Жапонияның Аичи префектурасы мен оның орталығы Нагоя қаласында өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарында Қазақстан құрама командасының қоржыны тағы бір алтын медальмен толықты.
Тас жолдағы велоспорттан ерлер арасындағы топтық жарыста Алексей Луценко топ жарды.
Велошабандоз 4 сағат 13 минут 11 секундта мәре сызығын бірінші болып кесті. Бұл – Луценконың биылғы Азия ойындарындағы екінші алтын жүлдесі. Ол жарыстың алғашқы күнінде жекелей сында да чемпион атанған еді.
Осы жеңісінен кейін Алексей Луценконың қалтасына жазғы Азия ойындарындағы алтыншы алтын медаль түсті. Осылайша ол Азиада тарихында ең көп алтын жүлде жеңіп алған отандық спортшы атанды.
Луценконың Азиададағы нәтижесі:
Инчхон-2014 – 1 алтын жүлде;
Джакарта-2018 – 2 алтын медаль;
Ханчжоу-2022 – 1 алтын, 1 күміс жүлде;
Аичи-Нагоя-2026 – 2 алтын медаль.
Бұған дейін бұл рекорд каноэде ескек есуден Константин Негодяевқа тиесілі еді. Ол Хиросима мен Бангкокта өткен Азия ойындарында жалпы 5 алтын медаль жеңіп алған болатын.
Алексей Луценко – Қазақстан велоспортының танымал өкілдерінің бірі. Ол 2012 және 2013 жылдары U23 санатында әлем чемпионы атанып, Париж–Ницца мен Вуэльта Испания жарыстарының кезеңдерінде жеңіске жеткен.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА
SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары
