V Азия Пара ойындарының кезекті жарыс күнінде Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары пара садақ атудан, пара үстел теннисінен, пара дзюдодан, пара велоспорттан (шоссе), пара жүзуден, пара пауэрлифтингтен, пара таеквондодан, пара жеңіл атлетикадан, волейболды отырып ойнаудан сынға түсті.
Пара дзюдодан ел құрамасының қоржыны тағы үш алтын, бір күміс және төрт қола медальмен толықты.
J2 класында 95 келіден аса салмақ дәрежесінде Жұрқамырза Шүкірбеков Иран балуаны Кхеироллахзаден Варзи Мохаммад Резаны жеңіп, чемпион атанды.
J1 класында татамиге шыққан Ақтoлқын Сейілбекова (70+кг) де барлық төрт қарсыласын жеңіп, алтын медаль иеленді. Сол сияқты J2 класында 70 келіден аса салмақта белдескен Зарина Райфова да төрт қарсыласының барлығынан басым түсіп, құрмет тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Сондай-ақ J2 класында 95 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Жанбота Аманжол күміс медаль иеленсе, J2 класында күш сынасқан Ермек Нұрқабаев (95 кг) жарыстың қола жүлдегері атанды.
Ерлан Өтепов J1 класында 95 келіден аса салмақ дәрежесінде қола медаль иеленді. J1 класы бойынша Бағланбек Оңалбек (90+кг) қола медальге ие болды. Ал J2 класында сынға түскен Аяла Мереке (70 кг ) қола медаль үшін өткен белдесуде Үндістан спортшысын жеңіп, жарыстың жүлдегері атанды.
Пара жүзу Әли Тұрғанбеков SB4 санатындағы финалдық жарыста брасс әдісімен 100 метрге 1 минут 44.26 секундта жүзіп, екінші орынға ие болды. Ал S10 санатында сынға түскен Диас Кенжебек 100 метрге баттерфляй әдісімен 1 минут 05.50 секундта жетіп, мәреге үшінші болып жетті. Бұған дейін ол S10 санаты бойынша 100 метрге 1 минут 1,98 секундта жүзіп, мәреге бірінші болып жетіп, Пара Азиада чемпионы атанып, кешенді жүзуден өткен финалдық жарыста 200 метрді 2 минут 21.61 секундта жүзіп, күміс жүлде алған еді. Сөйтіп, спортшы бір жарыста үш жүлдені жеңіп алды. Ал Алина Дубинина, Роман Потапов, Әмір Мұратбеков, Айсұлтан Күлкаев, Зарина Мырзағалиева, Бекасыл Қасымбек пен Нұрдәулет Дүйсенбаев көңіл көншітерлік нәтиже көрсетпеді. Олар S8, SB5, SB11, SM11 санатында еркін стильде және брасс әдісімен жүзуден өткен финалда төртінші, бесінші және жетінші орындарды қанағат тұтты.
Пара жеңіл атлетикадан ерлер арасында F36 класында ядроны лақтыру сайысында Дастан Мұкашбеков ядроны 15 метр 47 сантиметрге лақтырып, күміс медаль иеленді. Ал Иван Зелезняк 12.71 метр нәтижемен қола жүлдегер атанды.
Пара садақ атудан Нұршат Төлеуқасым қола медаль жеңіп алды.Ол ерлер арасындағы W1 класында Таиланд спортшысы Супхават Самутчайякиджді 6:2 есебімен жеңді.
Бұған дейін Нұршат Төлеуқасым ширек финалда Оңтүстік Корея спортшысын 7:3 есебімен жеңіп, жартылай финалда Қытай өкіліне 0:6 есебімен есе жіберген болатын.
Пара пауэрлифтингтен де отандастарымыз жүлде ала алмады. Әйелдер арасында 73 келіге дейінгі салмақта Раушан Қойшыбаева 113 келі нәтижемен төртінші орын иеленді. Ал ерлер арасында 88 келіге дейінгі салмақта Рахметжан Хамаев 206 келі көтеріп, бесінші орынға шықты. Сондай-ақ ерлер арасында 97 келіге дейінгі салмақта Әділжан Баутов 204 келі нәтижемен бесінші орын алды. Осы салмақта ел намысын қорғаған Асхат Жұманов 180 келі көрсеткішпен сегізінші орынға жайғасты. Пара таевондодан K44 класы бойынша 80 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Нұрлан Домбаев алғашқы жекпе-жегінде жапониялық Чикара Итоды жеңіп, жартылай финалға жолдама алған еді. Алайда жартылай финалда кореялық Чжу Чонхымге 0:2 есебімен есе жіберді.
K44 класында 80 келіден аса салмақта сынға түскен Жанболат Казиев жұбаныш жекпе-жегінде Ирак өкілі Шад Хошнавқа 2:1 есебімен жол берді. K44 класында сынға түскен Айкенже Дәулетшина (65+ кг) жұбаныш жекпе-жегінде Иран өкілінен есе жіберіп, жарысты аяқтады.
Волейболды отырып ойнаудан ұлттық команда спортшылары топтық кезеңде Иран командасынан 0:3 есебімен жеңіліп қалды. Осыған дейін ұлттық команда Таиланд командасын жеңіп, жарысты жақсы бастаған еді.
Пара үстел теннисінен де жағдайымыз мәз болмай тұр. Бұл сында ерлер де әйелдер де қарсыластарының бәрінен жеңілді. Өкінішке қарай, аралас жұп болып ойнағанның өзінде де Аружан Ғиниятова, Раушан Орынбаева, Балзия Таш, Әли Мақұлбеков, Балзия Таш, Игорь Худяков, Ардақ Нұрмағамбетов, Александра Степанова, Азамат Оразбек пен Талғат Ерекеев бірде-бір ұпай жинай алған жоқ. Қазір жарыста Гонконг, Жапония, Қытай, Филиппин командаларының өкілдері ұпай жинап жатыр.
Бір қуаныштысы, Алтынай Ержанқызы мен Марат Сүртібаев пара үстел теннисінен аралас жұптық сында XD20 класында Пара Азия ойындарының жартылай финалына шықты. Олар Гонконгтің спортшыларымен ойнайды.
Волейболды отырып ойнаудан отандастарымыз жартылай финалда Ирак құрамасын 3:2 есебімен жеңіп, финалға шықты. Осыған ұлттық құрама Таиланд командасын жеңіп, Иран құрамасына 0:3 есебімен жеңілген еді.
Енді Қазақстан құрамасы алтын медаль үшін сынға түседі.
Пара жеңіл атлетикадан Айсұлу Сүлейменова 100 метрге жүгіруден Азияның жаңа рекордын жаңартты. Ол жарыстарға екі аяқтың зақымдануына байланысты арнайы жүгіру протездерін пайдаланатын спортшыларға арналған T62 санатында қатысып жүр. Алайда өз санатында басқа адамдар болмағандықтан, ол бір аяқтың зақымдануына байланысты протез пайдаланатын спортшылар бақ сынайтын T64 санатының өкілдерімен бірге жарысты.
Финалда ол 100 метрді 16,18 секундта жүгіріп, жалпы есепте бесінші орынға ие болды. Сонымен қатар, бұл нәтиже оның T62 санатында Азияның жаңа рекорды ретінде тіркелді.
Осылайша, Айсұлу Сүлейменова біріккен жарыста бесінші орын алғанымен, өз санатында құрлықтық рекорд жасап, маңызды жетістікке жетті.
Қазір ел құрамасында 10 алтын жүлде бар. Бұл медальді пара дзюдодан Жұрқамырза Шүкірбеков, пара нысана көздеуден Еркін Ғаббасов, пара пауэрлифтингтен Давид Дегтярев, пара дзюдодан Ибрагим Нұрмаханұлы, Бексұлтан Құлмырза, Ақтолқын Сейілбекова, Зарина Раифова, пара жүзуден Диас Кенжебек, пара велоспорттан Наиль Ермұханбет пен Анастасия Калаус жеңіп алды.
Жарыстар әлі аяқталмағанын және алда бірнеше жарыс күні бар екенін ескерсек, спортшылардың жүлде қоржынын одан әрі толықтыруға мүмкіндігі мол.
Соңғы келіп түскен мәліметке қарағанда, Алтынай Ержанқызы мен Марат Сүртібаев пара үстел теннисінен қола медаль жеңіп алды.
Ол Марат Сүртібаевпен бірге XD20 класындағы аралас жұптық сында өнер көрсетіп, жартылай финалға дейін жетті.
Екеуі жартылай финалда Гонконг өкілдері Лам Ян Ю мен Вонг Хон Ламмен ойнады. Бірақ бұл ойында қарсыластар 3:0 есебімен жеңіске жетті.
Біздің спортшылар V Азия Пара ойындарының қола жүлдегері атанды.
Осылайша, Алтынай Ержанқызы жүлде қоржынын тағы бір медальмен толықтырды.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА
SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары