• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Алматыда Олимпиадаға ізбасарлар дайындайды

    Қазақстаннның қай жерінде жарыс өтпесін, Алматыдағы Қаркен Ахметов атындағы Олипиадаға ізбасарлар дайындайтын арнайы республикалық мамандандырылған мектеп-интернат колледжінің жалынды да дарынды жас спортшылары қатыспай қалған емес. Өйткені, тамыры тереңнен нәр алған бұл спорт мектебінің қабырғасынан елімізге, тіпті әлемге танымал дарабоз саңлақтардың қатары көптеп шыққанын жанкүйер қауым жақсы біледі. Сондықтан да оны таланттарды тәрбиелеп, ұлы дүбірге қосып беріп отырған берекелі ұстахана деп білеміз. Саралай өтсек, 1976 жылғы Монреаль Олимпиадасының чемпионы Анатолий Быков, 1996 жылғы Атланта Олимпиадасың алтын жүлдегері Александр Парыгин, Бейжің Олимпиадасының күміс жүлде иесі Асхат Жіткеев, Рио-де- Жанейро Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлем чемпионы Елдос Сметов, Сочи Олимпиаданың қола жүлдегері Денис Тен, Лондон Олимпиадасында  Ресей құрамасының сапында  күміс медальге ие болған, айтулы Қ.Ахметов мектебінің төл түлегі Софья Великая, әлем чемпионы Жасұлан Қыдырбаев және де қаншама таланттарды елімізе танытқан бапкерлер Виталий Штыхлин, Алексей Атаев, Шора Юмашев, Али Хамхоев, Элдар Әлімжанов, Данияр Өтешов,Жаңабай Оспанов сынды ардақты азматтардың төккен маңдай терлері бекер кетпеді.

    Ел спортына өшпестей із қалдырған жандардың салып кеткен сара жолдарын бүгінгі  Қ.Ахметов атындағы Республикалық арнайы мамандандырылған мектеп-интернаттың Олимпиада ізбасарлары колледжінің жас жеткіншектері абыроймен жалғастырып келеді.

    Жаңа келген 2018 жылдан бері айтулы мектептің дарынды жастары ел біріншіліктерінде де толағай табыстармен бастады. Айталық, қаңтар айында сұлу Көкшенің Бурабай тауының етегінде баскетболдан 2003-2004 жылдарда туған жасөспірімдер арасында өткен Қазақстан чемпионатында Виктор Коньков 1 орынды жеңіп алса, Осман Усманов, Баходир Сайдикаримов, Қазыбек Серікбай  күміс жүлдегер атанған. Ал, Андрей Репалов қола жүлдеге ие болған. Сонымен бірге,  Ақтау қаласында ақпан айында дзюдо күресінен ересек жасөпірімдер арасында жалауын көтерген Қазақстан чемпионатында Аслан Лес пен Бекарыс Садуақас алтын жүлделерді жеңіп алса, күміс медальді Мұхамбет Рахмет мойынына тағып қайтты. Қола жүлделелер  Жансая Аманбаева, Камила Ысқақова, Тілеген Тынырбайға табыс етілді. Еркін күрестен ақпан айының басында Қарғанды қаласында 23 жасқа дейінгі жастар арасында өткен ел біріншілігінде Әлішер Ерғали мен Аяр Кенжеев жүлделі үшінші орынды иеленген.  Ауыр атлетикадан өткен дүбірлі бәсекеде де айтулы мектептің түлектерінің  қанжығалары майланып келеді. Қызылорда қаласында 20 жасқа дейінгі жастар арасында ұйымдастырылған Қазақстан чемпионатында Айнур Әбдіқалықова екінші, Нұрай Қасенәлі қола жүлдені қанағат тұтты. Семсерлесу спорты да бұл метептің таланттары үшін сәтті жылдың басы болып басталды. Дубайда семсерлесуден ақпан айында  өткен халықаралық сында Кирилл Павлов тамаша өнер көрсетіп қола жүлдемен елге оралды.

    Міне, осы аттары аталған дарынды жастардың барлығы дерлік Қ.Ахметов атындағы мектептің өрендері.

    Қ.Ахметов атындағы Республикалық арнайы мамандандырылған мектеп-интернаттың Олимпиадаға ізбасарлар дайындайтын колледжінің бір ерекшілігі – ауыл-аймақтарда талантымен танылып жүрген қаракөз жасөсіпімдердің осы мектептің табалдырығын аттауына  көп мүмкіндіктер қарасытырылыған. Қ.Ахметов атындағы спорт ордасының жастары баскетбол, велоспорт, волейбол, су добы, еркін күрес, ауыр атлетика, жүзу, греко-рим күресі, дзюдо, қазіргі бессайыс, байдарка мен каноэда ескек есу, синхронды жүзу, семсерлесу, жағажай волейболы, көркем гимнастика, спорттық гимнастика, мұзда сырғанау, шайбалы хоккей, теннис, жеңіл атлетика, суға секіру секілді олимпиадалық спорт түрлерімен айналысып, шеберліктерін шыңдайды.

    Қазіргі таңда бұл мектеп түгелдей күрделі жөндеуден өтіп, ерекше заманауи орынға айналып отыр. Оның барлығы басшылыққа тікелей байланысты екендігінде сөз жоқ. Әрине, өткен кезеңдердегі әр жылдарда басшылық тізігін тартқан азматтардың жұмысын жоққа шығаруға болмайды. Дегенмен қазіргі жан-жақты жаңару заманында, технологиялық даму дәуірінде ескі әдетпен, марғау өмір сүру тоқырауға апаратынын уақыт дәлелдеп отыр. Сондықтан да заман ағымына сай қырағы көзді, білікті маман басшылар әрбір мекемеге ауадай қажет. Осы орайда, 2016 жылдың сәуір аталған мекемеге айында Сейілхан Қарақов басшылыққа шақырылған болатын. Тарихы тереңде жатқан спорт мектебінің сыртқы  жұпыны көрінісі мен аянышты халін бәріміз білетінбіз. Осындай олқылықтың орны толтыру жолында жаңадан келген су жаңа директор Сейілқан Бақтығалиұлы бірден іске белсене  кірісіп кетті. Жыл бойы құрылыс жұмыстары көп ұзамай көзге де көрінді. Оқу-әкімшілік корпусы, 300 орындық жатақхана, спорт залы, дзюдо академиясының ғимараты, 25 метрлік 5 жүзу жолдарына бөлінген  хауызы, 100 адам кеңінен отырып тамақтанатын асханалардың  толықтай жаңадан құрылысы жүргізіліп қараса  қызығатын көрініске айналған. Медициналық бөлімшеге қазіргі заманға сай медициналық құрылғылар қойылса, оқу және компьютерлік-лингофондық кабинеттер, кітапхана қоры түгелдей дерлік жаңаша технолгиялармен жабдықталып, талапкер жастардың  біліммен сусындауына айырықша жағдай жасалған. Міне, айта берсе, таусылмайтын толағай табыстарға толы айтулы  спорт мектебінің келешегі кемел екендігіне көз жеткізіп тұрғандай. Жағдай жасалған жерде жетістіктер міндетті түрде келетіні ол  заңдылық аксиома. Жыл басынан бері Қ.Ахметов атындағы Республикалық арнайы мамандандырылған мектеп-интернаттың колледжінде  дәріс алып, спортпен шыңдалып жатқан жас жеткіншектердің алдағы күнге деген арманы  асқақ. Ең биік мақсат ол әрине Олимпиада асуына көтеріліп, еліміздің көк байрағын көктен желбірету екендігі көңіл қуантады.

    Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ

    АЛМАТЫ

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *