• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    Туризм және спорт министрлігі

    Соңғы күнгі серпіліс

    Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында тірек-қимыл аппараты, көру қабілеті зақымданған және зияткерлік даму ерекшеліктері бар спортшылар арасында өткен V Азия Пара ойындары мәресіне жетті.

    Қазақстан спортшыларының арасынан жарыс алаңына соңғы болып шыққан волейболды отырып ойнаудан ұлттық құрама команда күміс медаль иеленді.

    Отандастарымыз финалда Иран құрамасымен ойнап, 0:3 есебімен жеңілді. Осылайша, ұлттық команда Азия Пара ойындарының күміс жүлдегері атанды. Ал қола жүлдені Ирак құрамасы иеленді.

    Сөйтіп, биылғы V Азия Пара ойындарында Қазақстан құрамасы 50 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 12 алтын, 16 күміс және 22 қола жүлде бар. Осы нәтижемен отандастарымыз жалпыкомандалық есепте тоғызыншы орынға тұрақтады.

    Азия Пара ойындарында Қазақстан намысын 12 спорт түрінен 150 спортшы қорғады. Атап айтқанда, волейболды отырып ойнаудан – 12, пара таеквондодан – 8, пара дзюдодан – 26, пара үстел теннисінен – 12, пара оқ атудан – 12, пара жеңіл атлетикадан – 14, пара садақ атудан – 9, пара жүзуден – 21, арбадағы теннистен – 3, пара пауэрлифтингтен – 15, боччадан – 5 және пара велоспорттан – 13 спортшы қатысты.

    Бір аптаға созылған жарыста отандастарымыз пара дзюдо, пара велоспорт, пара жүзу және өзге де спорт түрлерінен жүлделі орындарға ие болды.

    Пара Азиаданың аяқталуына санаулы күндер қалғанда параспортшылар арасынан Ақтолқын Сейілбекова, Зарина Райфова, Наиль Ермұханбет, Ибраһим Нұрмаханұлы, Бексұлтан Құлмырза, Жұрқамырза Шүкірбеков пен Анастасия Калаус алтын медаль жеңіп алып, ел қоржынының толығуына үлес қосты.

    Пара дзюдодан Жанбота Аманжол күміс медаль жеңіп алды. Ғалымжан Смағұлұлы, Ермек Нұрқабаев, Бағланбек Оналбек, Ерлан Өтепов, Әлфия Тілекқабыл, Даяна Федосова және Аяла Мереке қола жүлдегер атанды.

    Бұл спорт түрінен спортшылар 5 алтын, 1 күміс және 7 қола медаль иеленіп, жалпы саны 13 жүлдеге ие болды.

    Пара жүзуден Қазақстан құрамасы 1 алтын, 5 күміс және 4 қола медаль жеңіп алып, жалпы саны 10 жүлдені иеленді.

    Спорттың осы түрінен Диас Кенжебек S10 класында 100 метрге арқамен жүзуден Азия Пара ойындарының чемпионы атанса, 100 метрге еркін жүзу және 200 метрге кешенді жүзу қашықтықтарында күміс, 100 метрге баттерфляй әдісімен жүзуден қола медаль жеңіп алды.

    Әли Тұрғанбеков SB4 класында 100 метрге брасс әдісімен жүзуден күміс жүлдеге ие болды. Сонымене бірге ол  құрама сапында 4×50 метрге аралас кешенді эстафетаға қатысып, тағы бір күміс медаль иеленді. Бұл жарыста ұлттық құрама намысын Әли Тұрғанбековпен бірге Наталья Звягинцева, Зүлфия Ғабидуллина, Айсұлтан Құлқаев пен Сиязбек Далиев қорғады.

    Қазақстан құрамасы 4×50 метрге еркін стильдегі аралас эстафетада да күміс жүлдегер атанды. Бұл сында Наталья Звягинцева, Айсұлтан Құлқаев, Сиязбек Далиев пен Зүлфия Ғабидуллина жарыс жолына шықты. Ал Роман Потапов, Виктор Волков пен Алина Синельникова қола медаль жеңіп алып, ұлттық құраманың жүлделер санын толықтырды.

    Пара велоспорттан ел құрамасы 4 алтын, 4 күміс пен 1 қола медаль жеңіп алды.

    Наиль Ермұхамбет ерлер арасындағы B класында тасжолдағы топтық жарыс пен жеке уақытқа жарысудан екі алтын жүлдені иеленді.

    Анастасия Калаус та әйелдер арасындағы осы екі бағдарламада чемпион атанды. Сонымен қатар ол тректегі 4000 метрге жеке қуалау жарысында күміс жүлдеге ие болды.

    Кирилл Илюкевич тасжолдағы топтық жарыс пен жеке уақытқа жарысудан екі күміс, тректегі 4000 метрге жеке қудалау жарысында қола медаль жеңіп алса, Жұлдыз Қайнарова тасжолдағы топтық жарыста күміс жүлдегер атанды.

    Пара пауэрлифтингтен Қазақстан құрамасы да ерледі. Олар 1 алтын, 2 күміс пен 3 қола медаль алды.

    Давид Дегтярев 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 192 келіні көтеріп, Азия Пара ойындарының рекордын жаңартып, чемпион атанды.

    Тұрсынай Қабыл 41 келіге дейінгі, Алина Солодухина 45 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде күміс медальді иеленді.

    Станислав Шакиев пен Айжан Берімқұлова жекелей сында қола жүлдегер атанды. Сонымен қатар Ерболат Кәрібай, Давид Дегтярев пен Станислав Шакиевтен құралған Қазақстан ерлер құрамасы командалық жарыста қола медальді қанағат тұтты.

    Пара жеңіл атлетикадан Қазақстан құрамасы 2 күміс және 2 қола медаль жеңіп алды. Ислам Сәлімов T13 класында ұзындыққа секіруден, Дастан Мұқашбеков F36 класында ядро итеруден күміс жүлдегер атанса, Иван Залезняк F36 класында, Махамбет Серікқалиев F53 класында ядро итеруден қола медальге ие болды. Ал Айсұлу Сүлейменова әйелдер арасында 100 метрге жүгіруден T62 класында 16,18 секунд нәтиже көрсетіп, Азия рекордын жаңартты.

    Пара үстел теннисінен Қазақстан спортшылары қоржынды 4 қола медальмен толықтырды. Осылайша ұлттық құрама аталған спорт түрінен де жүлдегерлер қатарынан көрінді.

    Пара садақ атудан Қазақстан құрамасы 1 күміс пен 1 қола жүлдені иеленді. Ерлер арасындағы W1 класында жұптық сында Нұршат Төлеуқасым мен Темірлан Сейтқамал күміс жүлдегер атанды. Бұл — Қазақстанның Азия Пара ойындары тарихындағы пара садақ атудан алғашқы жүлдесі.

    Сонымен қатар Нұршат Төлеуқасым W1 класындағы жекелей жарыста қола медаль жеңіп алды.

    Пара оқ атудан Еркін Ғаббасов R1 бағдарламасында, SH1 класында 10 метр қашықтықтан пневматикалық винтовкамен ату сайысында Азия Пара ойындарының чемпионы атанды. Ал пара таеквондо, бочча және арбадағы теннистен сынға түскен Қазақстан спортшылары жүлделі орындарға ие бола алмады.

    Туризм және спорт министрлігінің хабарлауынша, биылғы Азия Пара ойындары Қазақстан ұлттық құрамасы үшін нәтижелі болды. 2023 жылы Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен IV Азия Пара ойындарымен салыстырғанда спортшыларымыз жалпыкомандалық есепте екі орынға көтерілді. Қытайда 8 алтын, 12 күміс пен 21 қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте 11-орын иеленген болатын. Ал биыл ұлттық құрама 12 алтын, 16 күміс пен 22 қола медальге ие болды. Сонымен бірге биыл ел құрамасы Азия Пара ойындарының тарихында алғаш рет пара үстел теннисі мен пара садақ атудан медаль жеңіп алды. Спортшыларымыз бірнеше рекорд жасады.

    Еркін Ғаббасов пен Давид Дегтярев Азия Пара ойындарының рекордтарын жаңартса, Диас Кенжебек пен Айсұлу Сүлейменова өз кластарында Азия рекордын жасады. Бұл жетістіктер — ең алдымен, мемлекет тарапынан пара спортты дамытуға көрсетіліп отырған қолдаудың, спортшыларымыздың табандылығы мен қажырлы еңбегінің, жаттықтырушылардың кәсіби жұмысы мен жүйелі дайындықтың нәтижесі.

    Пара Азиаданың жабылу салтанатында еліміздің көк туын көркем гимнастикадан жасөспірімдер арасында әлем чемпионы, 16 жастағы Ақмарал Ерекешева алып шықты.

    Биылғы Пара Азиадада Қытай құрамасы жалпыкомандалық есепті бірінші орынға ие болды. Олар 207 алтын, 117 күміс пен 111 қола жүлдені, барлығы 435 медальді жеңіп алды. Екінші орынды 63 алтын, 60 күміс және 62 медальмен Жапонияның спортшылары иеленді. Үшінші орынға 45 алтын, 49 күміс және 52 қола жүлде алған Өзбекстан өкілдері шықты.

    Енді келесі VI Азия Пара ойындары 2030 жылы 4-19 қараша аралығында өз тарихында екінші мәрте Катардың астанасы Доха қаласында болады.

     

    Дастан КЕНЖАЛИН,

    АСТАНА

    Еркін Ғаббасов

    Талғат Ерекеев, Марат Сүртібаев

    Ибраһим Нұрымханұлы

    «Алға!»

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *