Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Қостанай облысының тұрғындарымен есептік кездесу өткізді. Алқалы жиынға өңір азаматтары, қоғам белсенділері, журналистер, өңірлік спорт федерацияларының басшылары, туризм саласының кәсіпкерлері, спортшылар қатысты, деп хабарлады ведомство.
Қостанайдағы Жастар сарайында өткен кездесуде Ермек Маржықпаев министрліктің биылғы жұмысы, туризм және спорт саласында жүргізіліп жатқан реформалар және ведомствоның алдағы жоспарларын баяндады.
2025 жылға дейін елімізде мемлекеттік-жекешелік әріптестікті қолдана отырып, 113 жаңа спорт нысаны салынып, қолданыстағы 26 нысан қайта жаңартылады. Қостанай облысында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында «Тобыл-Арена» жабық футбол стадионы, «Қостанай» спорттық-ойын-сауық кешені, 50 метрлік жүзу бассейні және мұз спорт сарайы сияқты нысандар қайта жаңартылып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ өңірде мамандандырылған спорт мектеп-интернат-колледжі ашылады.
Сонымен қатар министр облыста қысқы спорт түрлері қарқынды дамып келе жатқанын тілге тиек етті. Атап айтар болсақ, Қостанай облысынан конькимен жүгіру бойынша әлем чемпионы, қысқы Азия ойындарының жеңімпазы Денис Кузин, шорт-тректен Бейжің Олимпиадасына қатысқан Анастасия Крестова, пара шаңғы спортшысы Юрий Березин мен шаңғышы Виталий Пухкало сияқты спортшылар шыққан. Ведомство басшысы қысқы спорт түрлерімен қатар, өңірде жазғы спорт түрлерін де белсенді дамыту қажет екенін атап өтті.
Қытайда өткен Азия ойындарының қорытындысы бойынша, аймақтардың медаль үлесі жағынан Қостанай облысы ең нашар нәтиже көрсетті. Жергілікті спортшылар 1998 жылғы ойындардан кейін биыл алғаш рет ел қоржынына бірде-бір алтын, тіпті күміс медаль да сала алған жоқ. Сонымен қатар жуырда ғана Астанада өткен бокстан Қазақстан Спартакиадасында да Қостанай облысының спортшылары сәтсіз бокстасты. Бар-жоғы бір қола медаль иеленді. Бұл – Қостанай сияқты бокстан бірнеше әлем және Азия чемпиондарын, Олимпиаданың жүлдегерлерін тәрбиелеп шығарған өңір үшін өте ұятты жағдай. Сондықтан осы бағытта жұмысты күшейту қажет. Жиынға қатысып отырған өңірлік федерацияның басшылығынан осы мәселені ерекше бақылауға алуды сұраймын, – деді туризм және спорт министрі.
Биыл жыл соңына дейін Қостанай облысында 44 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Қазіргі таңда 10 жоба толық іске қосылды. Олардың қатарында Амангелді ауданындағы көпсалалы туристік кешен, Қостанайдағы қалалық жағажайды абаттандыру бойынша жұмыстар кешені, Рудный қаласында орналасқан қалалық мәдениет және демалыс саябағын абаттандыру бойынша екі жылдық жобаның жұмыстары аяқталды. Жалпы ел бойынша Үкімет инвестициялық жобаларды ұзақ мерзімді жеңілдікпен қаржыландыру мерзімін 7 жылдан 10 жылға дейін көбейту мүмкіндігін қарастырып жатыр.
Сондай-ақ министр қазіргі таңда Қостанай облысының туристік әлеуеті толық көлемде пайдаланылмай жатқанын атап өтті.
Біз еліміздегі барлық туристік мүмкіндікті тиімді пайдалануымыз керек. Мәселен, табиғат ерекше сый етіп берген Ертіс алабындағы табиғаты ерекше, суы ең көп Тобыл өзені туристерді қызықтыруы керек. Бірегей табиғи ландшафттары бар өзен аумағында экстремал, экологиялық және емдік-сауықтыру демалыс орындарын дамыту қажет. Бұл аумақ отандық туристерді ғана емес, сонымен қатар шетелдіктерді де қызықтыратын мекендеріміздің біріне айналуы мүмкін. Бүгінгі жиынға қатысып отырған әріптестерімнен осы мәселеге ерекше көңіл бөлуін сұраймын, –деді Ермек Маржықпаев.
Есеп беру кездесуінен кейін министр азаматтармен оңашада кездесті. Онда азаматтардың сұрақтарына жауап беріп, олардың мәселелері мен ұсыныстарын тыңдады.
Қостанай облысының тұрғындары өңірде білікті жаттықтырушылардың жетіспейтінін айтып, ішкі саяхатқа жеңілдіктер, жол бойындағы сервис пен инфрақұрылымды дамыту сияқты маңызды тақырыптарды қозғады.