• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Нидерландтағы Наурыз

    Нидерланд Корольдігінің Роттердам қаласында адамзат өркениетіндегі ең көне әрі мағыналы мерекелердің бірі – Наурыз кең көлемде аталып өтті.

    Айтулы мейрам Нидерландтың әртүрлі қалаларында тұратын отандастарды ғана емес, қазақ халқының мәдениеті мен дәстүріне қызығушылық танытатын жергілікті тұрғындарды да бір шаңырақ астына жинады.

    Іс-шараны Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы ұйымының Нидерландтағы филиалы ұйымдастырды. Ұйымдастырушылар Кәмшат Демеуова мен Дилек Тастемір-Қалқан келген қонақтарға қысқа уақыт ішінде қазақ халқының ұлттық құндылықтарын кеңінен таныстыруға мүмкіндік жасады. Қонақтар ұлттық тағамдардан дәм татып, дәстүрлі ойындарды көріп, ән мен күйді тыңдап, қазақ қолөнерінің ерекшеліктерімен танысты.

    Мерекелік кештің жүргізушілері Қазақстаннан арнайы келген өнер иелері – Сағаділдә Үсібәлі мен Толқын Сұлтан болды. Олар көрерменге қазақ өнерінің шынайы болмысын таныстырып, мерекенің рухын айшықтай түсті. Ал жас өнерпаз Асқар Әлімжан күй орындап, кешке ерекше ұлттық реңк берді.

    Іс-шарада журналист Толқын Сұлтан Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы атынан табыс етілетін мерейтойлық медальді Кәмшат Демеуова мен Дилек Тастемір-Қалқанға салтанатты түрде табыс етті. Сондай-ақ қауымдастықтың алғыс хатымен Исмаил Қалқан, Нұрила Серікқызы, Назым Болатқызы және Асқар Әлімжан марапатталды. Ал Қазақстан Республикасының Нидерланд Корольдігіндегі Елшілігі атынан елордасы Астанадан келген танымал өнер иелері Сағаділдә Үсібәлі, Толқын Сұлтан және Асқар Әлімжанға алғыс хат табыс етілді.

    Кеште қазақ халқының ұлттық құндылықтары кеңінен насихатталып, еліміздің көк байрағы желбіреді. Үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған бұл Наурыз мерекесіне деген қызығушылық жыл сайын артып, қатысушылардың ықыласы мен қолдауы да күшейіп келеді. Бұл – шетелде жүрген қандастардың туған мәдениетке деген құрметінің, сондай-ақ қазақ руханиятының халықаралық деңгейде кеңінен танылып келе жатқанының айқын көрінісі.

     

    Нұрила СЕРІКҚЫЗЫ

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *