Алматыдағы «ШАНС» кітап дүкенінде Қытай әдебиетінің көрнекті өкілі, мемлекеттік қытай әдебиеті сыйлығының иегері Шэнь Шисидің «Қасқырлар патшайымы» атты кітабының тұсаукесері өтті.
Іс-шарада Журналистер одағының мүшесі, «Мазмұндама» баспасының редакторы, Ханшайым Тәуірбаева әдеби көркем шығарманың ерекшелігіне, қасқырдың ақылдылығына, өмір сүру салтына ерекше тоқталды. Филология ғылымдарының PhD докторы, жазушы, аудармашы Нұрхалық Абдырақын көркем шығармада қытай түпнұсқада жазылған сөйлемдерге, кейбір қытайға сіңімді болып кеткен сөз тіркестер қазақ тіліне аударуға дәл келмейтін тұстарын, аудармадағы қиыншылықтарды және әр шығарманы сол саланың маманы қолға алғаны дұрыс болатындығын тілге тиек етті. Мәселен, аударма саласында көркем шығарма мен прозаны жазушы, ал поэзияны ақынның өзі аударған дұрыс. Бұдан бөлек, аудармашы тілді жетік меңгеруден бөлек, әр ұлтқа тез сіңіп кететін, өзін әрқалай сезінетін кәсіпқой маман болуы шарт. Сонымен қатар, аударма халықтың жүрегіне дәл жеткізетіндей, сол саланы меңгерген әрі түсіне білетін маманды қажет етеді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің магистранты Ләйла Ноғайбекқызы шығарманы көркем деген кезде көптеген түсініксіз сөз тіркестеріне тап болғандығын, әрбір сөзге ерекше мән бергендігін айтты. Өз кезегінде сөз алған әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің тарих факультеті, Археология, этнология және музеология кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты, «Бөрітаным» ғылыми еңбегінің авторы Тәттігүл Картаева көркем шығарманың қазақы танымдық дүниелермен қабысатындығын, танымдық мақаланы оқу кезінде ерекше әсер алғандығын айтты.
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының әдеби кеңесшісі, ақын Саят Қамшыгер қасқыр ерекше аң екендігін, ата-бабаларымыз әу баста түркі дүниені көк бөрімен теңегендігін атап өтіп, қасқырға атаулыға қатысты өзінің шығарған өлеңін мәнерлеп оқып берді. «Алматы Ақшамы» газетінің қызметкері, журналист Нұрғиса Сахов пен «Шығыс әдебиеті» баспа компаниясының басшысы Жеңіс Омаров жүрекжарды лебіздерін білдірді. Іс-шарада кітаптың тұсаукесер рәсімі болды. Одан кейін оқырман қауым өздерін толғандырып жүрген мәселелер бойынша сұрақтар қойып, тұщымды жауап алды. Бұдан бөлек елімізге танымал ақын-жазушылар мен журналистер қауымы өз ойларын ортаға салады.
Кітапты қазақ тіліне филология ғылымдарының PhD докторы, жазушы, аудармашы Нұрхалық Абдырақын аударған. Еңбектің авторы Шэнь Шиси – қытай әдебиетінің көрнекті өкілі, мемлекеттік қытай әдебиеті сыйлығының иегері. Оның жануарлар туралы жазған шығармалары ерекше тартымдылығымен оқырман жүрегіне жол тартып, Қытайдағы «аңдар туралы романдардың патшасы» деген құрметті атаққа ие болды.
«Қасқырлар патшайымы» романы – автордың ұзақ жылғы аңдар әлемін зерттеу еңбегінің нәтижесі. Әдетте қауіп-қатерге, оқыс жайттарға толы тіршілік кешетін қасқырлар қоғамында көшбасшылық міндетті күші толысқан, қайсар әрі тәуекелшіл арландар атқарады. Әуегін аштықтан аман алып қалу үшін өлімге бас тіккен арлан Куйкуй жолбарыспен күресте мерт болады. Патша тағын оның жұбы – қаншық қасқыр иеленеді. Шиеленіске толы оқиғалар барысында оның сүйіспеншілігі мен мейірімі өмірді өзгерте алатын ұлы күш екені нанымды баяндалады.
Салтанат ҚАЖЫКЕН,
АЛМАТЫ