• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары: Алматы облысының тұлпарлары топ жарды

    31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында Қырғыз Республикасында өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары да өз мәресіне жетіп, көш бастаған елдер белгілі болды.

    Негізі түркі елдерінің ортақ тарихи-мәдени мұра төңірегінде біріктіруге және этноспортты дамытуға бағыт алған бұл аламанда Қазақстан халқы асыға күтіп, теледидардан көз алмай тамашалағанын еді. Тіпті, мұхит асып Америка елдерінен де келген тартысты жарысқа 13 елден 3 мыңға жуық спортшы қатысып бақ сынады.

    Қазақстан құрамасы айтулы жарыста көшбасшы елдердің бірі болып саналғаны ақиқат. Жарыс қортындысы бойынша  32 алтын, 20 күміс және 22 қола жүлдені жеңіп алған Қазақстан құрамасы бас тұғырға көтеріліп көш бастады. Осылайша, жалпыкомандалық есепте Қазақстан 32 алтын жүлдемен бірінші орында болса, 30 алтын жүлде иеленген Қырғызстан екінші орынға, 7 алтын жүлдесі бар Ресей үшінші орынға жайғасты. Әсіресе, еліміздің үміт артқан  спортшылары аударыспақ, жамбы ату, қазақ күресі, алыш, армрестлинг, арқан тартыс, тоғызқұмалақ, мангала, дәстүрлі садақ ату, ат жарысы және басқа да ұлттық спорт түрлерінен  алтын, күміс, қола жүлделерді жеңіп алып, еліміздің абыройын асқақтатты.

    Қазақстанның көшпенділер ойындарындағы әр спорт түріндегі атойлап жеңген жетістіктері туралы ақпарат құралдары жарыса жазып жатыр. Иә, қанша жазса да артық болмайтын үлкен қуаныш деп есептейміз. Әсіресе, Қырғызстанда өтіп жатқан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында еліміздің желден жүйрік құлагерлерінің  осы Көшпенділер ойындарындағы  аламан бәйгелердегі атойлап алда келген жеңістері ел есінен көпке дейін ұмытылмасы бір анық.

    Айталық, аламанда 25 шақырымдық қашықтықта қазақ шабандоздары үздік нәтиже көрсетіп, тұғырдың үш сатысын да толық иеленді. Ең бастысы — жүлдегерлердің үшеуі де Алматы облысының спортшылары. Мәреге жақын алдыңғы топтағы аттардың басы көріне бастағанда қиқу салған халықтың дауысынан дала тынғандай еді. Бірінші болып Нұрасыл Бекбатыр «Айман» атты сәйгүлікпен жеке-дара мәре сызығын қиды. Оның сенімді жеңісі Қазақстан қоржынына алтын жүлдені алып келді.

    Келесі болып мәреге «Көксерек» атты тұлпарымен Асылжан Төлеген келіп жетіп, күміс жүлдені иеленді. Бұл жарыстағы Қазақстанның екінші жүлдесі болды. Ал үшінші болып Ерсұлтан Жарқын «Қарағаш» атты сәйгүлікпен мәреге жетіп, қола жүлдені жеңіп алды. Алматы облысы үшін бұл нәтиже айрықша мәнге ие. Өңір өкілдері ұлттық құраманың жүлде қоржынына өз үлестерін қосып қана қоймай, ат бәйгесіндегі ең беделді әрі күрделі жарыстардың бірі — аламан бәйгеде тұғырдың барлық үш сатысын толық иеленді.

    Сондай-ақ, 18 000 метр қашықтықтағы экстремалды топ бәйгеде қазақстандық шабандоз Ерсұлтан Жарқын мәреге бірінші болып жетті.

    Ұлттық құрама сапында Алматы облысының намысын қорғаған Ерсұлтан Жарқын халықаралық этноспорттың ең ірі додасында өңір мерейін үстем етті. Көп ұзамай Қазақстан ұшқыр бәйгеде де жеңіс тұғырынан көрінді. 3 200 метр қашықтықтағы жарыста еліміздің «Берил Рэйсер» сәйгүлігі топ жарып, үздік атанды.

    Жеңісті мәреге тұлпарды Кәрімжан Құрбанжанов бастап жеткізді. Жеңімпаз тұлпардың иесі — Бақтияр Байзақов.

    Қазақстан қоржынына үшінші алтын құнан бәйгеден түсті. 12 000 метр қашықтықтағы жарыста «Нұршашу» сәйгүлігінің шабысы ел қоржынына кезекті жеңісті салды. Алтын жүлдені Алматы облысының тағы бір өкілі Санжар Өмекей жеңіп алды.

    Үш қашықтық — үш жеңіс — Қазақстан қоржынындағы үш алтын жүлде. Бұл жерде тек жылдамдық маңызды емес. Әрбір мәренің артында сәйгүліктің күші мен төзімділігі, шабандоздың дәл есебі және ғасырлар бойы көшпелі өмір салтының ажырамас бөлігі болған адам мен жылқы арасындағы ерекше байланыс жатыр.

    Алматы облысы үшін бұл жарыстар тағы бір мәрте мақтаныш сыйлады. Ерсұлтан Жарқын мен Санжар Өмекей Қазақстан ұлттық құрамасының VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы алтын жетістігіне өз үлестерін қосты. Әрбір жеңістің артында — талай шақырымдық жаттығу, сәйгүліктің төзімділігі, шабандоздың шеберлігі және жарыстың соңғы қарысқа дейін жоғары қарқынды сақтай білу қабілеті жатыр.

    Қазақ халқының мәдениетінде ат спортының орны айрықша. Көшпенділер үшін жылқы тұрмыстың ажырамас бөлігі болса, атқа міну өнері мен тұлпарды баптау шеберлігі ұрпақтан ұрпаққа жалғасып отырған.

    Бүгінде бұл дәстүр халықаралық спорт аренасында жаңа мазмұнмен жалғасын тауып келеді. Жалпы, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары ұлттық спорттың тарих пен қазіргі заманды, мәдени мұра мен жоғары жетістіктер спортын тоғыстыра алатынын тағы бір мәрте көрсетті. Ал аламан бәйгедегі бүгінгі жеңіс — Қазақстандағы ат спорты мектебінің жоғары деңгейінің жарқын дәлелі. Негізі қазақтың әр үйіндегі қазықта ат байлаулы тұруын көру бір бақыт. Ана сүтімен мен жылқы сүті –біздің тарихымыздың бастауы. Ал аттар, жүйріктер- ол өнер тарихымыздың ұлы дара тарауы. Ол тарауысыз туған жерді сүю мүмкін емес. Ал әлі күнге дейін қазақтың жас баласының атты көрсе-мінгісі,шапқысы келіп кетіні — ол қандағы қасиет деп білеміз. Ендеше ат спортына көңілді айырқша бөлген орынды. Бұл бағытта Алматы облысы қамшы салдырмай келеді. Өйткені біз қазақ көшпенді елдің ұрпағымыз. Ат — ер қанаты.

     

    Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,

    АЛМАТЫ

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *