• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    Төрехан Тұрсымбаевтың жекемұрағаты

    Олимпиадада төрелік еткен Төрехан

    Жақында Сенегалдың Дакар қаласында өткен жасөспірімдер Олимпиадасында отандасымыз Төрехан Тұрсымбаев еліміз атынан жалғыз өзі футзал матчтарына төрелік етіп қайтты.

    Ол футзал турнирінің ойындарына қызмет көрсету үшін Халықаралық футбол федерациясының (ФИФА) тарапынан тағайындалды.

    ФИФА-ның 14 қазанда жариялаған ресми тізіміне әлемнің алты конфедерациясынан 20 төреші мен бір қосалқы төреші енді.  Олардың арасында біз сөз еткелі отырған Төрехан Тұрсымбаев та болды.

    Жасөспірімдер Олимпиадасының дәстүрлі турнирі Дакарда 1-12 қараша аралығында өтті. Оған ұлдар мен қыздар арасындағы 16 құрама команда қатысып, барлығы 32 матч өткізілді.

    Олимпиадада ол Коста-Рика — Иран, Панама — Ауғанстан, Сенегал -Венесуэла, Парагвай — Марокко, Марокко — Соломон аралдары, жартылай финалда Аргентина мен Марокко, қола жүлде үшін ойында Ауғанстан мен Марокко  командаларының ойындарына төрелік етті. Бұл еліміз мамандарының халықаралық деңгейдегі кәсіби біліктілігі мен төрешілер шеберлігіне көрсетілген сенімнің белгісі деуге болады. Сонымен бірге Төреханның осындай беделді халықаралық жарысқа тағайындалуы төрешілер үшін маңызды жетістік.

    Осылай қазақтың баласы алғаш рет жасөспірімдер Олимпиадасында футзал ойындарына төреші болып қайтты. Төрехан төреші болуды жоғары оқу орнын бітірісімен мақсат еткен екен.

    Ол 1992 жылы 25 ақпанда Атбасар қаласында туып, 1999 жылы мектеп табалдырығын аттаған. 2010 жылы қаладағы №2 орта мектепті тәмамдағаннан кейін Астанаға келіп, С.Сейфуллин атындағы Қазақ аграрлық техникалық университетіне «Жер кадастры» мамандығы бойынша оқуға түседі.

    2011 жылы Олег Соколов деген футболдан арбитрлар мектебінің кураторымен жолығады. Сол кезден бастап Төреханның футболға деген қызығушылығы артып, ол кәсіби маман болуды алдына мақсат етіп қояды.

    -Мен 10 жасымнан бері доп теуіп келемін. Футболды бала кезімнен жақсы көремін.

    2010 жылы облыстық жарыстарға қатысып, тіпті екі рет республикалық турнирде де ойнағанмын, — дейді ол. – 2011 жылы төрешінің жұмысына қызығып, арбитрлар дайындайтын мектепке барып, сол жерде футбол ережелерін үйреніп, дене шынықтыру дайындығынан тесттер тапсырдым. Содан кейін Астана қаласының чемпионатында төрешінің көмекшісі болдым. Сол кезде Әуесқой футболшылар лигасы туралы естіп, 2012 жылы футзалдан төреші қызметін атқара бастадым.

    Төреханның айтуынша, ол алғаш рет 2013 жылы Қазақстан чемпионаты Жоғарғы лигасының төрешісі болып тіркелген. Қазір де ол Супер лиганың төрешісі.

    -2013 жылы Алматының «Бта футзал» мен Оралдың «Тайпак» клубтарының матчы менің кәсіби тұрғыда алғаш рет төрелік еткен ойыным болды. Осыдан кейін мен халықаралық матчтарға шақырыла бастадым.

    2017 жылы УЕФА-ның Сербияда өткен Даму кубогі турнирінде қызмет еттім. Сол жылдың шілде айында Италияда УЕФА-ның әйелдер арасындағы Даму кубогінде төреші болдым. Бұл жарыстарда Қазақстан, Сербия, Румыния, Италия мен Ресей командаларының ойындарына төрелік еттім. Содан кейін 2019 жылы ФИФА-ның халықаралық дәрежедегі төрешісі атандым, — дейді ол.

    Төрешінің халықаралық деңгейде мойындалуы үлкен жетістік. Сол кезден бері Төрехан УЕФА Чемпиондар лигасы, әлем және Еуропа чемпионаттарының іріктеу турнирлерінде қызмет етіп келеді.  Ал былтыр қараша айында Словенияда өткен Чемпондар лигасының негізгі кезеңінде төрелік етті. ФИФА-ның халықаралық дәрежедегі төрешісі деген атақ жер-жүзіндегі маңызы зор матчтарға, соның ішінде халықаралық турнирлер мен іріктеу кезеңдеріндегі ойындарға қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

     

    Дастан КЕНЖАЛИН,

    АСТАНА

    (Төрехан Тұрсымбаев солдаң оңға қарай үшінші, топтың ортасында тұр)

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *