Футболдан Қазақстан кубогының финалдық тартысына Қызылорданың «Қайсар» клубы мен «Атырау» командасы шықты.
22 қыркүйекте екі клуб ел кубогы үшін тартысқа түсетін болады.
Атыраудың «Атырау» командасы Қазақстан кубогының жартылай финалдық қарымта ойынын өз алаңында, «Мұнайшы» стадионында өткізді. Матч барысының қалай өткені жөнінде жазылды. Біздің айтпағымыз «Мұнайшы» стадионы жөнінде. Қаққан қазығыңа қара алтын жағылатын қазыналы өңір, мұнайлы астанадағы «Мұнайшы» стадионының тозығы жетіп, алаңындағы жасыл желектің де ұсқыны қашып, кетеуі кеткен еді. Осыдан алпыс жыл бұрын салынған стадион УЕФА талаптарына сай келмейтін-ді. Табиғи көгалын да күн күйдіріп, жел сындырып ала-құла, ойқы-шойқы боп жататын.
Биылғы жылдың наурыз айында стадионның алаңына жасанды көгал – газон төсеу жұмыстары басталған болатын. Атырау халқына тамаша сый, орасан тартуды «GAZ stroy montazh KZ» жауапкершілгі шектеулі серіктестігі жасап, межелі мерзімде «Мұнайшы» стадионын жасандырып жіберді.
Қазақстан кубогының жартылай финалдық қарымта кездесуіне тұспа-тұс күрделі жөндеуден өткен стадионның салтанатты ашылуына Атырау облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ринат Ибрагимов, футбол ардагері Қанат Галямов және стадионды күрделі жөндеуден өткізіп берген меценат, «GAZ stroy montazh KZ» ЖШС-нің негізін қалаушы, Атырау облыстық жауынгерлік өнер ассоциациясының директоры Ерлан Табылдиев қатысып, тұсаукесер рәсімін жасады.
УЕФА стандартына сай, барлық талапқа лайықты жаңартылған стадионда өткен «Атырау» мен Шымкенттің «Ордабасы» командалары арасындағы матч 0:0 есебімен бітті. Шымкентте өткен алғашқы ойын 1:1есебімен аяқталғандықтан «Атырау» командасының сырт алаңда соққан голының салмағы басып, финалға жолдама алды.
Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев та ойында стадионнан тамашалап, футболшыларды финалға жолдама алуымен құттықтады.
– Командамызға қолдау көрсетуге жиналған жанкүйерлер атынан, өз атымнан осынау стадионға күрделі жөндеу жұмысын жүргізіп, тамаша тарту жасаған атымтай-жомарт азамат Ерлан Хисметұлына зор алғысымды айтамын. «Атырау» командасының ойыншылары жақсы ойын өрнегін көрсетті. Жанкүйерлердің үлкен қолдауы футболшылардың жігерін жани түскені анық. Қазақстан кубогының финалдық кезеңіне бұған бұған дейін екі рет жетіп, сүріндік. Енді бізге кубок бұйырсын деп тілеймін, – деді облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы.
Стадионға күрделі жөндеу жұмысын жүргізіп, алаңын жаңартып берген Ерлан Табылдиев те футболшыларды құттықтап, сәттілік тіледі.
– Облысымыздың футбол командасы жетістікке жетсе, атыраулықтардың қуанышы екені сөзсіз. Өзіміз бала күнімізден футбол матчтарын қалт жібермей тамашалап, жанкүйер болып келеміз. Атыраулықтарға заманауи үлгіде жөндеуден өткен стадионда футбол тамашалауға орай туғызғанымызды парыз санап, осынау жауапкершілікті арқаладық. Қалаға футбол мерекесі қайта оралса деген тілегіміз орындалғанына қуаныштымыз. Әлемдік талапқа сай күрделі жөндеу жүргізілген стадионда енді футболшыларымыз толайым табыстарымен қуанта берсін, – деді Атырау облыстық жауынгерлік өнер ассоциациясының директоры Ерлан Табылдиев.
Тоғыз мыңға жуық көрермен сиятын стадионда өткен «Атырау» мен «Ордабасы» арасындағы ойынды тамашалауға жиналған қалың көрермен матч соңында жергілікті клуб футболшыларына ерекше құрмет көрсетті.
Қуаныш РАЗАҚ,
АТЫРАУ.