Бүгін Жапонияның Нагоя қаласында V Азия Пара ойындары аясындағы алғашқы жарыстар басталады.
Қазақстан спортшылары пара үстел теннисінен жекелей сында бақ сынайды.
Жарыстың алғашқы күні пара үстел теннисінен 32/1 финалдағы ойындар болады. Еліміз атынан Марат Суртубаев, Алтынай Ержанқызы, Александра Степанова, Антонина Рогова мен Ардақ Нұрмағамбетов жарыс жолына шығады.
Жарысты «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде тамашалауға болады. Азия Пара ойындары 18–24 қазан аралығында өтеді. Оған Азияның 45 елінен 4 000-ға жуық спортшы қатысады. Тірек-қимыл аппараты мен көру қабілеті зақымданған, сондай-ақ зияткерлік даму ерекшеліктері бар спортшылар 18 спорт түрінен 502 медаль жиынтығын сарапқа салады.
Биыл Қазақстан ұлттық құрамасының сапында 150 спортшы ел намысын 12 спорт түрінен қорғайды.
Бұған дейін Астанадағы «Qazaqstan» жеңіл атлетикалық спорт кешенінде Қазақстанның ұлттық командасын V Азия Пара ойындарына шығарып салуға арналған салтанатты рәсімнің өтіп, спортшылардың Жапонияға жол жүргенін хабарлаған едік.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА
SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары