…Нұршатынан, нұрлы ұлдан айналдым!!!
…Нұршат Төлеуқасымның Пара Азиададағы қос медалі (күміс және қола) ең әуелі Қазақстанға тиесілі, онан соң Жетісу облысына тиесілі, онан соң облыстың Қаратал ауданына тиесілі, ал сонан соң, менің туған ауылым — «Көпбірлікке» тиесілі!
… Нұршаттың атасы Төлеуқасым ағаның құшағында өстік біз. Ол аға менің туған ағам Жапарбекпен бір класта оқыды. Кейін балықшы болды. Одан соң ау-сайман қоятын қойманың меңгерушісі болып еңбек етті. Бойы 190-200 см. Иықты, білекті, батыр тұлғалы аға еді. Бірақ жүзі жылы, күлкісі әдемі, сүйкімді кісі болатын.
Төлеуқасым ағаның туған бауыры Ерқасым екеуміз бір класта оқыдық. Ол да жауырыны қақпақтай, нағыз «келсең келдің» өзі еді. Менің ең жақын досым болды. Содан да менің шығармаларымдағы көп кейіпкерімнің аты Ерқасым…
…Нұршат балуан еді. Елдегі құмда болған бір күресте омыртқасын сындырып, мүгедек боп қалды…Өзі атасына тартқан, бойы 180 см жоғары, иықты жігіт боп өсті. Адам талантты болса бар нәрсеге талантты болады ғой. Баяғыда, баяғыда деймін-ау, Нұршаттың әлі мектепке бармаған кезінде мен ауылға өзім айналысатын тоғызқұмалақты тақтасын апарып үйреттім. Сол жолы аталас інім, ізбасарым, жолымды қуушы, бүгінде Жетісу облысының ақпарат орталығын басқаратын Ришад Тұрғанбай осы Нұршатты ертіп келіп, тоғызқұмалақ ойнатты. Ол кезде Нұршаттың екі ақбоз атын екі қолымен кезек сүртетін кезі, бірақ тоғызқұмалақты тез қағып алды.
Бірде Ришад оны облыстық жарысқа ала кетіп, адам жетпеген соң, командаға ойната салған ғой. Бес жасар Нұршат үлкендердің бәрін дерлік ұтып тастаған. Бірақ бас төреші жасы жетпеген бала деп, оның жеңістерін есептемей қойған. Кейінгі тарих жоғарыда айтқандай…
…Осыдан 4-5 жыл бұрын соңына түсіп жүріп, ауылда спорт кешенін салдырдым. Сондағы арманым мен қиялым — «Олимпиада чемпионы менің ауылымнан неге шықпайды?!», деген қайсарлық еді. Міне, тағдыр тауқыметін тартса да бүгілмеген балықшы ауылдың алғашқы түлегі Азиадада екі жүлде алды! Ол жүлделер әлі-ақ көп болады. Өйткені қарт Балқаш өз жағасындағы ержүрек жандарға балығын ғана беріп жатқан жоқ — ерлігін, өрлігін, тәккапарлығын да сыйлап жатыр, сіңіріп жатыр. Азиада жүлдегері шыққан менің туған ауылым «Көпбірліктен» әлі-ақ Олимпиада чемпионы да шығады! Осы сөзімді ұмытпаңыздар: оны мен көрмеспін, сіздер көресіздер, бірақ менің рухым сезіп жататын болады…
…Ал, бүгін Отанына Азиаданың қос жүлдесін сыйлаған Нұршаттай нұрлы ұлыма басымды иіп алғыс айтамын да, ұлы жұртқа «БҰЛ ҰЛ МЕНІҢ ТУҒАН АУЫЛЫМ «КӨПБІРЛІКТІҢ» ТҮЛЕГІ» деп жар саламын.
Несіп ЖҮНІСБАЙҰЛЫ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
спорт журналисі, жазушы, спорт қайраткері
SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары