Бүгін V Азия Пара ойындарында пара дзюдодан Даяна Федосова мен Ғалымжан Смағұлұлы қола жүлдені жеңіп алды.
Даяна Федосова J2 санатында 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сингапурлық Хун Джоан Хуэй Синді иппонмен жеңіп, үшінші орын алса, Ғалымжан Смағұлұлы J2 санатында 81 келіге дейінгі салмақта ширек финалда Өзбекстан өкілін қосымша уақытта айласын асырды. Алайда ол жартылай финалда Корея Республикасының спортшысына есе жіберді.
Ғалымжан Смағұлұлы қола жүлде үшін белдесуде Иран өкілі Реза Голамиден басым түсіп, жарысты үшінші орынмен аяқтады.
Бүгін Бексұлтан Құлмырза еліміздің қоржынына төртінші алтын медальді сыйлады.
Ол J2 санатында 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Оңтүстік Корея спортшысы Ким Донхунды жеңіп, чемпионы атанды.
Бұған дейін пара дзюдошы Ибрагим Нұрмаханұлы J2 санатында 70 келі салмақта үздік шықса, Давид Дегтярев пара пауэрлифтингтен алтын медаль жеңіп алып, құрлықтық рекордты жаңартты.
Пара Азия ойындарында алғашқы жүлдені оқ атудан пневматикалық винтовкадан 10 метр қашықтыққа нысана көздеуден R1 дисциплинасында Еркін Ғаббасов 249.1 ұпай жинап, чемпион атанды.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА
SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары