• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    Қазақстан кәсіпқой футзал лигасының баспасөз қызметі

    Қазақстан кәсіпқой футзал лигасы өз жобаларын таныстырды

    Қазақстан кәсіпқой футзал лигасы футзалды дамыту стратегиясын, ресми серіктестері 1xBet пен Joma-ны, сондай-ақ швейцариялық Blocksport компаниясымен бірлесіп әзірлеп жатқан өз сайты мен мобильді қосымшасын таныстырды, деп хабарлады Қазақстан кәсіпқой футзал лигасының баспасөз қызметі.

    Қазақстан кәсіпқой футзал лигасы (ҚКФЛ) алғаш рет өз қызметін көпшілік алдында таныстырды. Кездесуде Лига басшылығы 2026/2027 жылғы футзал маусымының алғашқы нәтижелері туралы баяндады.

    Чемпионатта алғаш рет Video Support жүйесі қолданылып жатыр, Суперлига матчтары алты камерамен түсіріледі. Ал Лиганың 1xBet және Joma атты ресми серіктестері пайда болды. Сонымен қатар Лига барлық қатысушыға жүлдеақы қарастырылған коммерциялық турнир — Лига кубогінің басталатынын және ресми сайт пен мобильді қосымшаның әзірленіп жатқанын хабарлады.

    Басқосуға ҚКФЛ президенті Талғат Қосмұхамбетов, вице-президенті Данияр Али, 1xBet бренд-директоры Санжар Токтасын мен Қазақстанда Joma брендінің өкілі VT Trade компаниясының директоры Анара Тауетаева қатысты.

    Қазақстан футзалы дамуының жаңа кезеңі

    2026 жылғы қыркүйектің басында Қазақстан футбол федерациясымен (ҚФФ) бірлескен жұмыстың нәтижесінде кәсіпқой футзалды дамыту құқығы ҚКФЛ-ға үш жыл мерзімге берілді. Лига президенті болып Талғат Қосмұхамбетов сайланды. Оның кандидатурасын клубтар ұсынып, сайлауда бірауыздан қолдады.

    Қысқа уақытта ҚКФЛ өз қызметіне демеушілік инвестициялар тартты. ҚКФЛ-ның мақсаты — елімізде футзалды мықты коммерциялық өнімге айналдырып, клубтардың тек бюджеттік қаржыландыруға тәуелді болмауына жағдай жасау. Мемлекеттік қолдаумен қатар, клубтар жеке инвестициялар мен Лиганың телетрансляциялар үшін төлейтін төлемдерін қоса алғанда, қосымша қаржы көздеріне жете алады.

    Лига кубогі: әр клубқа жүлдеақы

    Бұл модельге көшудің алғашқы қадамы ҚКФЛ-ның жаңа коммерциялық турнирі — Лига кубогі болады. Ол 2027 жылғы 7–10 қаңтар аралығында Ақтауда өтеді. Турнирге бірінші айналым қорытындысы бойынша Суперлиганың үздік сегіз клубы қатысады.

    «Ақшалай сыйақыны әрбір клубтың, тіпті соңғы орын алған клубтың да алуы біз үшін өте маңызды. Бұл — клубтар тікелей Лигадан табыс табатын модельге көшудің алғашқы қадамдарының бірі», деді Талғат Қосмұхамбетов.

    «Лига — тек матчтар күнтізбесі ғана емес»

    ҚКФЛ президенті Талғат Қосмұхамбетов Лиганың басты міндеті клубтар, серіктестер, телеарналар, БАҚ пен жанкүйерлер ортақ ережелер бойынша жұмыс істейтін тұрақты кәсіпқой жүйе қалыптастыру екенін атап өтті.

    «Заманауи лига тек күнтізбе құрумен, матчтарды ұйымдастырумен және спорттық қорытынды шығарумен шектелмеуі тиіс. Біз ҚКФЛ-ның бірыңғай кәсіпқой платформаға айналғанын қалаймыз. Оның жұмысы түсінікті ережелерге, ашықтыққа және клубтардың, серіктестердің, журналистердің, әрине, жанкүйерлердің сеніміне негізделуі керек», деді Талғат Қосмұхамбетов.

    Оның айтуынша, Лига барлық клуб үшін матч өткізуге қойылатын бірыңғай талаптарды енгізеді.

    «Кәсіби стандарттар клубтың тарихына, бюджетіне немесе спорттық нәтижесіне қарамастан, барлық қатысушыға бірдей қолданылуы тиіс», деді ол.

    ҚКФЛ президенті сондай-ақ «Қайрат» пен «Семейдің» УЕФА Чемпиондар лигасындағы өнерін ерекше атап өтті. Бұл клубтық футзалдың Еуропада танылуына ықпал етеді.

    Video Support: Қазақстан бейнеқайталау жүйесін қолданатын чемпионаттар қатарында

    2026/27 маусымынан бастап футзалдан Қазақстан чемпионатында алғаш рет Video Support — маңызды эпизодтарды тексеруге арналған төрешілерді бейнеқолдау жүйесі жұмыс істеп жатыр. Мақсаты жағынан ол үлкен футболдағы VAR жүйесіне ұқсайды. Алайда футзал ережелерінде көзделген жеке регламент бойынша қолданылады. Осындай жүйелер Еуропаның жетекші футзал чемпионаттарында, соның ішінде Испания мен Португалияда пайдаланылады.

    «Қазіргі футзалда төреші қателігінің құны қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінеміз. Енді Қазақстан да осы технологияны енгізген ұлттық чемпионаттар қатарына қосылды», деді Талғат Қосмұхамбетов.

    Жүйені одан әрі дамыту мамандарды даярлауды, техникалық жарақтандыруды және клубтармен әрі төрешілер корпусымен жұмысты қамтиды.

    Суперлиганың әр матчында алты камера

    Маусымдағы екінші маңызды өзгеріс — телетрансляция өндірісінің жаңа стандарты. Енді Суперлига матчтары алты камерамен түсіріледі. Бұл ойынның түрлі ракурстарын көрсетуге, маңызды сәттердің сапалы қайталауын ұсынуға және матч қарқынын көрерменге жақсырақ жеткізуге мүмкіндік береді. Трансляциялар QSport, Qazsport және SportPlus телеарналарында көрсетіледі. Лига олармен бірге бейнесапа, графика, комментаторлық жұмыс және операторлық түсірілім сапасын жетілдіруде.

    «Video Support жүйесін енгізу және алты камералы трансляцияларға көшу — осы маусымның өзінде Суперлиганың кәсіби стандарттарын қалай көтеріп жатқанымыздың екі нақты мысалы. Телевизиялық өнімнің сапасы неғұрлым жақсы болса, чемпионат көрермен мен серіктестер үшін соғұрлым тартымды болады», деді ҚКФЛ вице-президенті Данияр Әли.

    Серіктестер: 1xBet және Joma

    1xBet компаниясы 2026/27 маусымында Суперлиганың негізгі серіктестерінің біріне айналды. Бренд «Барселона» мен «Пари Сен-Жермен» футбол клубтарымен, ал елімізде футболдан «Қайрат» клубымен ынтымақтасады. «1xBet турдың басты матчы» бірлескен жобасы жекелеген матчтардың медиада кеңірек жариялануына, ал жанкүйерлер үшін арнайы белсенділіктер ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

    «Қазақстан кәсіпқой футзал лигасымен ынтымақтастықты бастағанымызға қуаныштымыз. Серіктестік аясында бірнеше бірлескен жобаны, соның ішінде Суперлиганың маңызды кездесулерін көрермендер үшін одан әрі қызықты ететін «1xBet турдың басты матчы» бастамасын жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз.

    Біз жанкүйерлермен байланысты нығайтуға, арнайы іс-шаралар өткізуге және қосымша контент жасауға ерекше көңіл бөлеміз. Ортақ мақсатымыз —елімізде футзалды кеңінен насихаттау, чемпионатқа қызығушылықты арттыру және жаңа аудитория тарту», деді 1xBet бренд-директоры Санжар Токтасын.

    Испаниялық Joma бренді ҚКФЛ-ның ресми техникалық серіктесі атанды. Ол Лиганы футзал доптарымен және төрешілер экипировкасымен қамтамасыз етеді, сондай-ақ чемпионат клубтарымен жұмыс істейді. Joma серіктестерінің қатарында «Реал Сосьедад», «Вильярреал», «Брентфорд», «Фиорентина», «Торино» клубтары және Испанияның жетекші футзал чемпионаты Liga Prime бар.

    «Қазақстан кәсіпқой футзал лигасымен ынтымақтастық туралы жариялау біз үшін үлкен мәртебе. Серіктестіктің алғашқы маусымында-ақ алға қойған міндеттерімізді орындадық: төрешілер корпусы мен Лига қызметкерлерін Joma экипировкасымен қамтамасыз еттік, сондай-ақ Қазақстан кубогі мен Лига кубогіне брендтің ресми доптарын ұсындық.

    Келесі маусымда ынтымақтастықты кеңейтіп, Joma доптарын Қазақстан Суперлигасында да қолдануды жоспарлап отырмыз. Бұл серіктестікті дамытуға Joma-ның Испаниядағы жаһандық кеңсесі де мүдделі екенін атап өткен жөн.

    Сонымен қатар ҚКФЛ-мен бірлесіп, Лига аясында өтетін барлық ішкі футзал турнирлеріне арналған доптардың эксклюзивті дизайнын әзірлеп жатырмыз. Бұл ынтымақтастық қазақстандық футзалды дамытуға және оның кәсіби стандарттарын арттыруға маңызды үлес қосатынына сенімдіміз»,  деді Қазақстанда Joma брендінің өкілі VT Trade компаниясының директоры Анар Тәуетаева.

    Цифрлық өнімдер және медиа

    Лига технологиялық серіктесі Blocksport-пен бірлесіп, чемпионат, клубтар мен ойыншылар туралы ақпарат қамтылатын ҚКФЛ-ның ресми сайты мен мобильді қосымшасын әзірлеп жатыр. Іске қосылу мерзімі қосымша хабарланады. Ақпараттық серіктес Meta Ratings Суперлига клубтарына тегін сайттар жасап береді.

    Лиганың медиажобалары қатарында Red Bull Kazakhstan-пен бірлесіп, Суперлига ойыншыларының қатысуымен өткізілген EA SPORTS FC 27 бойынша Red Bull Wings Cup, үздік голдар мен сейвтер топтамалары, жеке марапаттар, ойыншылардың оқиғалары және «Біздің футзал» бағдарламасы бар. Суперлига брендін ілгерілету және коммерциялық жобалармен Huddle спорттық маркетинг агенттігі айналысады.

    «Біздің міндетіміз — футзалға деген қызығушылықтың тек матч күндерімен шектелмеуін қамтамасыз ету. Чемпионат күн сайын жаңалықтарда, әлеуметтік желілерде, телебағдарламаларда, сұхбаттар мен ойыншылар туралы оқиғаларда көрініс тапқанын қалаймыз», деп атап өтті Данияр Әли.

    Алдағы жылдарға арналған жоспарлар

    ҚКФЛ үш басым бағытты айқындады: біріншісі, жарыстарды ұйымдастыру — матч өткізудің бірыңғай кәсіби стандарттарын енгізу және командалар, ойыншылар мен жанкүйерлер үшін қолайлы жағдай жасау.

    Екіншісі, коммерциялық даму — Лига мен клубтардың тұрақты дамуы үшін жаңа серіктестер мен табыс көздерін тарту.

    Футзалды танымал ету — жаңа аудитория тарту, клубтар мен ойыншылардың оқиғаларын таныстыру, балаларды спортқа баулу.

    Қазақстан кәсіпқой футзал лигасы (ҚКФЛ) — футзалдан Қазақстан чемпионатының жоғары дивизионы саналатын Суперлиганың, Қазақстан кубогі мен Суперкубогінің, сондай-ақ коммерциялық Лига кубогы турнирінің ұйымдастырушысы. ҚКФЛ жарыстарды өткізу стандарттарына, телевизиялық және цифрлық өнімдерге, клубтармен және коммерциялық серіктестермен жұмысқа жауап береді.

     

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *