• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Ақ тілектер ағылған күн

    Ақтөбе қаласындағы «Алтын орда» мейрамханасында «Спорт жұлдыздары» республикалық журналының бас редакторы Мұсағали Тасқалиевтің 50 жасқа толған мерейтойы және Шығыс қыздарынан шыққан Кеңес Одағының тұңғыш Батыры Мәншүк Мәметоваға арналған «Мәншүк – қайсар, қаһарман» әнінің тұсаукесері мен қазақтан шыққан Кеңес Одағының Батырлары туралы жазылған «Ұлт батырлары» кітабының таныстырылымы болып өтті.

    Мұсағали Сабырғалиұлының 50 жасына Алтай мен Атыраудың арасын алып жатқан кең байтақ еліміздің түкпір-түкпірінен елге сыйлы құрметті қонақтар келіп, ағамыздың тойына қатысты. Елдегі карантиндік жағдай болмағанда бұдан да көп қонақтар келетіні сөзсіз еді. Санитарлық жағдайға байланысты адам саны шектеулі болды.

    Ақтау қаласынан осы кешке «Шағырай» қоры атынан арнайы келген құрметті қонағымыз Мәншүк Мәметоваға арналған әннің жазылуына себепкер болған азамат және «Ұлт батырлары» кітабына демеушілік жасаған спорт пен өнер жанашыры  Айтқали Ізмақов есімі елге белгілі жазушы Пернебай Дүйсенбин мен Мұсағали Тасқалиевтің бірігіп жазған  «Ұлт батырлары» кітабын таныстырып, Мәншүкке арналған ән авторлары Мұсағали Тасқалиев пен Орынгүл Исмағұловаға сый-сияпат жасап, Мәншүк ұрпақтары атынан ат мінгізді.

    «Қос Шынар» Әлия-Мәншүк атындағы қоғамдық бірлестік төрағасы, «Құрмет» орденінің иегері, Ақтөбе облысының құрметті азаматы Ғалымжан Байдербес той иесіне бірлестік атынан «Әлия-Мәншүк» медалін тағып, Мәншүк әніне ақ батасын берді.

    Алматыдан арнайы осы тойға келген «Ер намысы» қоғамдық бірлестігінің  төрағасы Ерболат Алиядинұлы мерейтойға келген атақты спортшыларға «Ұлы дала батыры» медалін табыс етті.

    Құрметті қонақтар арасында Астанадан келген Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы, қазақ күресін әлемге танытқан нар тұлға Серік Адамұлы Түкиев мерейтой иесін Дүниежүзілік қазақ күрес федерациясының Алтын медалімен марапаттап, қазақтың дәстүрімен шапан жауып, ат мінгізді.

    Ақтөбе облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұрбол Сыдықов Мұсағали ағамызға Ақтөбе облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауовтың атынан Алғыс хат пен облыстық спорт басқармасы атынан сый-сияпат жасады.

    «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысы, Батыс филиалының директоры, «Құрмет» орденінің иегері Ізімғали Көбенов Мұсағали Сабырғалиұлының 50 жасына арнайы жіберген әлемге танымал Олжас Сүлейменовтың Құрмет грамотасын табыс етсе, Ақтөбе облысы бойынша қазақ күресінен шыққан тұңғыш спорт шебері, Әйтеке би ауданының құрметті азаматы, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңіраралық мемлекеттік университетінің құрметті профессоры Зейнолла қажы Төлеутаев сонау Бішкектен жеткен аманат, Қырғызстандағы қазақ күрес федерациясының президенті Нұрқан Осмоналиевтің атынан мерейтой иесіне шапан жауып, «Жігерлі даңқ» орденімен марапаттады.

    Атырау облысының Мақат ауданында 1942 жылы Комсомольск деген ауыл құрылыпты. Кейін ол жерден Нармонданақ деген мұнай кен орыны ашылып, ауыл ел экономикасының дамуына орасан зор үлес қосады. Өкінішке қарай, 2010 жылы сол ынтымағы жарасқан ауыл мұнай көзінің тартылуына байланысты тарап кетіпті. Сол ауылда туып-өскен азаматтар өздерінің туған жерін ұмытпай, 2019 жылы ауылға арнап ескерткіш тұрғызады. Ескерткіштің авторы – Батырбек Қанбаев.

    Ауыл азаматтарының өтініші бойынша Мұсағали Сабырғалиұлының жұбайы Орынгүл жеңгеміз жақында сол жырға ән жазып шыққан болатын. Бүгінгі кеште сол әннің де тұсауы кесіліп, Батырбек Қанбаев ағамыз ауыл азаматтары атынан ән авторына ризашылығын білдірді.

    Мерейтой қонақтары  қатарында бокстан әлем чемпионы Галиб Жафаров, джиу-джитсудан екі дүркін әлем чемпионы Тыныс Бисалиев секілді есімдері алты алашқа танымал спортшылар мен Мұсекеңнің достары, әріптестері, өнер иелері, «Шолпы» клубының мүшелері болды. Олардың бәрінің есімін бұл қысқаша ақпаратта   жазып шығу мүмкін емес. Бәрі де елге сыйлы азаматтар, Алаштың игі жақсылары.

    Құттықтаулар мен сый-сияпатқа да сан жетпейді. Мұсағали Сабырғалиұлы туып-өскен Батыс Қазақстан облысы, Казталов ауданының әкімі А.Есалиев, «Спорт жұлдыздары» журналы газет болып шыққанда ең бірінші санына ақ батасын берген ардақты азамат, бүгінде  Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданының әкімі Ә.Әуелбаев пен Атырау аймақтық дене тәрбиесі мен спортты дамыту орталығының директоры С.Жекенов өздерінің құттықтау  хаттарын жіберді. Қысқаша айтқанда ақ тілектер ағылған күн болды!

    Кеш барысында Мұсағали Тасқалиевтің сөзіне жазылған әндер орындалып, мерейтойдың мерейін аша түссе, Орынгүл жеңгеміз отағасына арнап жазған «Туған күн» әнімен шашу шашты. Мұсекең де қарап қалмай жеңгемізге арнап өзі әні мен сөзін жазған «Бір өзіңсің» әнін өзі орындап берді.

    Осылайша ел үшін еңбек етіп, спорт пен өнерді қатар алып жүрген азаматтың ердің жасы 50-ге келген мерейтойы өтіп, ел алғысына бөленді. Мұсағали Сабырғалиұлына келген жасыңыз құтты болсын, Алла Тағала сізге бұл өмірдегі бар жақсылықты нәсіп етсін дейміз! Қажымас қайрат және шығармашылық шабыт пен табыс тілейміз!

     

    Еркін СЕРІКҚАЛИҰЛЫ,

    АҚТӨБЕ

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *