Қырғыз Республикасы Президентінің баспасөз хатшысы Асқат Алагөзов бұған дейін «Бішкек-Арена» стадионына қатысты жариялаған қысқаша ақпаратын толықтырып, спорт аренасының құрылысына 386 млн доллар жұмсалғанын айтты.
«Осы кезге дейін «Бішкек-Арена» стадионына қатысты толық ақпарат ала алмадық. Оның себебі, осы жобаға қатысы бар барлық адамдар ШЫҰ саммиті мен Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына дайындық жұмыстарымен айналысып, тәулік бойы жұмыс істеді.
Енді міне, стадионға қатысты толық мәлімет беруге болады. Сондықтан оны халыққа жариялауды жөн санап отырмын,» деді ол.
Оның айтуынша, «Бішкек-Арена» стадионының құрылысына 386 млн АҚШ доллары жұмсалды. Оны «60 млн долларға» салды деген ақпарат – жалған.
Стадион құрылысы басталған кезде нысан бастапқыда 30-35 мың көрерменге есептелген еді. Сол кезде Қамшыбек Тәшиев оның шамамен 60 млн долларға түсетінін айтқан. Алайда алғашқы кезде Долон Өмірзақов атындағы стадионға ұқсас спорт аренасын салу туралы ой болған.
«Кейін Президент Садыр Жапаров бастапқы жобаны толығымен өзгертіп, стадионды қырғыздың киіз үйі формасында салынсын деген тапсырма берді. «Оның ішінде сауда орталықтары, мейрамханалар мен дәмханалар, супермаркет, кинотеатрлар, спорт залдары мен балаларға арналған алаңдар болсын. Әйтпесе, стадионды ұстап отырудың өзі бюджетке ауыр салмақ түсіреді. Болашақта стадион табыс әкелетін нысанға айналуы керек», деді ол.
Нәтижесінде жоба толығымен қайта әзірленіп, құрылыстың жалпы аумағы 194 248 м² болды. Стадионның бір шаршы метрі 2 000 АҚШ долларынан 15 000 АҚШ долларына дейін өзгеруі мүмкін.
Сондықтан Қамшыбек Тәшиев стадионның 30-35 мың адамға арналып, оның бағасы шамамен 60-70 млн долларға баратынын айтқанда осыны меңзеген болу керек. Егер стадион Долон Өмірзақов атындағы стадион сияқты кәдімгі спорт аренасы ретінде салынғанда, ол өзін-өзі ақтап қана қоймай, оны күтіп ұстауға және қызметкерлердің жалақысын төлеуге жыл сайын бюджеттен миллиардтаған сом қаражат талап етер еді.
Сондықтан жоба кеңейтіліп, «Бішкек-Арена» сыйымдылығы 52 мың көрерменге арналып, мен жаңа айтқан инфрақұрылымның бәрі салынды», деді ол.
Осы ретте ол жобаны кеңейтудің тағы бір себебі, ФИФА-ның, яғни Халықаралық футбол федерациясының талабы болғанын ескертті.
«Әлемдік деңгейдегі халықаралық жарыстарды өткізу үшін стадион кемінде 50 мың көрерменге арналған болуы керек екен», деді Асқат Алагөзов.
Осыдан кейін ол «Бішкек-Арена» стадионының негізгі сипаттамалары туралы кеңірек мәлімет берді.
Олар мыналар:
Жер учаскесінің аумағы – шамамен 20 га (200 000 м²).
Құрылыстың жалпы аумағы – 194 248 м².
Нысанның диаметрі – 280 м.
Биіктігі – 70 м.
Қабат саны – 8 қабат.
Көрермендерге арналған орын саны – 51 252.
Сметалық құны – 386 млн АҚШ доллары.
Сауда және коммерциялық инфрақұрылым:
Сауда орталығының жалпы аумағы – 35 916 м².
Стадионда 48 дүкен, 1 супермаркет, 18 сауда дүңгіршегі, 23 мейрамхана, 11 дәмхана, 4 кино залы, балаларға арналған ойын алаңы, спорт залы. жалпы аумағы 5 087 м² болатын террасалар бар.
«Осылайша, «Бішкек-Арена» құрылысының жалпы құны 386 млн АҚШ доллары болды. Алайда «Бішкек-Арена» бұл соманы салыстырмалы түрде аз уақытта өтеп қана қоймай, әрі қарай табыс әкелетін болады.
Қазірдің өзінде ақылы іс-шаралар мен концерттер өткізуге өтінімдер түсе бастады», деді Президенттің баспасөз хатшысы.
Одан әрі ол салыстырмалы түрде басқа елдердегі стадиондардың қандай сомаға салынғанын да айтты. Оның айтуынша, АҚШ-тағы 65 000 орынға арналған Allegiant Stadium стадионы 1,9 млрд долларға салынған. Бұл жерде VIP пен коммерциялық орындар бар.
«Өкінішке қарай, соңғы күндері «біздің стадион 60 млн долларға салынды. Ал көрші елдердегі стадиондар осындай сомаға салынды» деген пікірлер айтыла бастады. Бұл көрші мемлекеттердің басшыларының беделіне нұқсан келтіреді. Сондықтан, құрметті отандастар, бұл мәселені саясиландырмай, көрші мемлекеттермен қарым-қатынасты ушықтырмайық», деді ол.
Осы орайда Асқат Алагөзов бүгінде бүкіл әлемде стадион құрылысының құны материалдың қымбаттауына байланысты өсіп жатқанын тілге тиек етті.
«Мысалы, металдың қымбаттауы, бетон бағасының өсуі, логистикалық шығындар, жұмыс күшіне төленетін ақша, инженерлік жүйелерді, VIP және коммерциялық аймақтарды салу, инфляция, дүниежүзі бойынша құрылыс материалдарының тапшылығы, осының бәрі құрылыстың бағасына әсер етеді», деді Қырғызстан басшысының баспасөз хатшысы.
Ол Президент Садыр Жапаровтың Есеп палатасы мен басқа да тиісті органдардың өкілдеріне комиссия құрып, стадионның құрылысын жан-жақты тексеру тапсырғанын айтты.
«Комиссия құрылыс материалдарының толық пайдаланылғанын, жұмысшыларға жалақының толық төленгенін, қаражаттың ұрланбағанын тексереді.
Тексеру қорытындысы бойынша нәтижелер бүкіл халыққа жарияланады», деді ол сөз соңында.
Бұған дейін ол VI Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының қорытындысындағы медаль есебіне қатысты пікір білдірген еді.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА
SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары