…Сонау 1991 жылы Донкихотшылап таза қазақ балаларынан «НАМЫС» атты Ұлттық кәсіпқой футбол клубын құрып, Қазақстан чемпионатында 5-6 жыл ойнаған соң клубымызды демейтін жан немесе мекеме табылмағаннан кейін 4-5 жыл төмен қарап жүрдім де, қазақ футболына талант іздеу арманы ұйықтатпаған соң, 2001 жылы «БІР АТАНЫҢ БАЛАЛАРЫ ФУТБОЛ ОЙНАЙДЫ!» деген атпен бір командада бір ғана атаның балалары ойнайтын (Жүнісбаевтер, Айдаболовтар) жарыс ойлап таптым! Осы жарыстан талай талант өсіп шықты. Ең мықтысы — Жамбыл Көкеев! Бұл жарыс бүгінгі таңда тек Қазақ мемлекетінде ғана бар!
Сол жарыстың мерекелі 25-бәсекелері кеше ғана тарихи Түркістан қаласында болып өтті.
Сөз басынан-ақ осы жарысты Түркістанға шақырған, барлық ауыртпалығын көтерген Түркістан облысының әкімдігіне, облыстық мәслихатына, спорт басқармасына, ерекше облыстық футбол федерациясының төрағасы Нұралы Әбішев мырзаға басымды иіп, алғыс айтамын!
Қазақ спорт өнерінің тарихына аты өшпестей жазылған Октябрь Жарылғапов атындағы стадионда өткен жарысқа республикамыздың барлық дерлік облысынан 32 команда жиналды. Екі күн бойы бір ғана отбасы, бір ғана жанұядан құрылған командалар керемет жарысқа қатысты. Стадион трибунасы да көрермендерге толы болды.
Жарыс қорытындысында 3-орынды Шымкент қаласынан келген ЕСЕНБАЕВТЕР әулеті, 2-орынды Астанадан жиналған ДАДАХАН АТА әулеті, ал чемпиондық атақты Түркістан облысының бір ата әулеті СЫБАНОВТАР жеңіп алды.
Жарысты ұйымдастыру Алқасы жеке-жеке футболшыларды да марапаттады: үздік ардагер ойыншы — Ә.ТІЛЕШОВ (75 жаста), үздік ең жас ойыншы — Ә.СЕЙДАХМЕТ(10 жаста), үздік қақпашы — С.ӘДІЛЕТ, үздік қорғаушы — А.ЕСЕНБАЕВ, жарыстың шебер ойыншысы — А.ДАДАХАН болды. Чемпиондар мен жүлдегерлерді тамаша тұғырға шығарып марапаттап, чемпиондар бас кубокты төбелеріне көтергенде Чемпиондар лигасының үрдісімен аспаннан алтын жауын жауды.
Жоғарыда айтқандай, мұндай жарыс тек Қазақстанда ғана бар. Сондықтан да ресми жарыс иесі боп табылатындықтан осы жарысты ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АРЕНАҒА шығаруды армандап жүрмін. Әуелде мұсылман елдері немесе Түркі елдерінің арасында жарыс өткізер болсақ, бұл талассыз қызық жарыс әлемге де тез тарар еді. Егер ұйымдастыруын жоғары деңгейге жеткізіп, жүлде қорын қомақты ететін болсақ, болашақта шау тартқан Роналдудың өз балаларымен, Мессидің өз ұлдарымен, Бекхемнің өз ұрпағымен келіп ойнамайтынына кім кепіл?!!
Футболда әлем чемпионаты өтіп жүргеніне келесі әлем чемпионаты өтетін жылы 100 жыл болады екен. Яғни, біз әлем чемпионатын өткізіп ешкімді таң қалдыра алмаймыз. Ал, егер «БІР АТАНЫҢ БАЛАЛАРЫ ФУТБОЛ ОЙНАЙДЫ!» атты жобадан әуелі халықаралық жарыс, бірте-бірте ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫН ҰЙЫМДАСТЫРСАҚ, Қазақстанның футбол әлемінде ешкім ортақ бола алмас ӨЗ ЖОБАСЫ болар еді!
Менің арманым осындай. Керек десеңіздер бұл жоба — бүкіл Қазақ мемлекетінің арманы болуға лайық емес пе?!!
Несіп ЖҮНІСБАЙҰЛЫ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
спорт журналисі, жазушы, спорт қайраткері












SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары