Қазақстанның әйелдер арасындағы жекелей сындағы бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Нью-Йоркте 2026 жылғы АҚШ ашық чемпионатын жеңіп алды.
Ол US Open турнирінің финалында Беларусь өкілі Арина Соболенкомен ойнап, 6:4, 5:7, 6:2 есебімен жеңіске жетті.
Теннисшілер кортта 2 сағат 23 минут ойнады. Осы уақытта Рыбакина 12 эйс жасады. 12 брейк-пойнттың үшеуін сәтті пайдаланды.
Осылайша, Рыбакина мансабында алғаш рет US Open чемпионы атанып, «Үлкен дулыға» турнирлеріндегі үшінші чемпиондық атақты жеңіп алды. Осы санаттағы алғашқы жүлдесін отандасымыз 2022 жылы Уимблдонда жеңіп алған еді. Биылғы жылдың басында Рыбакина Australian Open чемпионы атанса, енді өз жүлделер топтамасын АҚШ ашық чемпионатының титулымен толықтырды.
Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов Елена Рыбакинаны тарихи жетістігімен құттықтады.
«Бұл — Еленаның орасан зор жеңісі әрі Қазақстан теннисі үшін тарихи күн. Еленаға тағы да бар күш-жігерін салып, әлемдегі ең ірі теннис ареналарының бірінде ең жоғары деңгейдегі ойын көрсеткені үшін алғыс айтамын.
Елена еліміздегі теннистің табысты дамуын жарқын түрде көрсетіп келеді. Оның әлемдік теннистің ең биік шыңына көтерілуі қазақстандық жас теннисшілер үшін үлкен шабыт көзі болатыны сөзсіз. Біз өз тарапымыздан оларды алдағы уақытта да жан-жақты қолдауды жалғастырамыз», деді Болат Өтемұратов.
US Open турниріндегі жеңіс Рыбакинаның 2026 жылғы маусымдағы тағы бір тарихи жетістігі болды. Турнир қорытындысы бойынша теннисші мансабында алғаш рет WTA әлемдік рейтингінің көшін бастайды.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА


SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары