• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    Reuters

    Басқа спортшылардың жеңілісіне біз кінәлі емеспіз — Шайдоровтың жаттықтырушысы (ВИДЕО)

    Спорт журналисі Ақырыс Сейітқазы жас талант Михаил Шайдоровтың мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы атанған кезде оның жаттықтырушысы Алексей Урмановқа видеоқоңырау соғып, әңгімелескен екен. Оны әріптесіміз бүгін Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлады SportPress.kz

    -Милан уақыты  түнге жақындап, бізде түн ортасы болғанда Шайдоровты Олимп шыңына жетелеген бапкер, даңқты спортшы, Олимпиада  чемпионы Алексей Урмановпен видеоқоңырау арқылы тілдестім. Спорт әлеміндегі аңыз адамдардың бірі болғандықтан, қобалжығаным рас. Бірақ ойымдағы сұрақтарды қоя алдым. Қазір видеонұсқасы YouTube арнама шығады. Сіздер үшін ФБ-да қысқа қайырайын деп шештім, — деді ол.

    Енді осы әңгімені біз оқырман назарына ұсынуды жөн көріп отырмыз. Видеосұхбат төменді жарияланып отыр.

    — Желіде Илья Малинин құлап қалған соң ғана Шайдоров алтын медаль алды, жолы болып кетті деген пікірлер көп. Бұған не айтасыз?

    — Біріншіден, шын мықтылардың ғана жолы болады. Екіншіден, басқалардың қалай өнер көрсеткеніне, не істегеніне біз жауапты емеспіз. Олар мұны өздері істеді ғой. Михаил Шайдоров абсолютті түрде,  шынайы күресте 100, 200 емес миллион процент жеңіске жетті.

    — Десе  де, бұл маусым сіздер үшін оңай басталмады. Жаңадан қойылған қысқа бағдарламадан бас тартып, былтырғы «Дюнаны» қайтардыңыздар…

    — Білесіз бе, маусымның ең басты жарысы  — осы Милан мен Кортинадағы Олимпиада ойындары еді. Біз бұл ойында жеңіске жеттік. Біздің басты мақсат – осы ойында сәтті өнер көрсету еді. Ал маусымның басталар шағы не үшін керек? Осындай қателіктерді анықтау үшін керек. Қайсысы жақсы, қайсысы жұмыс істейді, нені қалдырамыз деген сұрақтарға жауап аламыз. Scate America турнирінен соң біз былтырғы «Дюнаны» қайтарамыз деп шештік. Себебі, жаңа бағдарламаны дұрыс сырғанай алмайтынымызды түсіндік. Бұл қалыпты жағдай. Жалғыз Шайдоров емес, көптеген фигуристер бұрынғы бағдарламаға оралып жатады. Бұл  — шығармашылық, бұл – өмір. Бұл шешімге келгеніміз өте дұрыс болды.

    — Наурыз айында мәнерлеп сырғанауан әлем чемпионаты өтеді. Сол сыннан Мишаны көре аламыз ба?

    — Негізі, мен бапкер ретінде биылғы әлем чемпионатына қатысуды жоспарлап отырмын. Әлем біріншілігіне барғанымыз дұрыс деп есептеймін.

    — Олимпиадаға дайындық кезінде қандай да бір қиындық болды ма? Мемлекет көмек көрсетті ме?

    — Көмек жағынан бізде ешқандай проблема болған жоқ. Біздің сұрағанымызды мемлекет 100 емес, 200 пайызға асырып орындап берді. Қолдау жағынан қиындық туындаған жоқ.

    Сұхбаттың толық нұсқасы Ақырыс Сейітқазының YouTube арнасында жарияланды.

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *