Біз матчтың қиын болатынын түсінеміз. Барынша дайындалып жатырмыз. Еуропа лигасы болғаннан кейін оңай қарсылас жоқ. Ертең бізді мықты қарсылас күтіп тұр.
– Украина сапында Қазақстанға қарсы бірнеше рет ойнадыңыз. Осы уақыт аралығында Қазақстан футболы қаншалықты дамыды деп ойлайсыз? Немесе басқа пікірдесіз бе?
– Бір ғана «Астананы» алайық. Соңғы жылдары еурокубоктық ойындарда жиі өнер көрсетіп жүр. Осыған қарап-ақ Қазақстан футболы дамып жатыр деп ойлаймын.
– Қазақстанда украиналық футболшылар бар. Олардың бірімен таныс болсаңыз, Қазақстан чемпионаты жайлы қандай пікір білдірді?
– Иә, таныстарым бар. Олар әсіресе, «Астана» мен «Қайрат» жайлы көп айтады. Олардың деңгейі басқаларынан жоғары екенін естідім.
– Ауа райының салқындығы сіздерге қиындық тудырмай ма?
– Олай деп айтпас едім. Себебі, екі команда бірдей жағдайда ойнайды. Бізге ауа райына қарағанда жасанды алаң қиындық тудыруы мүмкін. Бірақ біз оны сылтау еткіміз келмейді. Синтетикалық алаңға тез арада бейімделуіміз керек. Жаттығу барысында доптың қозғалу жылдамдығын есептей білуіміз керек.
– Карьераңыздың басым бөлігін «Днепр» командасында өткіздіңіз. Өкінішке қарай, олардың жағдайы қазір қиын. Украиналық клуб сізге қарыздарыңызды толық өтей алды ма? «Вильярреалды» топта фаворит деп есептейсіз бе?
– Мұндай үлкен клубтың қиын жағдайға тап болғаны маған өте ауыр. Бірақ амал қанша?! Бұл футбол. Футболшылардың мұндайда қолынан ешнәрсе келмейді. Ал қарызға келер болсақ, толық қайтармады. Бірақ бұл тақырыпқа енді тоқталғым келмейді. «Вильярреалдың» фаворит екені рас. Бірақ бәрін жасыл алаңда көреміз.
Айта кетейік, «Астана» мен «Славия» арасындағы кездесу ертең сағат 21:00-де басталады.