Астанада күрес түрлерінен өтіп жатқан күрестен әлем чемпионатында грек-рим күресінен белдесулер аяқталды. Қазақстан құрамасы үш қола медаль жеңіп алды.
24 қазанда басталған әлем чемпионатында еліміздің атынан он салмақ дәрежесінде он балуан сынға түсті. Алғашқы екі медальді Исхар Курбаев пен Айдос Сұлтанғали иеленсе, Бағдат Сабаз үшінші қола жүлдені ел қоржынына салды.

Қазақстан күрес федерациясының хабарлауынша, 55 келіде белдескен Исхар Курбаев жарысты қатарынан үш жеңіспен бастады. Алдымен жапониялық Кагетора Окамотоны, кейін өзбекстандық Ихтиёр Ботиров пен молдовалық Артём Делянуды жеңіп, жартылай финалға шықты. Бұл кезеңде ирандық Паям Ахмадиге есе жібергенімен, қола медаль үшін күресте Үндістан өкілі Лалитті 9:0 есебімен жеңді. Небәрі 1 минут 28 секундқа созылған белдесуде Исхар техникалық басымдықпен жеңіске жетіп, ел қоржынына алғашқы жүлдені салды.

«Қазақстан құрамасының екінші қола медалін 60 келіде өнер көрсеткен Айдос Сұлтанғали жеңіп алды. Былтыр Загребте әлем чемпионы атанған отандасымыз алғашқы айналымда ресейлік Әнуар Аллахияровтан, ширек финалда әзербайжандық Мурад Маммадовтан басым түсті. Алайда, жартылай финалда жапониялық Кото Гомиге 1:5 есебімен жол берді. Үшінші орын үшін белдесуде Айдос Сұлтағали Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері, қытайлық Цао Лигуоны 5:1 есебімен жеңіп, әлем чемпионаттарындағы жүлделерінің қатарын толықтырды.
67 келі салмақта сынға түскен Бағдат Сабаз туралы бұған дейін хабарлағанбыз. Ол Қазақстан құрамасына үшінші қола медальді алып берді. Балуан жарыста қырғызстандық Раззак Бейшекеевті 8:4 есебімен жеңіп, келесі айналымда Болгария өкілі Абу Амаевтан 7:5 есебімен басым түсті. Алайда, ол ширек финалда Париж Олимпиадасының чемпионы, ирандық Саид Эсмаилиге 2:7 есебімен есе жіберді. Иран балуаны финалға шыққандықтан, Бағдат Сабаз жұбаныш белдесуіне қатысу мүмкіндігін алды. Бұл кезеңде Қытай өкілі Цзинь Синьсиньді жеңіп, қола медаль үшін белдесу мүмкіндігіне ие болды. Үшінші орын үшін күресте отандасымыз Париж Олимпиадасының қола жүлдегері, әзербайжандық Хасрат Джафаровты 8:5 есебімен жеңіп, әлем чемпионатының қола медалін иеленді», делінген хабарламада.
Өзге салмақ дәрежелерінде де балуандар бірқатар жеңіске жеткенімен, жүлделі орындарды алмады. Осылайша, Астанадағы әлем чемпионатында Қазақстанның грек-рим күресі құрамасы үш қола медальмен жарысты қорытындылады.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА
SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары
