• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    «Ақтөбе» футбол клубы

    Луиш Нани көпбалалы отбасыға пәтер сыйлады

    Футболдан «Ақтөбе» клубының жартылай қорғаушысы Луиш Нани «Харекет» қоғамдық қайырымдылық қорының әлеуеметтік жобасының аясында қайырымдылық акциясына қатысып, көпбалалы отбасыға жаңа пәтер сыйлады. Ол пәтердің кілтін Орталық стадионда табыс етті.

    Бұған дейін португалиялық футболшы жалдамалы пәтерде тұрып келген ата-анамен және олардың алты баласымен кездескен еді. Сол кездесуде белгілі болғандай, отағасы отбасын асырау үшін демалыссыз еңбек етсе, анасы денсаулығына байланысты ауыр жұмыс істей алмаған.

    Стадионда Нани балалармен естелікке суретке түсіп, өзінің қолтаңбасы қойылған клубтың жейдесін сыйға тартып,  жаңа үйдің кілтін тапсырды.

     «Қазір мен сіздерді жақсы түсініп тұрмын. Өйткені, адамның өмірі үшін баспаналы болудың қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінемін.

    Мен де бала кезімде жақсы тұрдым деп айта алмаймын. Өмірдің көп қиындығын көріп өстім. Біздің отбасымыз үлкен еді.  Біз бауырларымен  шағын ғана алақандай бір үйде тұрдық. Жаңа баспанаға көшер кезде мен де сіздер сияқты толқып, сіздер сезініп отырғандай күй кешкен едім. Сондықтан  сіздер үшін қуаныштымын. Сіздерге бар жақсылықты, мықты денсаулық тілеймін», деді Нани.

    Осылайша Нани жомарт іс істеді. Ол биылғы жылдың 25 қаңтарында ресми түрде «Ақтөбе» сапына қосылды. Биылғы маусымда португалиялық футболшы Ақтөбенің клубы құрамында 20 рет алаңға шығып, үш гол соқты. Голға апарған төрт пас берді.

    Луиш Нани бұрын Англияның «Манчестер юнайтед» клубы мен Португалия ұлттық құрама командасында ойнады.

    «Харекет» қоғамдық қайырымдылық қоры елімізде «1000 теңгеге баспана» ұранымен жұмыс істейді. Қор  тұрмысы нашар, аз қамтылған, баспанаға аса мұқтаж отбасыларға жеке үй алуларына көмектеседі.

     

    Дастан КЕНЖАЛИН,

    АСТАНА

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *