Бүгін түнде Италияның Милан мен Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтіп жатқан XXV қысқы Олимпия ойындарынан қуанышты хабар келіп жетті.
Мұнда мәнерлеп сырғанаудан еркін бағдарламада ерлер арасында өткен жекелей бәсекеде 21 жастағы жас таант Михаил Шайдоров жарыс жолына шығып, Олимпиада чемпионы атанды.
Ол қазақтың әлемге әйгілі әншісі Димаш Құдайбергеннің орындауындағы «Confessa» мен «The Diva Dance» әнін таңдап, мұз айдында еркін көсілді. Жас талант алғашқы техникалық элементке үштік аксель, бір эйлер және төрттік сальхау жасап, сәтті орындап шықты.
Сөйтіп, ол техникалық элементтер орындаудан 114.68 ұпай, ал бағдарлама компоненттерін орындауда 83.96 ұпайға ие болды. Осының нәтижесінде спортшы қысқа бағдарламадағы 92.94 ұпай және еркін бағдарламадағы 198.64 ұпайды қосқанда 291.58 ұпаймен Олимпия ойындарының алтын жүлдесін жеңіп алды.
Екінші және үшінші орында Күншығыс елінің өкілдеріне бұйырды. Жапон Юма Кагияма мен Сюн Сато жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Михаил Шайдоровтың бұл жүлдесі – биылғы додадағы алғашқы алтын жүлде болса, Қазақстан тарихындағы екінші алтын медаль. Ол араға 32 жыл салып, құрмет тұғырының ең биік сатысына шықты. Оған дейін 1994 жылы Норвегияның Лиллехаммер қаласында жалауы желбіреген жарыста шаңғышы Александр Винокуров алтын медальді мойнына таққан болатын.
Тағы бір айтатын нәрсе, бұл жүлде соңғы 8 жылда келіп жеткен медаль. Қазақстан соңғы рет 2018 жылы Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өткен қысқы ойындарда 1 қола медаль иеленді. Жүлдені фристайл-могул спортынан Юлия Галышева жеңіп алып, еліміздің қоржынына жалғыз медальды салған еді. Ал мәнерлеп сырғанау жарысынан соңғы рет Денис Тен 2014 жылы Сочи Олимпиадасында қола медаль жеңіп алды.
Биылғы додада Михаил Шайдоров қысқа бағдарламада бесінші орын алып, АҚШ құрамасының өкілі Илья Малинин бірінші орынға ие болған еді. Алайда, еркін бағдарламада отандасымыз жүйкеге сыр бермей, барлық элементтерді сәтті орындап, ең көп ұпай жинады. Малинин еркін бағдарламада қобажып, лайықты өнер көрсете алмай 8-орынға түсіп қалды. Мұндай жағдай барлық спортшыда болады. Ал отандасымыз психологиялық жағынан да дайын болып шықты.
Осы жарыстан кейін туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мен Ұлттық Олимпиада комитетінің төрағасы Геннадий Головкин чемпион Михаил Шайдоровты арнайы құттықтады.
Министр Мырзабосынов үстіне көк туды жамылған Олимпиада чемпионын қолың қысып, құшақтап, құтты болсын айтты.
-Құтты болсын! Жеңіс құтты болсын!, — деді ол.
Олимпия ойындарының күміс жүлдегері, аты аңызға айналған боксшы жас талантқа оның алтын медалін қолына ұстап тұрып, өзінің ақыл-кеңесін айтты.
— Ең алдымен құтты болсын айтамын. Енді сіз Олимпиада отбасындасыз. Осымен мақтаныңыз, — деді ол.
Содан кейін чемпионның жүлдесінің екінші жағын көрсетіп былай деді:
-Бірақ бұл медальдің да екі жағы бар. Адам болып қала беріңіз. Олимпиада чемпионы болу — үлкен жауапкершілік, — деді Головкин.
Сонымен бірге ол спортшыға адамның мерейін, беледін қоғам алдында алтын медаль емес, оның адамгершілігі ғана өсіретінін ескертті.
Шайдоров өз кезегінде министр Ербол Мырзабосынов пен Геннадий Головкинге және олармен бірге келген барша азаматқа алғысын айтты.
— Мен барлық қазақстандықтарға үлкен алғыс айтқым келеді. Әрине, спорт болған соң әртүрлі пікірлер болады. Көп адам маған қысым болады деп ойлады. Бірақ бәрі керісінше болды. Бұл мені шынымен жігерлендіріп, күш берді. Мен тек күрескім келеді. Сол үшін соңына дейін күрестім, — деді спортшы.
Содан кейін ол барлық Қазақстан халқына сәлемін жолдады. Бүгін белгілі болған тағы бір жаңалық, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровты II дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттайды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
— Қасым-Жомарт Тоқаев Михаил Шайдоровқа жоғары шеберлігі, жеңіске деген ерік-жігері үшін алғыс айтты. Мемлекет басшысы барша спорт сүйер қауым мен ел азаматтары спортшының айтулы жетістігін мақтан тұтатынын жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Михаил Шайдоровты II дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ жаттықтырушыларға, тиісті министрлікке атқарған жұмысы үшін ризашылық білдірді. Президент Олимпиада чемпионына толайым табыс пен жеңіс тіледі, — делінген хабарламада.
Қазір қолда бар дерекке қарағанда, Қазақстан Олимпиадада жалпы есепте 15-орынға көтерілді.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА
SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары