштымын. Себебі, бұл өңір – талай әлем және Олимпиада чемпиондарын тәрбиелеген қасиетті мекен. Сондықтан, осы балуандардың арасынан да  еліміздің намысын абыроймен қорғайтын мықты чемпиондардың өсіп шығатынына кәміл сенімдімін. Бұл чемпионат жастар үшін үлкен жарыстардың алғашқы баспалдағы. Яғни бүгінгі жасөспірімдер мен жастар ертеңгі Азия және Әлем чемпионаттарының, сондай-ақ Олимпиада ойындарының үміттері, – деді Еркін Қадырғалиұлы.

    Айта кетсек, биылғы ел чемпионатында жас балуандарға ақшалай сыйақылар қарастырылған. U15 жас санатында чемпион 200 мың теңге, күміс жүлдегер 100 мың теңге, ал қола жүлдегерлер 50 мың теңгеден алады. Ал U23 санатында Қазақстан чемпионы 500 мың теңгеге, екінші орын иегері 300 мың теңгеге, ал үшінші орын алған балуандар 150 мың теңгеден сыйақыға ие болады. Сонымен қатар, чемпионатта арнайы номинациялар да тағайындалған. «Қайсар рух» және «Дара тәсіл» аталымдарының жеңімпаздары 150 мың теңге көлемінде сыйақы алады.

    Чемпионаттың алғашқы жарыс күндері грек-рим күресінің U15 жас санатындағы балуандар бозкілемге шықты. Тартысты өткен белдесулердің нәтижесінде Берекет Исмагулов (38 кг, Маңғыстау обл.), Райымбек Жақсылық (41 кг, СҚО), Нұралы Амангелді (44 кг, Абай обл.), Роллан Ким (48 кг, Алматы қ.), Даниал Қанатбай (52 кг, Алматы обл.), Айтуған Осман (57 кг, Түркістан обл.), Санжар Тулепов (62 кг, Алматы қ.), Руслан Бәкір (68 кг, Жамбыл обл.), Нұртуған Мұрат (75 кг, Қарағанды обл.), Ерали Мұратов (85 кг, Абай обл.) және Нұрмұхаммед Талғат (+85 кг, Абай обл.) Қазақстан чемпионы атанды.

    Ал бұл жас санатындағы жалпыкомандалық есепте қоржынында 1 алтын, 2 күміс және 4 қола медалі бар Түркістан облысы 155 ұпаймен көш бастады. Екінші және үшінші орындарды Жамбыл облысы (1 алтын, 1 күміс, 3 қола) мен Абай облысы (3 алтын) иеленді. Олардың еншісінде тиісінше 106 және 89 ұпай бар. Айта кетсек, жалпыкомандалық есеп United World Wrestling ережесі бойынша әр салмақ дәрежесіндегі ұпай санымен саналады.

    P.S. Грек-рим, еркін және әйелдер күресінен U15 және U23 жас санаттары арасындағы Қазақстан чемпионаты 18 наурызда өз мәресіне жетеді.

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *