• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Біз білетін Бәкең

    Адамның ең асыл қасиеті – жақсылық. Осы сөзді сіз бен біз жақсы білеміз. Адамның жақсылық жасауы оның тектілігін көрсетеді. Жақсылық пен игілікті іс жасау – үлкен адамгершіліктің белгісі. Қазір арамызда басқа адамдарға көмектесіп жүрген көптеген абзал жандар бар. Болат Төлешұлы сондай азамат еді.

    Кейде ол адамға жақсылық жасау үшін жаралған ба деймін. Өйткені, оның шарапатын көрмеген адам кемде-кем.  Бәкеңнің жақсылығын бәріміз көрдік, бәріміз сезіндік. Оның бізге жасаған жақсылығы ешқашан ұмытылмайды. Оны ешкім ешқашан естен шығармайды деп ойлаймын.

    Мен Болат Төлешұлымен бірнеше жылдан бері танитын едім. Екеуміз 2000 жылдардың басында таныстық. Сол кезде Туризм және спорт істері жөніндегі агенттіктің төрағасы  Дәулет Болатұлы Тұрлықанов мені Штаттағы ұлттық командалар және спорт резерві дирекциясының басшысы қызметіне, ал Болат Төлешұлын грек-рим күресінен еліміздің ұлттық құрама командасының бас жаттықтырушысы етіп тағайындаған болатын.  Осы жұмысымыз екеумізді біріктірді. Біз екеуміз бір-бірімізбен өте жақсы жұмыс істедік, танысқан кезден бері жақсы сыйласып, араласып кеттік. Бәкең отбасына, өзі араласатын ортасына, айналасына өте құрметті, сыйлы азамат екенін көрдім. Оған талай рет куә болдым. Ол өзінің жұмысын жақсы көретін, жан-тәнімен беріліп істейтін. Маған әңгіме арасында «Бәрі жақсы болса, күресті дамыту үшін қолда бар мүмкіндіктің бәрін жасаймын» дейтін. Ол сол сөзінде тұрды. Бас жаттықтырушы ретінде талай палуандардың бағын ашты. Оның қарамағында болған спортшылар көптеген халықаралық жарыстарға шығып, бақ сынасты. Ел-жер көрді. Талай палуан Олимпиада, әлем, Азия чемпионаттарының жүлдегері атанды. Қазір оның қол астында жаттыққан палуандарды жер-жүзінің бәрі біледі. «Олар Болат Төлешұлының шәкірттері» дейді.

    Екеуміз жұмыс туралы көп әңгімелесетін едік.  Бәкең күрес десе, спорт десе, дос-жаран, ағайын-бауыр, туған-туысқан, елім-жерім десе ішкен асын жерге қоятын қазақтың нағыз мәрт азаматы еді. Өзі сан-қырлы болатын. Әр нәрсеге тез бейімделіп, әрбір шаруаны ұршықша иіріп әкететін.  Бәкең бизнеспен де айналысып көрді. «Талантты адам тас жарады» демекші, ол кәсіпкерлікті де жақсы бастап, ісін өрге домалатып әкетті. Бизнесте  адамның бәрімен жақсы болу керектігін білетін. Бірақ, дос десе, алдына келген жандар болса бетін ешқашан қайтармайтын. Бәкең бір жылдары Алматыдағы «Никольский» базарын басқарды. Кейін оны сатып, басқа бизнеспен айналысып кетті. Сол кезде ол спортшылардың жаттығуына, дайындалуына қолынан келгенінің бәрін жасады. Ол палуандарды қаланың сыртына, таза ауаға шығарып дайындады. Ал шетелге шыққанда қазы-қарта, жал-жая сияқты ұлттық тағамдарды алып, палуандардың жарысқа жақсы дайындалуына көп еңбек етті. Бәкең спортшылар үшін ештеңе аямайтын. Ол Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының жұмысына да көп көмектесті. Оны жасырудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Бірде Болат Төлешұлы «Никольский» базарын сатқанда қазақ күресінің жұмысына көмектесу үшін қарызға қаражат сұраған едім. Бәкең ойланбастан, неше ақша керек айта бер, қолыңды қақпаймын, қомақты қаражат керек болса беремін, деді. Мен әрине, оның жауабына қысылып, ойлануға 4-5 күндей уақыт беріңіз деп айттым. Сөйтіп, межелі уақыт келгенде мен: «Мұндай соманы қайтара алмаймын. Ниетіңізге, көңіліңізге рахмет! Одан да сіз біздің федерацияның кеңсесінен 450-500 шаршы метр орынды сатып алыңыз, өзіміз 150 шаршы метрде отыра береміз, осылай бізге ақша жағынан көмектескен боласыз» дедім. Ол сатып алмай-ақ былай да қаражатты бере алатынын, ертең жағдай болғанда қайтарасыздар дегенді айтты. Мен оған келіспедім. Оған ар-намысым, ұятым жібермеді. Ол да менің сөзіме риза болғанын сездім. Осылай біз арамызда ақша жүрмей, мәселені шешіп отыратын едік. Жалпы, Бәкең бизнесте жүргенде талай адамға көмектескенін білемін. Оның жақсылығын көргендер өте көп. Болат Төлешұлы өзі жақсы көрген адамын өзіне жақын тартып одан ештеңе аямайтын еді. Ал адамды жақын тартпаса, оның ісіне қарап ұнатпаса, онымен араласпайтын.

    Бәкең отбасын жақсы көретін. Жан-жары, қызы десе жанын беретін. Осыдан бірнеше жыл бұрын біз Оңтүстік Африка Республикасының Кейптаун қаласына бірге барғанбыз. Сол кезде аузын ашса ар жағынан ақ жүрегі көрінетін досым қызына тамаша сыйлық жасайтынын айтты. «Ол қандай сыйлық?» десем, көресің ғой деді. Сөйтіп, жарыстан тыс уақытта көше аралап жүріп оның көзі өте сирек кездесетін гауһартасқа түсті. Соны қызына алатынын, баласынан ештеңені аямайтынын айтты. Ал Африка көшелерінде ақшамен жүру деген қауіпті. Соған қарамай Бәкең қызына үлкен жүрегімен, әкелік махаббатымен екі каратты гауһартасты сатып алып, сыйға тартты. Ал қызы болса әкесі елге келгенде тұрмысқа шығып, шекесі торсықтай егіз бала босанды. Әкегі бұдан артық қандай сый керек?! Бәкең немере сүйіп, ата атанды. Қазір қызы Ботаның үш қызы мен бір ұлы бар.

    Қысқаша айтсам, Бәкең досқа адал азамат еді. Достық – бұл өмірдегі ешнәрсемен бағаланбайтын құндылық. «Дос табу оңай, ал оны сақтау одан да қиын», деген халқымыз. Достық қатынасқа нәзіктікпен қарап, берік сақтау керек. Біздер достықты сақтау үшін жанымызды беріп, араластық. Сенім мен жарқын көңіл – достықты берік ететін тірек саналады. Өзі шынайы дос бола білген адамның достары да көп болады және жер бетінде өзін жалғыз сезінбейді. Бәкең осының бәрін жақсы білетін.

    Өмірге деген көзқарасы ортақ, дүниетанымы деңгейлес, әрі бір-бірін оңай түсінетін жандар бір-бірімен дос бола алады. Ал оның сақтаушысы адалдық пен шынайылық. Дос деген сенің басыңдағы кез келген жағдайды басқалардан артық түсінетін, яғни өзің сезгендей сезе алатын сенің екінші сыңарың. Менің түсінігімдегі достың жолдастан айырмашылығы – жолдасыңды қатты сыйлайсың, ал досқа сондайлық ілтипат танытып, құрмет көретудің қажеті жоқ. Өйткені, досыңды өзіңдей көретін болған соң «өзіңнің» көңіліңді өзің аулап керек емес. Себебі, ол бәрін түсінеді, бәрін де біледі.

     

    Туады ерлер ел үшін,
    Өлмейді ісі мәңгілік.
    Өшпейді абзал есімдер,
    Ұрпаққа жетіп мәңгілік, — деп ақын ағамыз Жұбан Молдағалиев жырлағандай, Болат Төлешұлының да есімі, елге жасаған жақсылығы мәңгілік сақталатынына сенемін.

    Серік ТӨКЕЕВ,

    Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының

    бірінші вице-президенті,

    Қазақстан Республикасының

    еңбек сіңірген қайраткері,

    профессор,

    Қазақстан Республикасының

    еңбек сіңірген жаттықтырушысы

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *