• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    Мұсағали ТАСҚАЛИЕВ

    Аргентина Асық ату ойынын үйреніп жатыр

    Қазан айының 9–10 күндері Мажарстанда Мажар – Қазақ этноспорт және мәдени ассоциациясының өкілдері — Жанаргүл Бақтыгерейқызы мен Балаж Гөнтер Аргентинадан келген  Франциско Гислетти, Мартин Марино және Матео Бильбаоға қазақ халқының бай мәдени мұрасының бір бөлігі саналатын дәстүрлі ұлттық ойыны Асық ату мен қырғыздың Ордо ойындарын үйретті.

    Бұл кездесу тек мәдени танысу емес, халықтар арасындағы тарихи тамырластық пен рухани сабақтастықтың да айқын көрінісі болды. Аргентиналықтар ұлттық ойындардың ережелерімен танысып қана қоймай, өзара жарысып, ойынды тәжірибе жүзінде де сынап көрді.

    Балаж Гөнтер соңғы жылдары Асық ату ойынын Еуропа елдерінде кеңінен насихаттап, оның дамуына және халықаралық деңгейде танылуына елеулі үлес қосып жүрген мажар жігіті. Ол этноспорт арқылы халықтардың мәдени байланысын нығайтуға, дәстүр мен құндылықтарды сақтауға ерекше көңіл бөледі.

    Аргентиналық қонақтар қазақтың ұлттық ойындарына зор қызығушылық танытып, Асық ату ойынының ерекшеліктеріне тәнті болды. Олар өз елдерінде кеңінен танымал La payana және La taba ойындарының қазақтың бес асық ойынымен өте ұқсастығын атап өтіп, мұндай мәдени ұқсастықтар халықтар арасындағы ортақ рухани құндылықтардың бар екенін көрсетті.

    Қонақтар өз сөздерінде келер жылы Қырғызстанда өтетін Көшпенділер ойындарына қатысып, тәжірибе алмаасатындығын, сондай-ақ Аргентинада қазақтың ұлттық ойындарын насихаттап, дамытуға ниетті екенін жеткізді. Бұл бастама қазақ мәдениетінің әлемдік деңгейде танылуына бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып табылады.

    Сонымен қатар, Мажар – Қазақ этноспорт және мәдени ассоциациясының тағы бір өкілі, мажар азаматы Атилла Ваш өз елінде Асық ату мен мажар халқының көне ұлттық ойыны Golyózás-ты дәріптеп, жастар арасында кеңінен насихаттау мақсатында арнайы команда құрып, этноспорт қозғалысын дамытуға белсенді түрде атсалысып жүр.

    Айта кетерлігі, Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Елшілігінің қызметкері Қайрат Қамбаров жуырда Қазақстаннан арнайы асықтар әкеліп, елшілік атынан тарту еткен болатын. Сол киелі асықтар аргентиналық қонақтарға естелік ретінде табыс етілді. Бұл сый қазақтың ежелгі дәстүріндегі «Асығың алшысынан түссін!» деген игі тілекпен бірге беріліп, достық пен ізгі ниеттің символына айналды.

    Мажар жерінде өткен бұл кездесу қазақ мәдениетінің әлемдік деңгейде кеңінен танылуына, ал ұлттық ойындардың — халықтар арасындағы рухани көпірге айналуына айқын дәлел болды.

     

    Мұсағали ТАСҚАЛИЕВ,

    АҚТӨБЕ

    Фото: автор

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *