• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Цифрлық дәуірдегі адам мен технология

    Осыдан бірнеше онжылдық бұрын ғылыми қиял-ғажайып фильмдерде кездесетін механизмдер, рөлсіз қозғалатын көліктер және адам санасымен қатар ойлайтын жүйелер тек алыс болашақтың еншісіндегі дүниедей көрінетін. Алайда қазіргі заманда сол озық инновациялар қалтамыздағы гаджеттен бастап, әрбір жұмыс орнына дейін берік орнықты.

    Бүгінгі цифрлық алгоритмдердің мүмкіндігі таңғалдырма қоймайды: олар өте қысқа уақытта орасан зор деректерді өңдеп, қажетті ақпаратты лезде алдымызға тосады. Өмірдің барлық саласы цифрланған сайын, виртуалды кеңістіктегі жеке қауіпсіздік пен ақпараттық сауаттылық мәселелері алдыңғы қатарға шыға бастады.

    Қазіргі кезде жас буынның өмірін зияткерлік көмекшілерсіз елестету мүмкін емес. Дәріске даярлану, қажетті әдебиеттерді іріктеу, бейнеконтентті өңдеу кезінде нейрожелілерге жүгіну жиі байқалады. Бұл үрдіс адамдардың күнделікті тіршілігі, өзара қарым-қатынас форматын түбегейлі өзгерту үстінде. Жасанды интеллекттің ең ұтымды тұсы — оның түрлі кәсіби бағыттарға еркін енуі. Мысалы, денсаулық сақтау саласында жүйелер дертті алғашқы сатысында анықтауға көмектессе, білім беру ісінде әр жастың қабілетіне қарай жеке даму бағытын құруға жол ашады. Ал медиа мен журналистикада ақпаратты сүзгіден өткізу, тексеру және визуализация жасау процесі едәуір жеңілдеді.

    Осы тұста «Технология қарқыны осылай үдей түссе, біздің жеке авторлық дауысымыз бен қайталанбас қолтаңбамыз қайда қалады? Заман талабына бейімделген жасанды интеллект ертең біздің орнымызды басып, жұмыссыз қалдырып қоймай ма?» деген сауал еріксіз туындайды.

    Мұндай алаңдаушылықтың астарында белгілі бір дәрежеде шындық бар. Себебі, қазіргі нейрожелілер саналы секундтар ішінде көлемді эссе немесе бағдарлама кодын жазып бере алады. Алайда медиа кеңістіктегі ең басты құндылық — тек ақпараттың жылдамдығы ғана емес, оның шынайылығы, этикалық сипаты және автордың өзіндік көзқарасы.

    Шын мәнінде, кез келген жаңашыл технология — адамзатқа бәсекелес емес, керісінше оның мүмкіндігін арттыратын қосымша құрал. Жасанды интеллект әдемі мәтін құрастыра алар, бірақ ол сіздің бала кездегі естеліктеріңізді, студенттік шақтың қызықты сәттерін, алғашқы лекциядағы толқынысты немесе қала көшелеріндегі кешкі серуен кезіндегі шынайы сезімдеріңізді ешқашан жеткізе алмайды.

    Қазіргі уақытта фантастика мен шынайы өмір арасындағы шекаралар толықтай жойылды. Ең бастысы — бұл цифрлық өзгерістерден қорқудың қажеті жоқ, керісінше жасанды интеллектті білім мен дамудың тиімді тетігіне айналдыра білу маңызды. Технология қаншалықты қарыштағанымен, адамның қадір-қасиеті ешқашан төмендемейді. Өйткені терең сезініп, шынайы шығармашылық туынды дүниеге әкелу тек адамға ғана тән қасиет болып қала береді.

     

    Айдана ЫСҚАҚОВА,

    Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті

    Журналистика факультетінің 1-курс студенті

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *