Астанада күрес түрлерінен өтіп жатқан әлем чемпионатында грек-рим күресінен 67 келі салмақта қола жүлдегер атанған Бағдат Сабазға медаль алу оңай болған жоқ. Бұл туралы ол жарыстан кейін айтты.
«Қола жүлде үшін белдесудегі күресіме көңілім толды. Қарсыласым осал болған жоқ. Олимпиада жүлдегері. Белдесу өте тартысты, қиын болды. Әлем чемпионаты өз елімізде өтіп жатқандықтан барымды салдым.
Төрт ұпай айырмасымен жеңіліп жатқанда да іштей жеңіске жететініме сендім.
Қолдау көрсеткен барша жанкүйерге алғысымды білдіремін. Олардың қолдауын сезіндім. Сондай-ақ жеке жаттықтырушы мен бас жаттықтырушыға көп рақмет айтамын. Сол кісілердің арқасында жеңіске жеттім», деді ол.
Ол алдағы уақытта 67 келіде күресуді жалғастыратынын, енді келесі жылы өтетін әлем чемпионатына дайындалатынын айтты.
Бағдат Сабаз үшінші орын үшін белдесуде Әзербайжан өкілі Хасрат Джафаровты 8:5 есебімен жеңіп, қола медальді иеленді.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА
SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары