Қандай ірі жарысқа барсам да оның 100 метрлік бәсекесіне бас сұқпай кеткен емеспін. Өзім көрген Олимпиадаларымда тап солай. Азия ойындарында тап солай. Бірақ, …нәтиже де тап солай. Ханчжоудағы 100 метрлік жарыстың финалында кім жүгірмеді… Вьетнам қызы да, Таиланд қызы да, Индонезия қызы да, Бахрейн қызы да, Иран қызы да жүгірді Тек қазақ қызы ғана жүгірген жоқ. Тіпті, қазақстандық жеңіл атлет шықпады. Әрине, Қытай қызы жарысты. Бас жүлдені де сол алды.
Жігіттердің 100 метрлік финалында онсыз да түскен ұнжырғам одан ары төмендеді. Жарыс жолына Бахрейннің баласы да, Тай елінің қос баласы да, Индонезияның баласы да, Иранның баласы да, Малайзияның баласы да, әрине, Қытайдың қос баласы да шықты. Қытай ұланы озды. Нәтижесі өте тәуір — 9,94 секунд! Екінші болып бойы бір қарыс Тай елінің баласы келді. Үшінші боп (айтса сенбейсіз!) Малай елінің жүйрігі келді. Біздің елдің желаяғы озып келмек түгіл қатысқан да жоқ! Төртінші боп Иран бозбаласы келді, бесінші — бахрейндік жүйрік, алтыншы — Индонезия спортшысы көмбе сызығын қиды.
Қазақстанда жеңіл атлетиканың ең қысқа қашықтығына жүгіруден тамаша дәстүр бар еді ғой. Сонау XX-ғасырдың 60-жылы Римде өткен Олимпиадалық ойындарда даңқты жерлесіміз Ғұсман Қосанов білдей Кеңес Одағының құрама командасы сапында 4х100 метрге эстафеталық жүгіруде екінші келіп, кеудесіне бүкіл Қазақстан халқы бойынша тұңғыш боп КҮМІС ЖҮЛДЕ тақпап па еді! Одан кейін де Ғұсман Қосанов пен Әмин Тұяқовтар Кеңес Одағын былай қойып сол кезде қатарында болған ЕУРОПАҢА аңыз болып, сол құрылықтың талай рекордын жаңартпап па еді?! Ғұсман, Әмин ағалардың желаяқтық өнердегі даңқы бекер кеткен жоқ болатын. Елімізде кейіннен В. Муравьев бастаған бірнеше атлет Олимпиадаларда атой салды да. Бірақ, өкінішке қарай, екі ағасын тірісінде қуантқан қазақ баласы болмай келеді. Бүгінде Ғұсман ағамыз бақилық болған, тіпті көзі тірі Әмин ағамыздың өзі 80-нен асып, 90-ды бетке алып барады. Содан бері аяғына тас байлап жүгіретін ЖЕЛАЯҚ жайлы ертегі шығарған қазақ халқынан бір желаяқ тумай келе жатыр! БҰЛ ҚАЗАҚ сонда …ЖҮГІРМЕЙТІН БОЛҒАН БА?! Сол жұмсақ төсекке жантайғаны жантайған ба? Ғұсман, Әмин ағаларымыздың спорттағы ұлы жолын жалғар бір ұлдың тумағаны ма сонда?! Әлде туған ұлдарды тауып, таңдап ала алмай жатырмыз ба?!
Олимпиада ойындары болса байқап сөйлер едік. Ал, мына Азия ойындары секілді сында жарыс жолына бір қазақстандық желаяқтың шықпауы бауырдан ұрып, нокаутқа түсіргендей болады екен. Бахрейн, Иран, Индонезия, Тайланд, Малайзия жүйріктері шапқан топқа ілесе алмаған соң біздің елдің жеңіл атлетикасынан не үміт, не қайыр?! Ғұсман, Әмин ағалар әлемдік рекордтарды паршалай бұзып жатқан жылдары бұл елдер жеңіл атлетикадағы жарыс жолы дегенді білмеуші еді ғой. Олар алға, біз артқа кетіп барамыз ба сонда?
Жеңіл атлетика Азия ойындарындағы ең көп медаль үлестіртін спорт түрі. Бұл жолы біз Ханчжоуға 18-ақ спортшы әкелдік. Бұл шынын айтсақ — аз! Тобымызда 524 спортшы болса, медальды көп беретін спортты басты назарда ұстау керек еді. Кеше осы делегациямызды Ханчжоуға шығарып салуға келіп, спортшыларға бата берген Әмин Тұяқов ағамыз іштей өз өнерінің жалғасын таппағанына қиналмады деймісіз?
Бұл ағамызға емес, елге,елдің спортын бастаған ерлеріне сын. Сол ағаларымыз күн сайын ел есінен шығып та бара жатыр. Кешегідей жерге келмесе, Әмин Тұяқов ағамыздың ортамызда тірі жүргенін де білмейтіндер көп. Олардың есімдерін алтын тақтаға қашап жазып қойса да артық емес еді! Айтпайын-ақ дейсің: сол Шығыс Қазақстан облысының құрамында ұзақ тұрған Семейдің түлегі Ғұсман Қосановтың атында спорт сарайы жоқ, бүгінгі чемпиондардың аттары сарай маңдайларына қашап жазылып қойылған… Әмин Тұяқов ағамыздың атында Спорт сарайы тұрса несі артық?! Бұл жас ұрпақты патриотизмге тәрбиелеуге үлесін қосатын ғана жағдай емес пе?!.
…Е, мына Азия ойындарында кезінде қос ағамыз желге де жеткізбеген қашықтықтарда бірде-бір қазақстандық, оның үстіне, қазақ баласы, шықпаған соң күйіп жатқаным ғой! Бұл қазақ жүгірмейтін,жүгіретін бала таппайтын болған ба?! Сұрастырыңыздаршы!!! Айтыңыздаршы!!! Үгіттеңіздерші!!! Жалыныңыздаршы!!!
Тұрсын жұмсақ төсек — диваннан! Жүгірсін! Жүгіретін бала тапсын, таптырсын!
Несіп ЖҮНІСБАЙҰЛЫ, — Ханчжоудан