• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Таңдай білу де өнер!

    Қытайдың Ханчжоуындағы XIX Азия ойындары аяқталуға таяған сайын басшы да, қосшы да бары мен жоғын түгендеп, табысы мен кемшілігін сараптап жатуы заңды. Әуелде Ойындарға аттанғанда осымыз дұрыс деп қабылдаған шешімдерінің Ойындар барысында қабырғасы сөгіліп, тұмсығымен жер сүзген шешімдеріне кінәлі іздеп,жер тепкілеп жатқандары да жоқ емес.  

    Бұл — үлкен шаруаның бәріне тән қорытынды. Біз де Ойындар толық аяқталмаса да болған оқиғалардан сүзіп алған ойларымызды ортаға салғанды жөн көрдік.  Бұл қазақ айтқандай «Піскен астың күйігі жаман!» дегеніміз емес, көп болып,ортақ ойланып, ертерек қам жасасақ деген қамқор ойдан туған ойласу ғана.  Бұйыртса, биылғы жылдың күзі де өз күшіне мінді,алда қыс, одан соң көктемді тамашалап жүргенде жадырап жаз да шығады.  Жаз шықты дегенше Париждегі жазғы Олимпиадалық ойындар есік қақты дей беріңіз: ол Ойындарға дайындық келесі жылдың басынан емес, осы жыл соңынан басталуы керек!

    Жалпы Азия ойындарының қорытындысын кейінірек шығарармыз, дәл бүгін көзге ұрып тұрған мәселе — осы Ойындардағы ең көп медальдар жиынтығы жарияланған СУҒА ЖҮЗУ мен ЖЕҢІЛ АТЛЕТИКАҒА терең мән бере қарап, сол спорт түрлерін алдыңғы орынға қоймағанымызда. Яғни, спорттың бір немесе бірер түріне кеңірек мүмкіндік беріп, содан үміт күту мәселесін өз деңгейінде іске асырмағанымыз айқын байқалады. Мысалы, жүзу спортында шамамен 40-қа таяу медальдар жиынтығы сарапқа салынады екен.  Біз Ханчжоуға небәрі алты жүзгіш қана апардық.  Солардың ішінен тек Әділбек Мусин Ойындардың қола жүлдегері атанды.  Болды!  Ойындардың жүзгіштер бәсекесіндегі тұғырдың әр сатысына бәрін қырып-жойып келе жатқан Қытайдың қыз-жігіт жүзгіштерінен басқа, әрине, сирек болса да Жапония мен Оңтүстік Кореяның жүзгіштері шықты, оларға қоса, Гонконгтың, Сингапурдың, Тайпейдің спортшыларының көтерілгенін көргенде бармағымызды тістедік.  Алдынғы үш ел ежелден спортта алда келе жатыр,ал соңғы үш елге біз қашан алдымыздан орын беріп едік? Тіпті, спорттың барлық түрін алғанда да олар үнемі біздің арқамызды көріп қана жүретін елдер болатын.  Рас, бүгінде үлкен спорт бұл елдерде де кең құлаш жайып келеді.

    Олар, оларға қоса, Азияның ірі мемлекеттері — Иран, Үндістан, Индонезия, Таиландтың спорттың көптеген түрінен бізден озбаса қалыспайтын дәрежеге жетіп алыпты.  Бірақ осы елдің көбісі теңіз бен мұхиттың жағалауына жақын орналасқан десек те біз жүзуден ОЛИМПИАДА ЧЕМПИОНЫН шығарған елміз ғой!  Дмитрий Баландинді біз өзгеден аттай қалап, сатып алған жоқпыз, өзімізде тәрбиелеп шығардық емес пе?  Олай болса, «Алтын шыққан жерді белден қазатыны» қайда?!  Жоғарыда айттық, XIX Азия ойындарына алты ғана жүзгіш әкелгеніміз — осы шаруаны шалқасынан құлатып алғанымызға куә бола алады.  «Олардан басқа ешкім жоқ,кім-көрінгенді апара береміз бе?» деп дау шығаруы мүмкін осы саланың бір маманы.  Әрине, олай емес!

    Баландин чемпион болған Риодан бері арада сегіз жылдай уақыт өтті.  Осы жылдары жұлдыз санамай,жас жүзгіштердің талантты шоғырын тауып,соларды тәрбиелеу керек еді дегенге саяды бар мәселе. Жүзу білмесе де Ханчжоуға отыз-қырық адамды алып келу керек еді деп отырған ешкім жоқ.  Соларды тауып,тәрбиелеп барып,осындай Олимпиада алдындағы ірі де жауапты жарысқа қосу керек еді дегенді айтып отырмыз.  Енді, міне, Париж Олимпиадасы да иек астында тұр. Ол Олимпиадаға жоғарыдағы алтаумен ғана барамыз ба?  Олардың бәрі лицензия-жолдама жеңіп алса игі.  Болмаса ше?  Әлде, мұнан сәл бұрынғы Олимпиадада чемпион шығарып,мына Олимпиадада ауызды қу шөппен сүртіп отырамыз ба?!  Мұнымызды ешкім түсінбейді ғой!

     

    Несіп ЖҮНІСБАЙҰЛЫ, — Хуанчжоудан

    ФОТО: Туризм және спорт министрлігі

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *